Қылмыс азайғанымен, істейтін жұмыс көп

Бауыржан ЕРМАН,
«Оңтүстік Қазақстан».

Облыстық полиция департаментіне қарасты криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Ердәулет Амантаевтың айтуынша, облыста криминогендік ахуал жақсарып, қылмыс саны едәуір кеміген. Атап айтқанда, 2022 жылы облыста 5572 криминалдық құқықбұзушылық тіркелсе, былтыр бұл көрсеткіш 5074-ті құрап, қылмыс саны 8,9 пайызға азайған. Бұл бағыттағы жұмыстар биылғы «Профилактика жылы» аясында одан әрі жандана түспек. 
                   
ҚР Ішкі істер министрлігінің «Мүлікті қорғау жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған бағдарламасы» бар. Бағдарлама аясында ұрлық, мал ұрлығы қылмыстарының алдын алу мақсатында ауқымды жұмыстардың атқарылғанын айта кеткен жөн. Мәселен, былтыр облыс аумағында 5074 қылмыс тіркелсе, оның 920-сы немесе 18,1 пайызы ұрлыққа қатысты. Бұл 2022 жылғы көрсеткішке қарағанда 34,3 пайызға төмен деген сөз. Ұрлық қылмысының 647-сі ашылып, бұл көрсеткіші 70,3 пайызға жетті. Тәртіп сақшылары 57 күдіктіден құралған 27 қылмыстық топтың жүзден астам қылмысқа қатысы бар екенін дәлелдеп, қылмыстық жауапкершілікке тартқанын да атап өту қажет. Сонымен қатар былтыр өңірде 279 пәтер ұрлығы тіркеліп, ол алдыңғы жылдың көрсеткішімен  салыстырғанда 44,7 пайызға төмендеген. Ал, жедел іздестіру жұмыстарының нәтижесінде 38 күдіктіден тұратын 15 қылмыстық топ құрықталып, олардың 55-інің пәтер ұрлығына қатыстылығы анықталған. 
– Түркістан облысы – ауыл шаруашылығы  саласы дамыған өңірлердің бірі. Оның ішінде мал шаруашылығының орны ерекше. Әрине, мал жүрген жерде, ұрлықтың да қоса жүретіні анық. Мәселен, былтыр мал ұрлығына қатысты 206 қылмыстың 115-і ашылып, қолды болған 1470 малдың 610-ы иелеріне қайтарылған. Осы ретте соңғы бес жылда мал ұрлығының төмендеп келе жатқанын да атап өту керек. Десе де, өткен жылы жедел іс-шаралардың нәтижесінде 49 адамнан тұратын 21 қылмыстық топ құрықталып, олардың 90 мал ұрлығына қатыстылығы дәлелденді. Талдау барысында қараусыз жайылып жүретін төрт түліктің жиі ұрланатыны анықталып отыр, – дейді Ердәулет Дарханұлы.
Бұдан өзге, өңірде интернет-алаяқтық бойынша 567 іс тіркеліп, оның 219-ы сотқа жолданған. Осы орайда алаяқтарды құрықтау жөнінен Түркістан облысы республикада алдыңғы қатарда екенін айта кеткен ләзім.
Пікір қалдырыңыз