Туған жерді жырлаудан бір танбады

Жалпы, көптеген қаламгерлердің жазушылық жолы журналистикадан басталатыны мәлім. Оларды саусақпен санап шығу мүмкін емес. Сол секілді жерлесіміз Тұрабай Мырзахметовтің де жазушылық жолы журналистикадан басталған. Ол кісі көпшілікке әуелі жазушы ретінде емес, журналист ретінде танылған, осы салада ұзақ жыл қызмет атқарған. 

Т.Мырзахметов 1922 жылы Түркістан қаласының маңындағы Шорнақ ауылында дүниеге келген. 1939 жылы Шорнақтағы жетіжылдық мектепті бітірген соң, Түркістан қаласындағы педагогикалық училищеге оқуға түседі. Аудандық партия комитетінде техникалық хатшы, аудандық партия комитеті бірінші хатшысының көмекшісі, аудандық «Стахановшы колхозшылар», «Социалистік еңбек», «Қызыл Түркістан», «Коммунистік еңбек», «Коммунистік мехнат» газеттерінің редакторы, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жауапты хатшысы болып жұмыс істеген. 
Республикалық жоғары партия мектебінде, КОКП Орталық Комитетінің Жоғары партия мектебінде білім алған. 
Тұрабай аға зейнетке шықса да тыным көрмей, қалалық байланыс торабында кадрлар бөлімінің бастығы, қалалық «Қазақ тілі» қоғамының жауапты хатшысы қызметтерін абыроймен атқарды.
Кеңес Одағының Батырлары Құрбанбай Ырысбеков, Расул Есетов жайлы жазған дүниелері кітап болып басылды. Бұл кітаптарда Отан үшін от кешкен қаһарман батырлардың соғыстағы жанқияр ерліктері тамаша бейнеленіп, оқырманға жеңіл де кестелі тілмен жеткізілген. Бұл дегеніңіз – жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге қосылған үлкен үлес болып саналады. Бұл еңбектердің барлығы бір адамның саналы ғұмыры үшін аз бейнет емес.
Еңбегінің жемісі ретінде «Республикаға еңбегі сіңген мәдениет қызметкері» деген атаққа ие болған. «КОКП-ға – 50 жыл», «Ерекше еңбегі үшін», «Лениннің туғанына – 100 жыл», «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қажырлы еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Түркістан қаласының құрметті азаматы.
Отбасында 3 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірген ардақты әке, олардан немере, шөбере сүйген.
Қиындығы мен қызығы, жақсысы мен жаманы аралас екі ғасырдың, әртүрлі формацияда қалыптасқан екі дәуірдің куәсі болған, көрнекті қаламгер, білікті басшы Тұрабай Мырзахметов 2006 жылы 5 маусым күні өмірден озды.
2022 жылы Т.Мырзахметовтің 100 жылдық мерейтойына орай Саттар Ерубаев музейінің «Түркістаннан шыққан танымал тұлғалар» бөлімінің экспозициясы Тұрабай аға жайлы мәтіндік мәліметтермен толықты. 

Айнұр ЕСМЫРЗАЕВА,
 Саттар Ерубаев атындағы музейдің қызметкері.
Пікір қалдырыңыз