Мектеп – кеме, білім – теңіз...
Мектепті білім айдынындағы үлкен кемеге теңегім келеді. Осы кемеде бала он бір жыл уақытын өткізеді. Бұл кемеде небір дарынды тұлғалар да, әлемді бас идірген ағаларымыз да, сіз де, біз де отырдық.
Бұл мамандықтықтың қызығы мен шыжығы көп екенін өзім ұстаз болып жүріп көз жеткізгендей болдым. Ел ертеңі – ұландардың бойына білім мен өнерді, адамгершілік пен адалдықты, шыншылдық пен қайырымдылықты, рухани байлық пен ұлттық байлықты сіңдіретін, оларды тұлғалы азамат етіп қалыптастыруда зор үлес қосып, мол еңбек ететін де – ұстаздар.
Ұстаз ағып жатқан өзен тәрізді: шөлдеп жүргенді қандырып, терлеп жүргенді сусатады. Айналасына қуат беріп, таудай қиындықтарды тастай домалатып, жер деген әлемді көркейтеді. Жас ұрпақты білім нәрімен сусындатар, шәкірт жүрегіне гүл егер, бала жанының бағбаны – аяулы ұстаздар емес пе?!
«Бала жүрегі кішкентай күйсандық, сол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімнің қолында әр кезде сол кілт тұруы керек» деп Мұхтар Шаханов ағамыз айтқандай, бала бойындағы дарынды ашу кез келген адамның қолынан келе бермейді, ол тек мұғалімнің ғана қолынан келеді деп ойлаймын.
Баланың болмысына ата-анадан кейін ақыл-ой, адамгершілік, әдеп мен ар-ұятты, сана-сезімді сіңдіретін де – ұстаз. Осындай барлық жақсы қасиетті бойына жинаған «Ұстаз» мамандығын таңдағанымды мақтаныш етемін.
Осы тұста, Ұстаздар күнімен барша әріптестерімді, Ш.Уәлиханов орта мектебінің ұстаздар қауымын мерекелерімен құттықтап, шығармашылық табыс тілеймін!
Тәрбиелі де білімді жастарымыз көп болсын!
Айкүміс ТӘҢІРБЕРГЕН,
Ш.Уәлиханов атындағы орта
мектебінің бастауыш сынып мұғалімі.
Маяқұм ауылы,
Отырар ауданы.