Ұстаз – қоғамның алтын діңгегі

Қымбатты ұстаздар!
Түркістан облысының білім басқармасы мен «Түркістан облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі атынан Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз!
Ұстаз – қоғамның алтын діңгегі, адамзаттың шамшырағы. Олар арқылы ұрпақтың дүниетанымы, өмірге деген көзқарасы қалыптасады. Кешегі буын өкілдерінің рухани тұрғыда бай, ұлттық құндылықтарға берік болуы әліппе жаттатқызып, қолға қалам ұстатқан ұлағатты ұстаздарымыздың еңбегі. Ендеше, ұрпағымыздың ертең қандай адам болмағы мұғалімдердің бүгінгі еңбегіне байланысты.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Мұғалімдердің біліктілігін арттыруға және әлеуметтік мәртебесін көтеруге көңіл бөлген абзал. Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады» деп білім саласын дамытуға, оқыту сапасын арттыруға ерекше назар аударды. Бұл – Президенттің білім саласына және оның қызметкерлеріне деген жанашырлығы.
Бүгінгі таңда «Педагог мәртебесі туралы» заң аясында мұғалім мәртебесін көтеру, оқыту мен тәрбие жұмысын жетілдіре түсуге жағдай жасау және өзге де мәселелерді заң шеңберінде шешу жөнінде көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. 
Облыстық білім басқармасы мен облыстық кәсіподақ комитеті әлеуметтік әріптестер ретінде білім саласы қызметкерлеріне тиісті еңбек жағдайын жасауға, әлеуметтік және құқықтық жағынан қорғаудың қажетті деңгейін қамтамасыз етуге, әлеуметтік әріптестікті дамытуға бағытталған жұмыстарды бірлесе атқарып келеді. Бұл мұғалімнің кәсіби шеберлігін дамытуға, әлеуметтік жағынан қорғауды арттыруға ықпал етері сөзсіз.
Бүгінгі ұстаздар оқушылардың сапалы білім алуына, олардың заман талабына сай жан-жақты болуына бар күш-жігерлерін жұмсап келеді. Сондықтан білімді ұрпақ тәбиелеудің жолында жүрген ұстаздар қауымына деген құрмет еселене бермек. Мемлекеттің ертеңі де ұлағатты ұстаздың тәлім-тәрбиесімен айшықталмақ.
Құрметті ұстаздар мен білім саласының ардагерлері!
Сіздерді тағы да кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймыз! Отбасыларыңыз аман, мәртебелеріңіз биік, ұстаздық еңбектеріңіз жемісті болсын. Қоғам алдындағы абыройлы істеріңізге табыс тілейміз!

Ізгі тілекпен,
Ж.МАХАНБЕТОВ, 
облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы.
Б.ЕРКІНБЕК, 
облыстық кәсіподақ комитетінің төрағасы.

Пікір қалдырыңыз