Өткен күндердің өнегесінен сыр шертті
Нұрлан КЕНЖЕҒҰЛОВ,
«Оңтүстік Қазақстан».
Өткен сәрсенбі күні Қазақстанның құрметті журналисі, редакция ардагері Исақ Әубәкіров пен «Оңтүстік Қазақстанда» талай жыл аға корректор болып тер төккен Қатша Әшірбекова апамыз қарашаңырақта қонақта болып, ізбасарларымен жүздесті.
Исақ Әбубәкіров пен Қатша Әшірбекова редакция қабырғасында өткен еңбек жолдарынан сыр шертіп, жас журналистерді біраз мағлұматқа қанықтырды. Редакция басшысы Абай Балажан кезінде осында корректорлық жұмыстың дәмін татып, сол кезде жұмыс істеген аға-апаларының арқасында бұл саланың қыры мен сырына қаныққанын әңгімеледі. Расында да кешегі кеңес заманында аптасына бес рет шығатын газеттің ең соңғы нүктесі қорғасын әріптермен өрнектеліп, корректорлардың қатал «сынынан» өтіп барып қойылатынын аға буын журналистер жақсы біледі.
Исақ ағамыздың айтуынша, 1968 жылы редакция есігін ашқан жас жігіттің еңбек жолы осы корректорлық жұмыстан басталған екен.
– 1968-69 жылдары қатты қыс болып, линотипте қорғасын қатып қалып жатты. Ал, біздің жұмысымыз тікелей соған байланысты. Жаңадан келген кезім. Газет шықпай қалса, нағыз «ЧП» сонда болады. Сол кезде қатты қобалжығаным есімнен кетпейді. Бес жылға жуық корректорлық қызметте жүріп, хат-хабардың, мақаланың қалай жазылатынын зерттеп, зерделеп, тәп-тәуір журналист болып шықтық. Содан кейін редакцияға ауыстық. Мені «данышпан» деген бөлімге жіберді. Бөлім меңгерушісі Уәлихан Темірбеков ағамызды замандастары «данышпан» деп атап кеткендіктен, ол кісі басқаратын еңбекші хаттары бөлімін де солай деп атайды екен. Бөлімнің негізгі жұмысы еңбекші хаттары мен редакцияға түскен арыз-шағымдарды тексеруден тұрады. Күніне жоқ дегенде 30-40 хат түседі. Соны ретіне қарай өзге бөлімдерге таратамыз, – деген Исақ аға сол кездегі жұмыстың жауапкершілігін, басшылардың талапшылдығын сөз етті. Бас редактор Әмірсейіт Әлиев, оның бірінші орынбасары Өскенбай Әмзеев, жауапты хатшы Байдулла Қонысбеков, оның орынбасары Жолдас Ақбердиев ағалардың кей күндері түнгі сағат 3-4-терге дейін жұмыс істейтін сәттерін еске салды. Өйткені, ол кезде телетайптан түскен ресми материалдарды Алматы мен Мәскеу рұқсат бермейінше жариялауға болмайтын.
Ел егемендігін алған жылдары Исақ ағамыз облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының «Ауыл» газетін шығарды. Араға біраз жылдар салып «Оңтүстікке» қайта оралды. Осында бас редактордың бірінші орынбасары, редакция меңгерушісі қызметтерін атқарып, құрметті еңбек демалысына шықты.
Ал, Қатша апамыздың корректорлық өмір жолы мұғалімдіктен басталған екен. Қазақ тілінің маманына оңтүстікке келін болып түскеннен кейін облыстық газеттің корректорлық қызметі бұйырыпты. Газетті қатесіз шығару – аса жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Жас қыздың тіл маманы екенін білген Бас редактор Әбекең қызметке қабылдауға қуана келіседі. Бет қарасушы, аға корректор сатыларынан өткен Қатша апамыз 1967 жылы газеттің 10 мыңыншы басылымын, 1984 жылы басылымның 60 жылдық торқалы тойын тамаша еңбек жетістіктерімен қарсы алды. 1967 жылы корректорлар бюросында Нұрбосын Байбосынов, Айнықша Найымбекова, Рузия Рахметова, Қатша Әшірбекова және Кәрекең, Кәрім Үкібаев қызмет еткен. Олардың суреті кейін тасқа басылып, мерекелік нөмірде жарияланған.
– Біздің корректорлар өте жоғары көңіл-күйде жұмыс істейтін, әзіл-қалжыңымыз жараса жүріп, газетті қатесіз шығаруға тырысатынбыз. Кейін қатарымызға Қалампыр, Қарлығаш, Жібек, Гүлби, Жадыра есімді қыздар келіп қосылды. Әрқайсысының өзіндік мінез-ерекшеліктеріне қарап ат қоятынбыз. Бәрі де газеттің сапалы, әр нөмірі сәтті шығуына айтарлықтай үлес қосты, – дейді Қатша Әшірбекова апамыз өткенді еске алып.
Редакция ұжымы бір сәтке уақыт бөліп, аз-кем әңгімелерімен бөліскен ардагер аға-апаларымызға бір шексіз ризашылықтарын білдірді. «Алда үлкен той, сонда амандықпен жүздескенше!» деп алғысымызды айтып қоштастық.