«Келісімшарт бойынша қалыңдық»

Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қалалық сазды драма театрында драматург Асахмат Айларовтың «Келісімшарт бойынша қалыңдық» комедиясы сахналанды. Премьераға облыстық мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев пен театрсүйер қауым қатысты.

Қойылым тапқанын араққа жұмсайтын жалғызбасты еркектің масаң күйде досымен ел президентін үйіне қонаққа шақырамын деп бәстесуімен басталады. Бұл бәстесу телеарнаға шығып кетіп, Ресей президенті шақыруды қабыл алады. Міне, осыдан бастап бас кейіпкердің өмірі күрт өзгереді. Пәтері, тіпті ауласы күрделі жөндеуден өтіп, құрметті қонақты қарсы алуға дайындалады. Жаңарған пәтеріне келісімшарт бойынша жаңа қалыңдық та келеді. Ел басшысын күту жолында лауазымды қызметкерлердің жағымпаздық әрекеттері су бетіне шығып, олардың көздегені тек қызметте өсу екені белгілі болады. Бас кейіпкерге олар жалған бақытты өмірді қолдан жасап береді.
Қойылымнан соң басқарма басшысы Әзімхан Қойлыбаев театр ұжымына шығармашылық табыс тіледі. Сонымен қатар биыл Түркістан қаласында Түркі елдерінің туристік астанасы аясында өткізілетін ауқымды іс-шаралармен таныстырды.
Театрдың көркемдік жетекшісі – Айдар Наурызбаев. Қойылымның режиссері – «Құрмет» орденінің иегері Қуандық Қасымов, суретшісі – Қанат Шериев. Рөлдерді Кәмшат Аштекова, Талғат Қарынбаев, Нұржан Ізтаев, Жасұлан Тұрғанбаев сынды театр әртістері сомдады. 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Пікір қалдырыңыз