Зайырлы елде заң үстем

Мемлекет басшысы ұсынған «Заң мен тәртіп» қағидатының негізгі өзегі қауіпсіз қоғам қалыптастыруды көздейді. Бұл ретте құқық қорғау органдары мен прокуратураға үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Оның үстіне, еліміздің рухани астанасы – Түркістанның қылмыстан ада, заңсыздықтан алыс болуын қамтамасыз ету міндетімізді, тіпті, еселей түсті. Қазір облыс прокуратурасы осы үдеден шығуға барынша күш салып келеді. Заңдылықты қадағалау бағытында жүргізілген жұмыстардың нәтижесі де жаман емес.

Атап айтар болсақ, биыл облыстағы криминогендік ахуал 5,7 пайызға төмендеп отыр. Оның ішінде адам өлтіру, денсаулыққа қасақана зиян келтіру, қарақшылық, тонау, жол-көлік саласындағы қылмыстар бұрнағы жылдармен салыстырғанда айтарлықтай азайды. Ел ішінде жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде адам ұрлау дерегі де едәуір төмендеді деуге болады. Бұл қылмыстың негізгі бөлігін қыз алып қашу оқиғалары құрап отыр. Құқықтық мемлекетте қыздарды келісімінсіз алып қашу қылмысқа жатады. Адам ұрлау қылмысынан жалтару үшін қазақы салт-дәстүрге арқа сүйеуге болмайды. Қаншалықты қазақы өңір болсақ та, әр отбасы қыздың қалауын ескеріп, қыздың көз жасына қалмау керегін үнемі ескертіп отыруы тиіс!
Соңғы жылдары адам алдауды кәсіп еткендер де көбейді. Соның салдарынан алаяқтық қылмысы 14,2 пайызға, оның ішінде интернет-алаяқтық 5,8 пайызға өсті. Қанша рет ескерту жасалып жатса да, алаяқтардың арбауына түсетіндер азаймай отыр. Алаяқтар жаңадан велосипед ойлап тауып жатқан жоқ. Бірақ, көпшілік құзырлы органдардың ескертуінен гөрі, алаяқтардың жылтыр сөзіне, орындалмайтын уәдесіне көбірек сенеді.
Айталық, тұрғындарды алаяқтықтан сақтандыру үшін құрамында прокуратура, әкімшілік, полиция, білім беру және басқа да уәкілетті орган өкілдері бар ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Қала, аудан прокуратураларының интернет-парақшаларында құқықтық сауатты арттыратын, алаяқтықтың алдын алуға көмектесетін 80-нен аса мақала жарияланды. Билбордтар ілініп, интернет-алаяқтыққа қарсы арнайы бейнеролик әзірленіп, ол әлеуметтік желілерде кеңінен таратылды. Прокурорлар білім ошақтары мен жоғары оқу орындарында алаяқтыққа қатысты дәріс оқып, келелі басқосулар ұйымдастырды. Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында күмән тудыратын 300-ге жуық жарнама анықталып, бұғатталды.
Ең бастысы, алаяқтық бойынша анықталған қылмыстар ашық талдана бастады. Өйткені, алаяққа алданып, опық жемейінше, азаматтар «мұндай жағдай менің басыма келмейді» деп ойлайды. Қапы қалмас үшін «Тек жүрсең, тоқ жүресің» дегенді тұрғындарға әлі қанша уақыт түсіндіреріміз белгісіз. Мұндай жымысқы әрекеттермен тек көп болып күрескенде ғана нәтиже шығаратынымызды көпшілік ұмытпаса екен дейміз.
Есірткі саудасына байланысты қылмыстың көбеюі де  прокуратураның басты назарында. Есірткі елді аздырып, жастарды өлімге жетелейді. Есірткіні табыс көзіне айналдыру да адамды азғындыққа ұшыратады. Өңірімізде есірткіге қатысты қылмыс 49,5 пайызға көбейіп отыр. Бұл – көпшілікті ойландыратын мәселе. Әрине, пайыздық көрсеткіштің көтерілуі есірткі бизнесіне қарсы күрестің күшеюімен, сонымен бірге, көрші елдерден келетін контрабанданың көбеюімен байланысты. Биылғы 3 айдың өзінде ғана есірткі қылмысына қатысты 50 қылмыстық іс тіркелді. Соған орай, облыстық прокуратура көршілес елдердің құқық қорғау органдарына шекаралық және кедендік қызметтердің жұмысын күшейту жөнінде хат жолдады. Көршілес жатқан екі ел есірткімен бірлесе күрессе, оң нәтиже көп күттірмейді деп ойлаймын.
Бала деген жас құрақ сияқты. Жел қай бағытқа қарай соқса, жас құрақ та солай қарай иіледі. Сол сияқты баланың да дұрыс жолды таңдауы – тәрбиеге байланысты. Сондықтан балаларды түзу жолға салып, кәмелетке толмағандар арасында қылмыстың алдын алу қашан да өзекті. Облыс прокуратурасы бұл бағытта кешенді іс-шараларды жүзеге асырып келеді. Айталық, облыстағы әрбір оқу орнына уәкілетті және прокуратура органының қызметкерлері бекітіліп, олар құқық бұзушылықтың алдын алуда бірігіп жұмыс атқаруда. Жайсыз отбасылардың тізімі түзіліп, балалардың тұрмыс жағдайлары жіті бақылауға алынды. Өгей әкесі немесе шешесімен бірге тұратын балалардың да тізімі жасалып, олардың психологиялық және тұрмыстық жағдайлары қадағалануда. Жасөспірімдер қылмысының алдын алу үшін жасырын сауалнамалар жүргізіліп, кемшіліктерді дер кезінде жоюға ілкімді қадамдар жасалып жатыр. Балалар құқығын түсіндіру мақсатында арнайы дәрістер өткізіліп, БАҚ бетінде танымдық мақалалар жариялануда. Бірлесе жүргізілген осындай жұмыстардың арқасында балалар құқығын қорғауға қатысты негізгі басымдықтар анықталды. Жасөспірімдерді қорқыту және жыныстық құқық бұзушылыққа қатысты деректер прокуратура тарапынан ғана емес, мектеп, ата-ана тарапынан да балаларға жіті бақылау керектігін көрсетіп отыр.
Балаларды заңсыздықтан, теріс тәрбиеден қорғау мақсатында облыс прокуратурасы «Бұзушылыққа тоқтам» атты жоба әзірлеген еді. Аталған жоба арнайы телеграм-боттың көмегімен жүзеге асырылады. Жобаның басты артықшылығы – қоғамды толғандыратын тақырыптарды жіктеп, шиеленіс ошақтарын дер кезінде анықтау. Әрі бұл жобаның нәтижелі, өміршең болуы – мүдделі тараптардың «заңсыздықты жойсақ, балаларды қылмыстан алыс ұстасақ» деген ниетіне байланысты. Өйткені, жоба талабына сай телеграм-бот арқылы кез келген азамат өзі куә болған барлық құқық бұзушылықтар, оның ішінде есірткіні насихаттау, заңсыз жарнамалар, есірткі заттарын қолдану, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық, интернет желісіндегі алаяқтық фактілері немесе күмәнді жарнамалар туралы құзырлы органдарға онлайн хабарлай алады. 
Отандық заңнамада ана мен баланы қорғауға айрықша басымдық берілген. Бүгінгі қоғамда әйелдерге деген қамқорлықтың ауқымы кең. Ең бастысы, осы қамқорлықтың игілігін аналарымыз, қарындастарымыз жете сезінулері керек. Мәселен, облыстағы мемлекеттік қызметшілердің 27,6 пайызы нәзікжандылар, ал, тұрақты жұмыспен қамтылғандардың 44,5 пайызын әйелдер құрайды. Қыз-келіншектер бизнесте де белсенді. Жаңа өмір, тиянақты тірлік жасауға ұмтылған осындай белсенді әйелдер басқаларға да үлгі болуы тиіс. 
Әлемді әдемі ететін де, ұлтты тәрбиелейтін де – әйел. Соған қарамастан, әйелдер бүгінде әлімжеттіктің құрбанына айналып отыр. Зайырлы мемлекетте аналар жыламауы, әйелдер зорлық-зомбылықтың құрбаны болмауы тиіс. Түркістан қаласында тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік қызметтер көрсететін 50 орынды орталық ашылды. Онда өмірден теперіш көрген жандарға жасалған жайлы жағдайдан бөлек, құқықтық, психологиялық және медициналық кеңес беріледі. Былтыр өңірдегі дағдарыс орталықтарынан 210 адам көмек алды. Мұндай жұмыстар биыл да жалғасатын болады. 

Мұрат ТІЛЕУБЕРДИЕВ,
Түркістан облысының прокуроры.
Пікір қалдырыңыз