Әлеуметтік жәрдемақы һәм жеңілдетілген несие...

Аман Жайымбетов,
«Оңтүстік Қазақстан».

Қазақстанда саудаланып жатқан киім-кешектің екі-ақ пайызы отандық өнім. Ішкі нарықтың 70 пайызына (!) Қытай «қожайындық» етсе, қалған  20 пайызы Түркия мен Ресейдің еншісінде. Ол аз десеңіз, жұмыс күші де, шикізат көзі де бізден әлдеқайда төмен қырғыз елінің өзі бізге тауар импорттап отыр. Бұл дегеніңіз барды ұқсата алмай, бейшара күй кешіп отырудың нақ өзі емес пе?! 

«Семіз сөйлейтін» статистика

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қазақстандықтар азық-түліктен соң осы жеңіл өнеркәсіп өнімдеріне көп қаражат жұмсайды екен. Былтыр бұл өнім нарығының ішкі сыйымдылығы 50 пайызға, яғни 1,5 триллион теңгеге артқан. Яғни сұраныс бар. Бірақ, бұл сұранысты өзіміздің отандық өнімдермен толтырудың орнына біз импортқа иек артамыз. Осылайша қарайған ақша қараптан-қарап шекара асып жатыр. Импорттық тауарларды не үшін таңдаймыз? Өйткені, оның бағасы арзан, әрі таңдау көп. Өз өнімімізді тұтынғымыз-ақ келеді, бірақ, оның бағасы сізді қанағаттандырмайды. Басқалар тиын-тебенге балап отырған тауар бізде неге қолжетімсіз десек, оның да жауабы дайын – шикізат сырттан келетіндіктен өнімнің өзіндік құны қымбатқа түседі. Жасыратыны жоқ, біздегі тігін фабрикалары тендерге қатысып, арнайы киімдер тігу арқылы ғана жан бағып отыр. Егер солардың тауарларын еркін нарыққа шығарсаңыз, сөрелерде сарғайып тұрып-ақ тозып кеткен болар еді. Өйткені, оны қымбатқа алғанша, тұтынушылар арзан тауарды «алыстан арбалағанды» тәуір көреді. 
Ескілікті аңсағанымыз емес, бірақ әділдік үшін айтайық, салыстырмалы түрде алғанда Кеңес өкіметі кезінде жағдай бұдан әлдеқайда дұрыс еді. Айталық, КСРО кезінде ел бюджетінің 25 пайыздан астамын жеңіл өнеркәсіп саласы құраған. Оның өнеркәсіп өндірісі көлеміндегі үлесі 1990 жылы – 15,8 пайыз болса, 2000 жылы – 2,3 пайызға дейін қысқарды. Ал, 2011 жылы небәрі 0,1 пайызға құлдырап кетті. Тағы бір мысал, сексенінші жылдардың ортасында салада екі жүз мыңнан астам адам жұмыс істесе, қазір жиырма мыңға әрең жетеді. Яғни он пайызға түсіп кеткен. Соған қарамастан, біздің статистика тағы да «семіз сөйлеп» жүр. «2022 жылы жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары 178 миллиард теңгеге өнім өндіріп, бір жылдағы құн бойынша өсім 27,1 пайыз болды». Бұл – ресми статистика. Бірақ, мұндай динамика өнеркәсіптің өсуінен емес, әлемдегі бағаның қымбаттау тенденциясынан пайда болғанын ескере бермейміз. Заттай көріністе өндіріс көлемі тек 6 пайызға артқан. Міне, шындықтың құлағы осы жерде қылтияды. Осыған қарап-ақ біздің өнеркәсіп саласы қай деңгейде екенін пайымдай беріңіз. 

Пысықтық емес, масылдық... 

Өндірістік ахуалы осындай елдің адамдары қалай күн көріп жүр? Яғни бар тапқанын сыртқа тасып, өздері сынық ине де шығара алмай отырған мемлекеттің болашағы не болмақ? Жалпы, өмір сүру дағдысы «дайын асқа тік қасықтан» арыға аса алмай отырған елдің әмиянындағы ақша бір күні түгесілмей ме? Жасыратыны жоқ, бұл жағдай соншалықты бейғам болмасақ бізді бір сәтке де тыным таптырмауы керек еді. Ал, біз...
Иә, қазір қоғамда масылдық көңіл-күйдің дендеп кеткені сонша, жолымызда көлденең жатқан шөпті алып тастауға құлқымыз болмай қалды. Бізге бәрін біреу жасап беруі тиіс сияқты көрінеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде елімізде төрт жарым миллионға жуық адамның мемлекеттен əлеуметтік көмек алатынын, бұл шамамен еліміздің əрбір бесінші тұрғыны екенін, тіпті, жəрдемақыны тегін олжа көретін бай-бағландарға дейін оған қол сала бастағанын ашынып айтты. Президенттің бұл пікірі негізсіз емес. Сөзіміз жалаң болмауы үшін тағы да цифрларды сөйлете кетейік. Осыдан үш жыл бұрын елде əлеуметтік көмек алатындардың жалпы саны бүгінгімен салыстырғанда екі есе аз болған екен. Яғни бүгінде төрт жарым мың болса, ол кезде екі мыңға да жетпеген. Бүгінгі жүйе бойынша бел ауыртып жұмыс істегеннен гөрі жұмыссыз ретінде тіркеліп, мемлекетті сауын сиырға айналдырып отыру әлдеқайда тиімді көрінеді. Мұны түсінген көпшілік беттің арын белбеуге түйіп, «диван батырлардың» қатарын көбейтіп жатыр. Айталық, кейінгі сегіз жылда жалақы алатындардың саны кеміп, мемлекеттен жəрдемақы алатындардың саны артқан. Экономикалық зерттеулер институтының мəліметтеріне көз жүгіртсек, 2015 жылы халықтың ақшалай табысының ішіндегі еңбекақының үлесі 80 пайыз болған. Қазір сол үлес 60 пайызға дейін төменгенден. Ал, əлеуметтік трансферт 2015 жылы 16,6 пайыз болған. Қазіргі таңда оның көрсеткіші 25 пайызға дейін көтерілген. Осылайша қазір жалпы санына шаққанда республика халқының 20 пайызына əлеуметтік көмек беріліп отыр. Бұл шығын қанша жерден асты-үсті байлыққа тұнып тұрса да біздің елдің экономикасына ауыр соғары анық. Тіпті, мұндай жүктемені көтеруге анау-мынау мемлекеттің де шамасы жетпейді. Жəрдемақы жəне басқа да  əлеуметтік төлемдерге жыл өткен сайын нарық көшіне ілесіп отыру үшін үстеме қосылатынын ескерсек, көп ұзамай-ақ қалтамыздың түбі көрініп қалуы мүмкін. Ендеше, қайтпек керек? Сарапшылардың пайымдауынша, құрдымға кетіп бара жатқан елді кері қайтару үшін заңға өзгеріс енгізу керек. «Әлеуметтік қолдау арқылы біз халықтың жағдайын жасап отырған сияқты көрінеміз. Бірақ, бұл бағытымыз бізді тығыраққа апарып тірейді. Ең қауіптісі, жұмысқа жарамды адамдар арасында «мемлекет бізді қайткенде де асырау керек» деген түсінік қалыптасып кеткен. Мемлекеттік қолдау – уақытша екенін түсінбейміз. Қазір көптеген отбасы жәрдемақымен күнелтіп отыр. Сегіз баласы бар отбасылар жүз мың теңгеден астам жердемақы алады. Кейбір  көп балалы отбасылар табысының жетпейтінін көлденең тартып, атаулы əлеуметтік көмекті қоса алады. Ол шамамен 150 мың теңгені құрайды. Одан бөлек, жағдайы төмен отбасы ретінде түрлі әлеуметтік көмектер беріледі. Егер жұмыс істеп ақша тапса немесе есігінің алдына бір-екі мал байласа, өз аяғымен келіп жатқан «байлықтан» қағылады. Сол үшін тапқан-таянғанын мал алуға емес, арзан күлкі, арзымас дүниеге жұмсайды. Осыған сүйенген бір үйдің зіңгіттей азаматтары бас ауыртып, балтыр сыздатып  жұмыс істегісі келмейді. Мұны қанша жерден пысықтық деп ақтап алғымыз келсе де, шындығына келгенде бұл пысықтық емес, масылдық. Сондықтан бұл арада масылдық туралы ұғымды Əлеуметтік кодекске енгізу қажет. Заңды қатайту керек» дейді экономист-сарапшы Сақыпжамал Түйетаева. 


Сіресіп қалған жүйеге сенім жоқ

Еңбекпен келген нанның тәтті болатынын біздің ата-бабаларымыздан асырып айтқан ешкім жоқ. Бірақ, біз дана бабаларымызды тыңдамай сорлап жүрген жоқпыз ба?! Шөптің басын сындырмай ақша алатындардың ақыры не болатынын түсіну үшін анау айтқандай ақылды болудың қажеті жоқ. Тек, содан шығудың жолын табу үшін аздап әрекет етсек жетіп жатыр. Әйтпесе, мұндай жəрдемақылар халықты да, мемлекетті де жарытпайды. Оларға жыл сайын үстеме қосып өсіру де халыққа көмек емес. Керісінше, біз əлеуметтік төлемдерді төлеу жолында жұртты небір заңсыз əрекеттерге итермелеп жатырмыз. Сондықтан жəрдемақы төлеп, ол төлемдерді өсіруден бұрын мемлекетті дамытатын бағдарламалар мен ұлттық жобалардың сəтті жүзеге асуына күш салуымыз керек.
Керек деп келе жатқанымызға да біраз уақыт болды. Оны жүзеге асыратын мемлекеттік құрылымдар сіресіп қалған жүйеден шығуға ықылас танытпаса, кімге өкпелейміз? 
Тым әріге бармай-ақ, өзіміздің көрген-баққанымыздың төңірегінде ғана сөз тарқатайық. Қазақ үшін қымбатқа түскен қаңтар оқиғасынан кейін біраз өзгерістерге жол ашылды. Соның бірі – жеңілдетілген несие беретін комиссияның құрамына бейтарап адамдарды тарту. Ұлттық кәсіпкерлікті дамыту жобасы аясында жастарға 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беріле бастады да, комиссия құрамына біз де кірдік. Бұған дейін мұндай жеңілдіктер әділ бөлінбей, жең ұшынан жалғасқан жемқорлар мен оңашада сыбырлап сөйлесетін сыбайластардың еншісінде кетіп жатқаны ел ішінде жиі айтылатын. Сондай қитұрқылыққа жол бермеу үшін бірінші күні комиссия мүшелері өзара сөз байласып, әділдіктен аттамауға анттасқандай болдық. Сенесіз бе, алғашқы отырыста үміткерлердің жартысынан астамы мұрттай ұшты. Себебі, жеңілдетілген несие алуға үмітті жастардың басым бөлігі жобаны өздері жасамаған. Тіпті, бір қолдан шыққаны сонша, құжаттағы қателер де бірдей. Жобаны өздері жасап, оны үміткерлерге пұлдап отырған мүдделі топтың жолын кесу үшін біз де тәртіпті барынша күшейтіп бақтық. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қызметкерлері бөлінген ақша игерілмей қалатынын айтып шырылдады. Біз бұл жолы игерілмесе де, келесі жолы бір ізге түсетінін, ақша шын мәнінде де кәсіп бастауға икемді адамдарға берілуі үшін осындай қадамдарға бару қажет екенін айтып, түсіндіре алмадық. Содан әділетсіз комиссияның құрамында өз-өзімізді алдап, алтын уақытымызды зая еткенше басқа бір өнімді тірлікпен айналысайық деген ұстаныммен комиссия құрамынан өз еркімізбен шығып кеттік. Жаңа Қазақстанның доңғалағы осындай- осындай себептермен тағы да ескі сүрлеуге түсіп жүре берді. Одан кейінгісі айтпаса да түсінікті. Тек, алғашқы отырысқа келіп, қатал комиссияның «қаһарынан» баудай түскен үміткерлерден обал болды. 


Мәлімет беруге неге құлықсыз?

Мемлекеттің мақсаты – жеңілдетілген несие беру арқылы еліміздегі шағын және орта бизнесті өркендету. Осылайша жұмыссыздар санын азайту. Яғни ынталы адамға жұмыс істеуіне мүмкіндік жасау арқылы масылдықтан арылту. Бұл мақсат қаншалықты жүзеге асты? Осы сұрақ мазалаған біз сол кезде несие алып, бизнес бастаған үміткерлердің тізімін сұратып, аталған басқармаға сұрау салдық. Жауап кешеуілдей берген соң басқарма басшысы Әсия Темірбаеваның өзімен байланысып, мән-жайды түсіндірдік. Алайда, басқарма басшысынан да мардымды жауап болмады: «Жас кәсіпкерлердің телефондары құпия сақталады». Мемлекет тарапынан берілген мүмкіндікті пайдаланып, өз бизнесін бастаған жастарды газетке шығарып, былайғы елге үлгі етуге мүдделі болудың орнына оларды барынша бүркемелеп, «ішкі кухнясына» араластырмауға әрекет жасап баққан басқарманың бұл әрекетін қалай түсінеміз? Әлде, олар қандай да бір «құпияның» жария болып кетуінен қорқа ма? Әлі де кеш емес, егер бөлінген ақша өз мақсатына жұмсалып, одан нәтиже болып жатса, оны көрсетуге тиісті басқарма да мүдделі болады деген сенімдеміз. 
Қысқасы, отандық өндірісті өркендету үшін жасалып жатқан жұмыстар аз емес. Бірақ, нәтижесі көңіл көншітпейді. Себебін бүгін біршама сөз еткен болдық. Осы айтылған олқылықтардың орнын толтырсақ, бәлкім, алға басқан қадамымыз артқа кетпей, көп ұзамай нәтижесі де көрініп қалар. Өйтпесек, қырға сүйреген арбамыз тағы да ылдидан табылып жатпасына кім кепіл?!   

Пікір қалдырыңыз