Отырарда Наурыз мейрамы аталып өтті

Наурыз - береке бастауы.

Жақсылықтың жаршысы болған наурыз мейрамы Отырар ауданында кең көлемде аталып өтті. Аудан орталығындағы орталық алаңында құрылған ақшаңқан киіз үйлер мен әсем безендірілген сахна маңына Наурыз тойын тойлауға келген жұртшылықтың қарасы қалың болды.

 

Мерекеге арналған мәдени шараның шымылдығын түріп сахнаға көтерілген күн мен түн барша халыққа ақжарма тілектерін арнады. Көктемнің келгенінен, мерекенің басталғанын сүйіншілеген жаршылардың хабары мен қызыл-жасыл гүлге оранып, күн мен түннің белгілері салтанат құрған театрландырылған қойылым аясында жетпіс жұрттың тілін біліп, жеті қат көктің сыры мен дүние ғалам құпиясын зерттеген астраном ғалым, Отырар топырағында туған әлемге аты әйгілі Әбу Насыр әл-Фарабидің бейнесі сомдалды.

 

Ұлыстың ұлы күнінде аудан тұрғындарын мерекелерімен құттықтаған аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов биылғы айтулы мейрамда салт-дәстүрлерді жаңғыртуға баса мән берілгенін айтты.

 

Аудан басшысы өз сөзінде:

 

«Қадірлі отырарлықтар! Сіздерді көктем мен жаңару  мерекесі - 22 наурыз – Ұлыстың Ұлы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Киелі Отырар өлкесі береке мен бірліктің, еселі еңбек пен елеулі жетістіктердің, тың бастамалар мен толағай табыстарға толы жылдар бедерінде биік тұғырлардан көрініп, ынтымақ пен іргелі істердің алтын ордасына айналып келеді. Мемлекет басшысының саясатын жүзеге асыру мақсатында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сол арқылы аудан экономикасын дамытып, аудан бюджетінің кірістер бөлігін ұлғайтуға жұмыстар жүргізілуде. Аталған жұмыстардың тиісті кезеңдерде іске асуы осы елдің, халықтың бірлігі мен ынтымағының арқасында деп сеніммен айта аламын. Ұлағаты мол осы дәстүрлі мереке әр шаңыраққа ырыс пен құт әкелсін! Ел игілігі үшін еңбек еткен отырарлық қауымның қазаны дәмге, қамбасы дәнге толып, жұртымыз бейбіт де баянды ғұмыр кешсін», - деді.

 

Мерекелік жиында ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуына үлес қосып келе жатқан әр саланың үздіктері 2023 жылдың қорытындысымен жыл үздіктері номинациясымен марапатталды.

 

Мұнан соң мемлекет және қоғам қайраткерлері, Отырар ауданының Құрметті азаматтары Шалатай Мырзахметов пен Әлімжан Құртаевтар да асыға жеткен мерейлі мерекемен жұртшылықты құттықтап, әр шаңыраққа құт-береке, ынтымақ пен бірлік тіледі.

 


Одан әрі мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласып, аудан өнерпаздары жергілікті ақын-сазгерлердің әндерін орындады.

 


Наурыз тойына келген тұрғындар ақшаңқан киіз үйлерді аралап, Наурызкөжеден дәм татып, «Арқан тарту», «Асық ату», «Қазақ күресі», «Қой көтеру», «Ләңгі тебу» секілді ұлттық ойындарды тамашалады.

Пікір қалдырыңыз