Берлинге билет

Ерболат Айнабеков,
«Оңтүстік Қазақстан».

Алдағы аптада Қазақстан футболы үшін ең бір тағдыршешті ойындардың бірі өтпек. Дәлірек айтсақ, 21 наурыз күні Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатына жолдама алу үшін Афиныда Грекия құрамасымен күш сынасады. Қос құрама Германияда өтетін «қарт құрлықтың» басты додасына берілер жолдамаға таласады.

Қазақстан мен Грекияның Германияда өтетін футбол додасының жолдамасына таласуы алғаш рет емес. Осыдан тұп-тура 20 жыл бұрын Қазақстан мен Грекия құрамалары 2006 жылы Германияда өтетін әлем чемпионатының іріктеу турнирінде бір топқа түскен. Өкінішке қарай, екі ойында да сол кездегі Еуропа чемпиондары гректер жеңіске жеткен. Афиныдағы ойын алаң иелеріне оңайға түссе, Алматыдағы ойында олар жеңіс голын қосымша уақытта ғана сала алған-ды. 
Енді қос құрама ресми турнирде араға 20 жыл салып қайта кездеспек. Бұл жолғы ойын – басқа ойын. Біріншіден, сол кездегі іріктеу турниріндегідей құрамалар ұпай санасып жатпайды, екіншіден, бұл текетірес небәрі бір матчтан тұрады. Ұтқан Еуропа чемпионатына барады, ұтылған қалады. Жеңген команданы тағы бір сынақ күтіп тұр. Жеңгені Грузия–Люксембург жұбының жеңімпазымен Еуропа чемпионатына берілер жалғыз жолдамаға таласады. 
Еуропа чемпионатының топтық турнирінің жеребесі де тартылып қойды. Бұл 4 құраманың арасынан үздік шыққаны Түркия, Португалия, Чехия құрамаларымен бір квартет болады. Түркия демекші, Грекия құрамасының бас бапкері Густаво Пойет түріктермен ойынды асыға күтетінін айтып, сұхбат беріпті. Пойет бапкер өзі баптайтын команданың Еуропа чемпионатына баратынына сенімді секілді.
Біз де Магомед Адиев баптайтын құраманың жолына зор үмітпен қараймыз. «Сары қағазының» көптігіне байланысты бұл ойында құрамаға «Зениттің» қорғаушысы Нұралы Әліп көмектесе алмайды. Қалған ойыншылардың барлығы қазір Біріккен Араб Әмірліктерінде оқу-жаттығу жиынында жүр.
Ал, Грекия құрамасының құрамына келер болсақ, қауіп күтуге тұрарлық ойыншылар баршылық. «Ливерпуль» сапында өнер көрсететін Костас Цимикасты айтпаған күннің өзінде мұнда АПЛ, Бундеслига, А-сериясы секілді ТОП чемпионаттарда доп тебетін футболшылар жеткілікті. Соның ішінде өз елінің чемпионатында ойнайтын Фотис Иоаннидис есімді шабуылшы өзіне ерекше назар аудартады. Ол «Панатинаикос» сапында осы маусымда 21 ойын өткізіп, 12 гол соққан. Тағы 5 рет командаластарының гол салуына жағдай жасап берген екен. Мұхиттың арғы жағында доп тебетін Гиоргос Гиакумакис «Атланта Юнайтед» сапында МЛС-те 32 ойын өткізіп, 19 рет гол салыпты. Одан бөлек нидерландтық «АЗ Алкмаардың» шабуылшысы Вангелис Павлидис осы маусымда 19 рет алаңға шығып, 15 гол салып үлгеріпті. Біздің қорғаушылардың да мазасын алатын дәл осы ойыншылар болмақ.
Қазақстан құрамасы Грекияға қарсы ойынның алдында Түркіменстан құрамасымен жолдастық кездесу өткізді. 

Пікір қалдырыңыз