Ағайынды Момбековтерді ұмытқан жоқсыздар ма?
Қазақ жұрты ел игілігі үшін еңбек еткен ерлерге кенде емес. Әйтсе де, сондай парасатты ұлт перзенттерінің кейбірі халық арасында дұрыс насихатталмай, есімдері ескерусіз қалып жатады. Ал, бұл олқылықтың орнын толтыру күн сайын кітап парақтап, тарихтың тереңіне бойлап жүрген біздердің азаматтық парызымыз болар. Осы ретте, көненің көзі, өткеннің ізі болған Сауран өлкесінде дүниеге келіп, қазаққа бір кісідей қызмет еткен ағалы-інілі Момбековтер жайында аз-кем сөз қозғамақпыз.
Ағайынды Момбековтердің үлкені Маханбет 1929 жылы бұрынғы Түркістан ауданы, 1 мамыр ұжымшарында дүниеге келген. Мектеп бітірген соң әуелі Түркістандағы педагогикалық училищені, одан соң Қызылорда қаласындағы педагогикалық институттың физика-математика факультетінде жоғары білім алған. Еңбек жолында Түркістан, Құшата мен Саурандағы мектептерде математика пәнінің мұғалімі болып жұмыс атқарған. Бір жылдары іскерлігі, табандылығы мен білімділігінің арқасында мектеп басшысы болып та тағайындалған. Осылайша, ұзақ жылдар бойы Саурандағы
Ы.Алтынсарин атындағы мектептің директоры қызметін абыроймен, асқан жауапкершілікпен атқарған.
Маханбет Момбеков – республикалық, облыстық және қалалық деңгейдегі бірнеше марапаттың иегері. Дегенмен, ұстаз еңбегі қашан да шәкірттерінің жетістіктерімен бағаланады емес пе?! Қуанышымызға орай, ардақты ұстаздың еңбегін ақтап жүрген шәкірттері де аз болмаған.
Көзін көргендердің айтуынша, Маханбет ағай ұлағатты ұстаз, отбасының тірегі, саналы ұрпақ өсірген мейірлі әке болған. «Табиғатынан қарапайым, терең білімді, іскерлік қабілетімен дараланған үлкен парасат иесі еді. Осындай адами қасиеттерінің арқасында ағайын-туыс, әріптестері мен дос-жарандарына сыйлы болды» дейді олар.
Отбасы – әр адамның алтын ұясы, келешек өмірге әзірлейтін үлкен өмір мектебі ғой. Бұл ретте Маханбет атамыз адал жары Ұлпия екеуі 4 ұл мен 4 қыз тәрбиелеп, өсірген. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, балдай тәтті немерелер сүйіп, шаңырағы шаттыққа толған. Дегенмен, өмірде бедел мен абыройға ие болған ұлағатты ұстаз, асқар таудай ардақты әке болған Маханбет Момбеков 59 жасында өмірден озды. Артында Ұлпия апа екеуі жеткізген ұл-қыздары, 23 немересі мен 23 шөбересі қалды.
Ал, Рахматулла Момбеков 1932 жылы туған. 1949 жылы Түркістан қаласындағы Ленин атындағы орта мектепті алтын медальмен бітіріп, сол жылы Алматы зоотехникалық мал дәрігерлік институтына оқуға түсіп, 1954 жылы ветеринар дәрігер мамандығын алып шығады. Сол жылы Түркістан ауданында өз мамандығы бойынша МТС-ке аға мал дәрігері болып орналасып, сосын Түркістан аудандық «Межрайбаклаборатория» мекемесінің бастығы қызметін атқарады. 1961 жылы 29 жасында халық депутаттары Түркістан аудандық Кеңесі атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, одан соң ұзақ жылдар бойы Түркістан аудандық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы, 1977 жылдан бастап Алғабас аудандық, 1983 жылдан 1988 жылға дейін халық депутаттары Созақ аудандық Кеңесі атқару комитеттерінің төрағасы болып 18 жыл бойы елге қалтқысыз қызмет еткен. Рахматулла аға жүріс-тұрысы сергек, өмірде ел мен ағайын алдындағы міндетін терең түсінген азамат болыпты. Бұл сөзімізге оның Үкімет тарапынан үш рет алған «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендері мен басқа да түрлі марапаттары айқын дәлел.
Рахматулла аға қасиетті Түркістанның бір азаматы ретінде киелі қаланың, бүкіл ауданның тыныс-тіршілігінің бел ортасында жүріп еңбек етті. Ол кісінің атқарған еңбектері әлі де ел есінен шыға қойған жоқ. Алдағы уақытта да игілікті істерін, ерен еңбегін ұмытпақ емеспіз.
Рахматулла Момбеков зейнеткерлікке шыққаннан кейін ауыр науқасқа ұшырап, оған Алматыдағы А.Н.Сызганов атындағы республикалық хирургия орталығында академик Мұхтар Әлиев ота жасаған. Ал, 1988 жылы 3 қаңтарда жасалған екінші ота кезінде ол кісінің дәм-тұзы таусылыпты. Дегенмен, ағамыздың өзі өлгенімен, сөзі, еңбегі өшкен жоқ. 1990 жылы «Ата жұрт» атты өлеңдер жинағы жарық көрсе, 2018 жылы ол кісі туралы «Түркістанның түлегі» атты естелік кітап баспадан шықты.
«Тау алыстаған сайын биіктей береді» емес пе?! Сол сияқты ағайынды Момбековтердің есімдері жылдар жылжыған сайын жадымызда жаңғырып, жаңара берері сөзсіз. Олардың жарқын бейнелері, елеулі есімдері ұмытылмайды.
Гүлсім Балтабайқызы,
Ескі Сауран ауылының кітапханашысы.