Берері көп бірлестік

Аман Жайымбетов,
«Оңтүстік Қазақстан».

Білуге, үйренуге құштар балалардың бойындағы өнерін ұштап, дұрыс бағыт-бағдар бере білсек, олардың арасынан елге танымал қайраткерлер шықпайды емес, шығады, әрине. Ал, өнерге, шығармашылыққа ден қойған бала жаман әдеттен бойын барынша аулақ ұстайтыны тағы белгілі. Жалпы, елдің болашағы жарқын болуы үшін жастардың тәрбиесіне көбірек көңіл бөлу керек. Және оған бүкіл  қоғам болып атсалысқан ләзім. 

Келес ауданында жастарды өнер, білімге баулып жүрген қоғамдық бірлестік бар. Құрылғанына таяуда бес жыл толатын Тоқаш Бердияров атындағы әдебиет және өнер бірлестігін Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, бірнеше кітаптың авторы Бердалы Рысбек басқарады.
Таяуда аталған бірлестік өздерінің жұмыс жоспарына сай Ә.Жангелдин атындағы №57 мектепте Бірлік ауылдық округінің жастарымен кездесті. Мектеп директоры Оразбай Дәрменов көпшілікке бүгінгі іс-шараның мазмұнын қысқаша түсіндіріп өткеннен кейін, бірлестік төрағасы Бердалы Рысбек аудандағы өнерлі жастардың шығармашылық жұмыстарына шолу жасап, оларды қолдайтынын жеткізді. «Бүгінгі таңға дейін он шақты ауылда болып, көптеген жастармен кездестік. Байқағанымыз, дарынды жастар барлық ауылда бар. Бірінің өлең жазуға икемі болса, тағы бірі сурет салады дегендей. Тәп-тәуір әндерімен танылып жүргендері де жоқ емес. Біз солардың өнерін одан әрі ұштау үшін кәсіби мамандармен кездестіріп, тырнақалды туындыларының жарыққа шығуына көмектесеміз. Өлеңдері жарыққа шығып, мақалалары газет бетінен көрініп жатса, жас таланттар одан әрі талпына түседі» деді ол. 
Иә, айтса айтқандай, сол күнгі кездесуге де өздерінің тырнақалды туындыларын ала келген оқушылар аз болмады. Атап айтсақ, Ә.Жангелдин    атындағы мектептің 9 «б» сынып оқушысы Мейіржан Болысбектің салған суреттері көрермен тарапынан жоғары бағаланса, тағы бір жас суретші Әділет Оразбайұлының сол күні өнердегі тұсауы кесілді. Аталған мектептің 2 «а» сыныбында оқитын Әділет жастайынан сурет салуды күнделікті дағдысына айналдырыпты. Бүгінде біршама төселіп қалған ол болашақта осы саланы таңдайтынын жеткізді. Оның талабын тани білген ұлағатты ұстаз, ұзақ жыл мектепте сызу пәнінен сабақ берген Сапарәлі Әбдіқадіров сурет салу өнерінің қыр-сырын түсіндіріп, болашағына сәттілік тіледі. Сондай-ақ, өз өлеңдерін оқыған он шақты оқушының арасынан жоғары сынып оқушылары Исман Мәдина, Ұлбике Ералықызы және Шекербек Мерейдің шығармалары лайықты бағаланды. Ал, Жанәділ Асылзат өзінің жап-жақсы күйші екендігін танытты. Мұндағы он саусағынан өнер саулаған оқушыларды шыңдауда «Жас қалам» қабырға газетінің де атқарып отырған рөлі зор екенін айта кетейік. Оның жетекшісі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сәбира Каюпованың айтуынша, өнерлі оқушылардың сабақ үлгерімі де жақсы болады екен. «Өлең жазуға өзім де жастайымнан құмарттым. Осы қызығушылық мәртебелі мамандық – мұғалім болуға жетеледі. Қазір сабақтан тыс уақытта қасыма өнерлі оқушыларды жинап, түрлі шаралар өткіземіз. Жастар арасында өлең-жырға әуестеніп жүргендері көп. Жалпы, шығармашылықпен шұғылдану жастардың танымдық білімін арттырады, көзқарасын қалыптастырады. Үйірмеге қатысып, газет шығаруға атсалысып жүрген оқушылардың бойынан тұлғалық қасиеттерін байқап жүрмін. Олардың сабақ үлгерімі де жақсы» дейді апайы. 
Мектептегі қабырға газетіне тырнақалды туындыларын шығарып, сәл шыңдалған соң аудандық газетке шығуға әрекеттенетін оқушылардың талабын ұштауда Тоқаш Бердияров атындағы әдебиет және өнер бірлестігінің де берері аз емес. Сол күнгі басқосуда бірлестік мүшелері, жергілікті ақындар Жүсіп Жолайұлы мен Нәрікбай Нақыпбеков өздерінің жаңа туындыларын оқушылармен бөліссе, әнші-сазгер Заман Нұрханов пен Келес аудандық әжелер алқасының төрайымы, ұзақ жыл мәдениет саласында жұмыс істеген әнші Әділет Әзімқұлова рухани кешке жиналған көпшілікті өздерінің әсем әндерімен сусындатты. Ал, аталған бірлестіктің хатшысы Бауыржан  Сейделхановтың сөзімен айтқанда, жастардың өнерін шыңдауда берері көп бірлестік осылайша кезекті кездесуін де жоғары деңгейде өткізе білді.
Иә, ендеше, «Ел іші – өнер кеніші» екенін ескеріп, ауыл-елдегі өнерлі өрендерді тауып, талантын шыңдап жүрген бірлестік жұмысына біз де өз тарапымыздан шығармашылық табыстар тілейміз. 

Пікір қалдырыңыз