Келесі кезең жолдамасы – түркістандықтарда

Бауыржан ЕРМАН, «Оңтүстік Қазақстан».

Түркістанда «Төрлет, Наурыз, төріме» атты республикалық командалық айтыс өтті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтаев жүргізген додада Түркістан мен Жамбыл облыстарының ақындары сынға түсті. Бұл бәйгеде ақындар түре, сүре, қайым айтысқа және қыз бен жігіт айтысына түссе, жыршы-термешілер, дәстүрлі әншілер мен күйшілер де бар шеберліктерін ортаға салды. Ел көлемінде өткізілетін байқаудың талаптары мен шарттары бойынша бірінші айналымға 20 өңірдің командалары қатысып, жекпе-жекте жеңіске жеткен 10 команда екінші кезеңге өтеді. Ал, үшінші айналымға ең көп ұпай жинаған онның төртеуі өтсе, финалдық кезеңге соның екеуі ғана жолдама алады. Олар 2025 жылы Астана қаласында өтетін ақтық сайыста бақ сынайды.


Наурыз мерекесіне арналып өткізілген өнер бәйгесіне облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысып, көпшілікті Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. 

–Төл өнеріміз – айтыс жаңаша форматта қарқын алды. Дәстүрлі ән өнері мен күй, терме жанрларының жаңғыруы – ұлттық өнерге жасалған оң бетбұрыс деп білемін, – деді облыс әкімі. 

Бекарыс Шойбеков бастаған Түркістан облысы командасы Шахмардан Бекарыс­ұлы, Нұрмахан Жақыпбек, Аяз Рүстемов, Аян Ниязбек, Жандос Құлымбетов, Қажымұқан Абзалов, Мағжан Әлтенбаев, Дәурен Ақсақалов пен Руслан Ахимбеков сынды ақындардан құралған. Ал, Жамбыл облысының жампозы Ахметжан Өз­беков бастаған командада Мансұр Ерке­бұлан­ұлы, Дархан Әбдіманат, Бекарыс Көштаев, Асхат Қылышбек, Дидар Басығараев, Қанат Мырзахан, Мерей Әбуева, Алина Айдаралы мен Маралбек Бабақұлов секілді азулы жастар топтасқан.

Айтысқа халық ақыны Әсия Беркенова (қазылар алқасының төрайымы), Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Қосанова, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Секен Тұрысбеков, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бауыржан Бабажанұлы сынды мәдениет және өнер майталмандары әрбір жанр бойынша қазылық жасады. 

Сырлы сахнада сүре айтыс жанры бойынша сынға түскен Нұрмахан Жақыпбек пен Дархан Әбдіманат шымшымалы, қағытпа шумақтарымен көпшіліктің көңілін бір көтеріп алды. Содан соң іргелес жатқан қос өңірдегі өзекті мәселелерді қаузап кеп берді. 

Мәселен, жамбылдық Дархан ақынның: 

– Сайрамның ел мен жұрты жылап отыр, 

Билікке айтып арызын, қолқасын да,

Еге алмай капуста мен картошкасын, 

Себе алмай бидайы мен арпасын да.

Жетісай, Мақтааралда жайылым жоқ, 

Малын да жая алмай жүр, марқасын да.

Екі бөлім басшысы ұсталыпты, 

3,5 млрд. теңге пара қалтасында, – деген уәжіне ешкім «мұның жалған ғой» дей алмады.

Дегенмен, бұл сынға Нұрмаханның да айтары бар екен. Оның: 

– Ол рас, жемқорларды кінәлаңыз,

Жарайды, бұл уәжіңді құп аламыз.

Жемқорлар ұсталса біз қайғырмаймыз, 

Керісінше, шаттанып, қуанамыз.

Кеше де ұсталыпты бір ағамыз,

Ертең де ұсталады бір ағамыз.

Сөйтіп-сөйтіп ақыры Түркістанды

Жемқорлықсыз ел қылып шығарамыз, – деген жауабы ұтымды-ақ шықты. 

Олардан кейін ортаға шыққан түркістандық Аян Ниязбек пен жамбылдық Асхат Қылышбек қайым айтыс жанры бойынша өнерлерін ортаға салды. Бұл жанрдың қиындығы сол – ақындар бір-біріне шабуыл ретінде айтылған шумаққа ұйқасты бұзбай жауап беріп, екінші шумақпен соққы жасауы тиіс. Осы күні тамаша айтыс үлгісін көрсетіп, тең түскен ақындардың мынадай сұрақ-жауаптары ойымызда қалды:

Аян: Асеке, жақсыларға дос болыпсыз,

Өзбеков бастап келген көшке еріпсіз,

Төрткүл дүние таңқалған келбетіне

Төрт қақпалы ордама қош келіпсіз!

Асхат: Төрт қақпалы ордаңа қош келіппіз!

Тұранды түгел түркі сес көріппіз.

Топтасып Түркістанның төңірегінде

Жоңғарлардың жұлынын кескен 

ұлтпыз...


Аян: Бізде бар Шұбайқызыл гүл алқабы,

Сізде бар «шөбі» шүйгін Шу алқабы.

Біздікіне арулар құмартады,

Ал сіздікі кімдерді қуартады?

Асхат: Шу алқабы кімдерді қуантады?

Қоғамда талай жандар құмартады.

Героиндер жайлаған бұл қоғамда

«Шөбімізге» бұл несін кінә артады?


Асхат: Онсызда талай жерлер бос тұр білем,

Бос тұрғанша өссін шөп, өссін кілем.

Қызғалдағың болғаннан пайда бар ма?

Біреуін жұлсаң төлейсің 5 миллион.

Аян: Қызғалдағы тұратын 5 миллион,

Жетпейді Түркістанға еш регион.

Қызғалдағы 5 миллион, ал ойлай бер

Қызының қалыңмалы неше миллион?!


Асхат: Музейдегі ең құнды көп жиһаздан,

Тайқазанды әкелген Эрмитаждан.

Аян, сен Өзбекәлі атаңдай бол,

Мәдениеттің мұрасын кендей қазған.

Аян: Тайқазанды әкелген Эрмитаждан, 

Мәдениеттің мұрасын кендей қазған.

Түркістанның тарихын Жәнібеков,

Орыстың ықпалына көнбей жазған.


Түре айтыс жанрының хас шеберлері – түркістандық Қажымұқан Абзалов пен жамбылдық Қанат Мырзахан да кезек-кезек бір ауыз өлеңмен бір-бірінің тамырын басып көріп, бірдей ұпайға ие болды. Олар да қоғамдық проблемаларды, елді елең еткізген оқиғаларды бір шумаққа сыйдыра білді. Мұны мына өлең шумақтарынан-ақ байқауға болады:

Қажымұқан: Ал, бауырым, қош келдің түре айтысқа,

Айтысу қиын екен бұлай қысқа.

Мен Қажымұқан болғанда, сен Қанатсың,

Сеніңше кім «ұшады» бұл айтыста?

Қанат: Жұқалығы концерттің билетіндей,

Сұлбасы қаңбақ шалдың сюжетіндей,

Арқалы Қажымұқандай алып атың,

Сен өзі қалай жүрсің сүйретілмей,

Кескінің күш атасы Қажымұқанның

Әрі кетсе үш те-төрт суретіндей.

Қажымұқан: Қажымұқанды үш те-төрт

сурет демей,

Әз Наурызда айтсаңшы реттеп ой.

Жақындық атымда бар, затымда бар,

Батырлық суретте емес, жүректе ғой.

«Жемқорларды ұшыр» деп, ұшынба құр,

Антикор жасап жатыр қысым батыл.

Айтыстың сахнасы емес, олар қазір

Акиматтың ішінен ұшып жатыр.

Қанат: Антикор жасағанмен қызметін,

Алайда шабақтар ғой сүзілетін.

Заң деген өрмекшінің торы сынды

Енді-енді күшейтпесе құзіретін.

Әлсіздер түсіп қалса, шырмап алып,

Мықтылар түсіп қалса, үзілетін.

Осынау айтыс кешіне келген көрермен әсіресе жігіт пен қыздың айтысын асыға күтті. Бұл сынға өңір атынан Отырардың отты ұлы Дәурен Ақсақалов түсті. Жамбыл облысының намысын қорғаған мектеп оқушысы, қазақ халқына жиен болып келетін болгар қызы Алина Айдаралы да айтыс деген киелі өнерге жайдан жай келмегендігін аңғартты. 

Өз кезегінде Дәурен: 

Әуелден Әулиеатаның аты мақтан,

Ақындары мергендей жатып атқан.

Жарқырап келеді екен бір жас жұлдыз,

Ұлбике ақын туған атыраптан.

Ағайын, Алинадай ару келді,

Айша бибі жерленген топырақтан. 

17-ші көктемін қаршадай қыз,

Қарсы алып отыр биыл осы жақтан.

Партада отырса да топқа түскен,

Ойпырмай бұл қыз неткен патриот жан?

Жүрек жұтқан жан екен жетекшісі,

Тәуекелдің теңізін кешіп отқан.

Кәмелетке толмаған жас аруды

Айдаһардың аузына тосып отқан.

Отыздағы бойдаққа жұптап қойып, 

Отпен ойнап отыр ғой Ахметжан.

Көктемгі қарлығаштай құсым ең ғой,

Қанатың енді қомдап ұшып ең ғой.

Алина, қош келіпсің Түркістанға,

Көрсетіп топ ақынның ішінен бой.

Жамбылдан қандай сұлу кеп қалар деп,

Мен байқұс бір суып, бір ысып ем ғой.

Қыз бен жігіт айтысы дегеннен соң,

Арнайы өзім сұрап түсіп ем ғой.

Оқушы келетінін кештеу білдім,

Кексе қыз күтіп жүрген кісің ем ғой.

Кішкентай қызға қалай қырыңдаймын,

Амал жоқ, енді мен де кішірем ғой.

Қызып кетіп, артықтау айтып жатсам,

Айтып қой, екпінімді түсірем ғой.

Қиналып бара жатсаң қысылмай-ақ,

«Ағай, ағай» дей салсаң түсінем ғой, 

– дегені сол еді, Алина ару: 

Қызғалдақпын қып-қызыл кітапқа енген,

Сол үшін жүрген дұрыс жырақ менен.

Жаңағы айтқан сөзіңізге

Жауабымды лайықтап құрап көрем.

Жас қызға жақындаудың ебін таппай,

Ұмтылдың бойдақ деген құр атпенен.

Сүтке тойған дәу бұзау сияқтысыз,

Сүзісіп ойнап тұрған лақпенен.

Танытпа ондай бұзық қылық маған,

Мен сенің сөздеріңді ұғып қалам.

Қыздармен айтысқанда негізінде

Жөн болар сақтық жолын ұмытпаған.

Қызықпа малинаны жей салам деп,

Мен сенің тамағыңа тұрып қалам, – деп одан сайын отқа май құйғандай әсер қалдырды. 

Осыдан кейін жігіт пен қыз айтысының негізгі ауаны өзгеріп, әулиеаталық ару Түркістан өңірі мен әз Наурызға деген ізгі тілегін білдірсе, Дәурен ақын қоғамдағы ұстаздардың жанайқайын жырға қосып: 

– ...Оқытушы оқытуға уақыт таппай,

Білімнің көрсеткіші ақсап жатыр.

Тыңдайтын болса егер жоғарыға 

Ұстаздар қақсаудай-ақ қақсап жатыр.

Жақында аты өзгерген министрлік

Атауы өзгергенін растап жатыр.

Ағарту министрі ағартуды

Ұстаздардың шашынан бастап жатыр, – деп, жыл сайын пайдасыз реформа жасалып, ақсап жатқан білім саласын сөзбен түйреп өтті. 

Сонымен қатар, бұл күні Аяз Рүстемов пен Бекарыс Көштаев жыр айтудан, Жандос Құлымбетов пен Дидар Басығараев күй тартудан, Мағжан Әлтенбаев пен Мерей Әбуева дәстүрлі ән шырқаудан және Руслан Ахимбеков пен Маралбек Бабақұлов терме жанры бойынша сынға түсті. Қорытындыда командалық сайыстың екінші кезеңіне Түркістан облысының командасы жолдама алды. Дегенмен, қос командаға бірдей құрмет көрсетіліп, әрбір ақынға 500 мың теңгеден, ал, жыршы, термеші, дәстүрлі әншілер мен күйшілерге 250 мың теңгеден табысталды. Сондай-ақ, жыр додасының қатысушыларына «AMANAT» партиясының арнайы сыйлығы берілді. Айта кету керек, «AMANAT» партиясы мен Түркістан облысы әкімдігі қолдау көрсеткен айтысты облыстық мәдениет және туризм басқармасы мен Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы ұйымдастырған.

Пікір қалдырыңыз