Жолдама – қолда, жеңіс – жолда!
Токиода байдарка мен каноэ есуден Олимпиада лицензиясы сарапқа салынған Азия чемпионаты аяқталды. Жарысқа құрлықтың 18 елінен 200-ден астам спортшы қатысты. Дүбірлі сында Түркістан облысының ескекшілері жанкүйерлер сенімін ақтады.
Қазақстан құрамасының атынан он үш спортшы қатысса, оның төртеуі Түркістан облысының өкілдері еді. Су спорты түрлері мектебі мен Жоғары спорт шеберлігі мектебінің өрендері жарыста төрт медаль мен бір Олимпиада лицензиясын жеңіп алды.
Атап айтсақ, 500 метр қашықтықта жұптық сайыста сынға түскен Бекарыс Раматулла алтын медаль мен Олимпиада лицензиясын жеңіп алды. Әйелдер арасында 200 метр қашықтыққа каноэ есуден Ульяна Киселева күміс жүлде алды. Аралас байдарка сайысында (микс) 500 метр қашықтықта Ольга Шмелева мен Артем Терещенко күміс жүлде еншіледі. Әйелдер арасында 500 метр қашықтықта жұптық байдарка есуден Ольга Шмелева қола жүлдегер атанды.
Ал, ел қоржынына академиялық ескек есуден Париж Олимпиадасының алғашқы жолдамасы Оңтүстік Кореяның Чунджу қаласында өткен жарыста түсті. Азия құрлығының лицензиялық жарысында Владислав Яковлев жекелей сында топ жарды.
В.Яковлев 2000 метрге жарысудан үздік атанды. Владислав – Түркістан облысының су спорты түрлері мектебінің өкілі.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.