СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ҚОҒАМ ДАМУЫНА КЕРІ ӘСЕР ЕТЕДІ



Сыбайлас жемқорлық – қоғамдағы ең қауіпті әлеуметтік құбылыстардың бірі. Кез келген дамыған қоғамда жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу маңызды мәселе.

Осы орайда, Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы жиын өткізілді. Жиынға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Түркістан облысы бойынша департаментінің Превенция басқармасы басшысының орынбасары Сәбит Әсілбек және департамент қызметкерлері мен Түркістан облысы білім басқармасының бухгалтерия мамандары қатысты.

Жиынның мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мүлдем төзбеушілік қағидатын, мәдениетін қалыптастыру үшін мемлекеттік қызметкерлер сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарының қатаң сақталуын, басшылық тарапынан берілген заңды тапсырмаларын сапалы орындаумен қатар, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің ашықтығын қамтамасыз ету.

Превенция басқармасы басшысының орынбасары Сәбит Әсетұлы қызметкерлердің өз міндетін заң шеңберінде атқару қажеттігін, қызмет барысында тәртіп пен заңдылықты қатаң сақтауды, кәсіби саладағы мүдделер қақтығысының алдын алу мен әдістері, механизмдері, қақтығыстардың пайда болуы және оларды шешу жолдары туралы айта кетті.

Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға енгізілген өзгешеліктерге тоқталып, мекеме басшыларының қол астындағы қызметкерлеріне сыбайлас жемқорлыққа бой алдырмауға, жасамауға, оның алдын алуға міндетті екендігін жеткізді.

Жиында Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ғалымжан Алматов мемлекеттік қызметкер барлық салада үлгі болып, адалдық принципін ұстануы қажеттігіне тоқталды.

«Заңды сақтаған адам құқық бұзушылыққа жол бермейді. Жемқорлықты жою үшін бүкіл қоғам болып күресуге тиіспіз. Ол үшін әрбір азамат адалдық принципін өзінен бастап, өз міндеттерін әділ орындауы қажет. Сонда ғана біз бұл келеңсіздіктің алдын аламыз», - деді.
Пікір қалдырыңыз