Жеке детективке неге үрке қараймыз?

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Осыдан ширек ғасыр бұрын түсірілген «Атаманның ақыры» кинофильмін әлі де көре беруден жалықпаймыз. Өйткені, кинода із кесушінің өмірі, жұмысы, сондай-ақ, мінез-құлықтары шынайы бейнеленеді. Әсіресе, бізді сол кинодағы өз ісіне шын берілген Шадияровтың бейнесі қатты еліктіретін. Содан болар, осы фильмді көрген сайын «Шіркін, бүгінде осы Шадияров секілді ержүрек, білгір ізшілдер бар ма екен?» деген ойлар санамызды шырмап алады. 

Бейресми ақпараттарға сүйенсек, бүгінде елімізде 2000-нан астам жеке детектив жұмыс істейді деген дерек бар. Қазақстанда жеке детективтердің қызметін реттейтін заң болмаған соң, олардың барлығы жасырын түрде жұмыс істейді деуге мәжбүрміз. Заң болмаған соң олардың жұмысына қатысты дербес жауапкершілік те жоқ. 2005 жылы алғаш рет «Детективтер қызметі туралы» заң жобасы әзірленгенімен, ол белгісіз себептерге байланысты Парламенттен өтпей қалды. 2012 жылы Президент Жолдауында осы мәселе тағы көтерілді. Одан бері де бірнеше рет заң жобасын қабылдауға талпыныс болды. Тіпті, 2015 жылы Парламент Мәжілісінің депутаттары «Детективтер қызметі туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қабылдағанымен, сенаторлар қарсы шығып, бұл процедура әрі қарай жалғаспай қалды. Заңның бір қайнауы кем болғандықтан, ақыры сол күйі қабылданбады.
Сол уақытта Әділет министрлігі дайындаған заң жобасына күмәнмен қарағандар аз болмады. Себебі, заңда жеке із кесушілерге салынатын тыйымдар көп еді. Айталық, онда «жеке детективтің қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істермен айналысуына, жол-көлік оқиғасын түбегейлі зерттеуіне, қызметіне байланысты дыбыс жазу, бейнежазба және кино, фототүсірілім жасауына тыйым салынады» делінген. Бірақ, жеке детектив үшін нағыз қажеттіліктер осы емес пе?! Тіпті, арнайы техникалық құралдарды пайдалануға да рұқсат жоқ екен. Технология дамыған заманда арнайы құралдардың көмегінсіз қызмет атқару мүмкін бе? Заңның қабылдануына қарсы топтардың айтар өз уәждері де бар. Өмірлерінің көлеңке тұсы көпке тарап кетуден қорқатындар да аз емес. Тіпті, қызметтегі заңсыз істерінің су бетіне қалқып шығуынан қауіптенетіндер де бар. Біз «қауіптеніп» жүргенде, көрші мемлекеттер із кесушілердің жұмысын заңдастырып, халықтың кәдесіне жаратып жүр.
Бүгінде сағызша созылып келе жатқан «сақалды» құжаттың бойына қайта қан жүгіре бастаған секілді. Көптен бері сөреде шаң басып жатқан құжат жақында Мәжілістің қарауына түсті. Қазір депутаттар мен сарапшылар заңның олқы тұстарын қайта қарау үстінде. Егер аталмыш заң қабылдана қалса, қоғамға қандай пайда әкелмек? Жоқ, әлде, «өз-өзінен қауіптеніп» жүргендердің айтқаны айдай келіп, отбасы мәселесінен әрі аспай қала ма? Бұлай деуге де негіз бар. Себебі, бүгінгі қоғамда жеке із кесушілер жұбайлардың опасыздығын тексереді деген жаңсақ пікір қалыптасқан. Бірақ, олардың қызмет аясы одан да ауқымдырақ екенін айта кеткен жөн. Дамыған елдерде бұл қызмет әділдік таппай сандалған, жақынын жоғалтып, мүлкін қолды еткен адамдардың соңғы үміт ететін жері. Оларға мойнында  жүктемесі көп полицияға қарағанда белгілі бір шаруамен ғана айналысатын із кесушінің қызметіне жүгінген тиімдірек. Кей елдерде олардың қызметіне еркіндік те берілген. Ақпарат жинау үшін түрлі әдістерді қолдануға құқығы бар. Сондықтан олардың қызметіне жеке адамдар да, компаниялар да жүгіне алады. Содан болар, қазір жеке із кесушілер әлемнің көптеген елінде жемісті қызмет етеді. Бастысы, олар арнайы лицензия алып, құпия деректерді, адам құқықтарына қатысты заңдарды сақтау сияқты ортақ талаптарға бағынады. Ал, қызмет құны істің күрделілігіне қарай бағаланады.
Өкінішке қарай, бізде жеке детективтердің қызметі заңдастырылмағандықтан, бұл қызмет түрін адамдар жасырын түрде жүзеге асырып келеді. Ондайлар жарнамасыз-ақ жұмыс істейді. Тіпті, арнайы сайт ашып алғандары бар. Онда халыққа ұсынатын қызмет түрлері де көрсетілген. Мәселен, «фотоға, камераға түсіру арқылы ізге түсу», «ерлі-зайыптылар арасында сенбеушілік, некеден тыс байланыстар», «баланың іс-әрекеттерін бақылау», «алыс ара қашықтықты бақылау» дейтін қызмет түрлері бар. Егер жұбайыңыздың ары таза не таза емес екенін анықтағыңыз келсе, бұл істі жеке із кесуші тап-тұйнақтай атқарып бере алады. Фотоға түсіріп, бейнежазбаға дыбысын жазып, бұлтартпас айғақтарды алдыңызға тартады. Бірақ, мұның кері тұсы да бар. Заңсыз жұмыс істеп отырғандықтан, оларға лицензиялық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерден жалтаруға тура келеді. Тіпті, сапасыз жұмысы үшін клиентінің алдында заңды жауапкершілікке тартылмайды да...
Ішкі істер саласының ардагері Сағидолла Жұматаевтың айтуынша, егер дәл осы заң қабылдана қалса, жеке детективтер тәртіп сақшыларына бәсекелес ретінде жұмыс істейді. Бұл бір жағынан құзырлы органдардың жұмысын ширата түспек. Бүгінде қолында билігі бар құзырлы органдардың кез келген істі сағызша созып жіберетіні жасырын емес. Мұндай жағдайда жеке із кесушілер уақыт оздырмай, барлық дәлелді тергеушінің алдына тосар еді. Оның үстіне, талай жыл ішкі істер органдарында қызмет еткен запастағы офицерлер бүгінде жас зейнеткерлер қатарында. Қырықтан енді асқан тәжірибелі мамандардың көпшілігі қазір күзет қызметінде жүр. Егер заң қабылдана қалса, бойларындағы бұла күштерін қайда жұмсарын білмей жүрген экс-полицейлер осы кәсіп түріне бел шешіп, білек сыбана кірісер еді. Есесіне, салыққа қомақты кіріс түсер еді.
Қазақы танымға салсақ, детектив жалдау, біреудің ішкі өміріне араласу біздің ұғымымызға жат дүние. Детектив тұрмақ, орын алған құқық бұзушылық туралы полицияға арыз айтып баруға мойнымыз жар бермейді. Алайда, қоғамда әділеттілік салтанат құру үшін жеке детективтердің қызметін заңмен реттейтін уақыт келген сияқты. Құқық қорғау органдарына сенім азайған тұста бұл қадамды көпшіліктің қолдайтыны анық. Мемлекет басшысының құқық қорғау саласын реформалау жөніндегі тапсырмасы аясында мұны кешенді жұмыстың бір бағыты ретінде қарастырсақ, бұдан ұтылмасымыз анық.   
Пікір қалдырыңыз