Созақ көтерілісі және Мұхамеджан Рүстемов

Бұл мақаланың жазылуына соңғы кезде Шымкент қаласының орталық саябағында орналасқан  1930 жылы Созақ көтерілісіне қатысқан кедей шаруаларды қынадай қырған Қызыл Армия жауынгерлерінің ескерткішін алып, басқа зиратқа орналастыру туралы бастаманың жаңаша сипат алуы себеп болып еді. Бұл – қазақ тарихындағы ақтаңдақ болып саналатын көкейтесті мәселенің әлдеқашан шешімін табуы тиіс екені туралы соңғы қырық жылдан бері көтеріліп келе жатқанын, еліміз тәуелсіздік алғалы қарқын алып кеткенін айтуға тиіспіз. Созақ көтерілісінің әділетті тарихи бағасын алуы туралы ұзақ жылдар баспасөз беттерінде жарық көрген мақалалар, оның ішінде сол қасиетті Созақ топырағынан шыққан қаламгер әкелерім мен ағаларымның жанайқайын ұмытпаймын. Созақта туып-өскен шежіреші қаламгерлер Есіркеп Өмірбеков, Сүлеймен Тәбірізов, Дулат Тұрантегі, өзге де азаматтар ұзақ жылдар бойы бұл тақырыпты егжей-тегжейлі жазумен болды. Бұл азаматтардың жазған кітаптары мен баспасөз беттерінде жарияланған мақалалары асыл қазына ретінде жеке мұрағатымда сақтаулы тұр. Сол алдыңғы буын  намысқой ағаларымның ізімен өзім де бұл тақырыпқа қалам тербеп, ұзақ жыл Созақ ауданында журналистік қызмет атқарған кезімде отызыншы жылдың қанды оқиғасына араласқан, азабын тартқан шерменде көңіл азаматтардың бейне және үнтаспаларын жазып алып, әуелі мақаладан басталған дүниелер біртіндеп деректі повеске («Созақ көтерілісі», 2003 жыл), кейіннен 2007 жылы мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген «Созақ қасіреті» тарихи романыма ұласты. Кезінде кездесіп, тілдескен сол шерменде көңіл асыл азаматтар бұл жарық дүниеден өтіп те кетті. Созақ көтерілісі қатпары терең, жүгі ауыр,  жүз қаламгерге жүк болар тақырып. Демек, ол алдағы кезде де зерттеле береді.
Көне Созаққа бұрын да талай ат ізін салып жүрген шымкенттік ұлтжанды азамат, тарихшы, сазгер Мұхамеджан Рүстемов ағамыздың 1990 жылдың мамыр айында ауылға келуі жұртшылық есінде сақталып қалған оқиға болды. Сол кездегі саясаттың, бірыңғай жүйенің көбесі әлі сөгілмей тұрған шақта ержүрек азамат үлкен бастама көтерді.  Ұзақ жыл халық санасында беріш болып қатқан, жұртшылықтың көкейінде тұншыққан шындыққа – 1930 жылғы Созақ  көтерілісіне әділетті баға беру туралы мәселе қозғады. Сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Досыбай Шерімқұловқа арнайы кіріп, өз ойын жеткізгенде  аудан басшысы да орынды мәселеге қолдау  көрсетті. Мамырдың жиырма төртінші жұлдызында аудандық партия комитетінің мәжіліс залында Созақ аудандық тарихи-ағарту ерікті «Әділет» қоғамының алғашқы басқарма жиналысы өтті. Оның жұмысына қоғамның басқарма мүшелері, ауданның соғыс және еңбек ардагерлері, өзге де жұртшылық өкілдері қатысты. Жиынның күн тәртібіне бір-ақ мәселе – 1930 жылғы Созақ көтерілісіне әділетті тұрғыдан баға беру мәселесі шығарылды. Бұл жиынға Мұхаңның қасына еріп келген облыстық ерікті тарихи-ағарту «Әділет» қоғамы төрағасының орынбасары Қазәлі Әлібеков, Созақ аудандық «Әділет» қоғамының төрағасы Дулат Тұрантегі басшылық жасады. Әуелі Мұхамеджан Рүстемов бұл басқосудың мақсаты, әңгіме болғалы отырған мәселенің толғағы жеткен өзектілігі, кейінгі ұрпаққа әділеттілік тұрғыдан ақиқат сөзін қалдыру туралы егжей-тегжейлі әңгімелеп берді. Мұхаңның сөзі ауызекі жалаңқай сөз  емес, нақтылы архивтік құжаттар мен деректерге сүйенгендіктен нанымды шықты. Ұзақ жыл облыстық партия архивінде қызмет атқарып, шындықты бүркемелеген нешеме сорақы деректерге қаныққан, көзі ашық, көкірегі ояу азамат елдің ұзақ жыл айта алмай келген, іштерінде тұншығып жатқан шындықты бүркемелеген қара пердені сілкіп тастағандай болды. Халықтың басындағы қасірет туралы көнекөз қариялардың ой-пікірін білгісі келетінін, көп болып талқылап, ортақ мақсатқа тоқтап, шешім шығару керек екенін айтты. Шындық, ақиқат сөздің тығыны ағытылған соң қарттар мінбеге кезек-кезек көтеріліп, ұзақ уақыт  көкейлерінде беріш болып қатқан мұң-шерлерін ортаға  ақтарып жатты. Сол жиынға қатысып, шындықтың бетін ашып, үлкен мінбеден сөз сөйлеген қарттардың көбі бұл күнде жарық дүниеде жоқ. Көтеріліс тауқыметін басынан өткерген, көңілі қобалжып сөз сөйлеген Сейділда Мұстафаев, Шама Отыншиев, Дәуіті Әділов  ұзақ уақыт зарықтырып жеткен ақиқат астарының ашылғанына ризашылықтарын білдірді. Сол жиында көкейіне өксік кептеліп, көзіне жас алған қарттарды да көрдік.
Созақ аудандық тарихи-ағарту ерікті «Әділет» қоғамының басқарма жиыны аудан өмірі үшін тарихи маңызы зор қаулы қабылдады.
 «1930 жылы ақпанда Созақ ауданында болған халық қозғалысына «алашордашылардың, байлар мен ишандардың басшылығымен Кеңес өкіметіне қарсы ұйымдастырылған контрреволюциялық қарулы көтеріліс» деп берілген баға әділетсіз, нақақтан қазақ халқына жабылған жала деп есептеліп, ол келешекте тарихи кұжаттарда Голощекиннің Қазақстан ауылдарында өткізілген «Кіші Октябрь» саясатының нәтижесінде елге жасалған озбырлық пен зорлық-зомбылықтан, қиянат пен аштықтан шыққан ашынған халықтың қозғалысы деп тұжырымдалсын.
Бұл шешім Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне мәлімделіп, кезінде Созақ көтерілісіне берілген саяси, ресми тұжырым қайта қаралып, әділеттілік тұрғыдан баға алуы сұралсын. Сондай-ақ, көтерілістен соң қылмыстық істер қозғалып, жазықсыз сотталған азаматтардың қылмыстық істерін қайта қарауды Қазақстанның Жоғарғы сотына, республика прокуратурасына, Қазақстан қауіпсіздік комитетіне тапсыру сұралсын.
Облыстық тарихи-ағарту «Әділет» қоғамы бұл іске мұрындық болып, әділетті шешімнің жүзеге асырылуына атсалысуы сұралсын».
Міне, қаулы мәтіні осындай еді.
Мұхамеджан Рүстемов одан кейін де елдегі көнекөз қариялармен сөйлесіп, олардың ой-пікірлерін тыңдап, көп жайтты көкейіне түйді. Бұл тақырыптағы жинақталған деректер мен ой-толғамдарын 1993 жылы Шымкент қаласынан кітап етіп шығарып, облыс оқырмандарына таратты.
1997 жыл – Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы деп белгіленген еді. Сол жылы Созақ көтерілісі туралы телетуынды түсіру барысында Мұхамеджан Рүстемов ағаны Шымкенттегі үйіне арнайы іздеп келіп, жолыққан едім. Адамға жаттығы жоқ ағамыз қандай мақсатпен келгенімді білгеннен кейін әңгімеміз жарасып, шешіліп сөйлесіп кеттік. Екеуара болған әңгіменің жалпы нобайын бейнетаспаға түсіріп алдым. Мұхамеджан ағаның әңгімесін үш бөлімнен тұратын Созақ көтерілісі туралы телетуындыға пайдаландым. Байдулла Қонысбек басшы болып тұрған кезде облыстық теледидар экранынан көрсетілген Созақ көтерілісі туралы  телетуынды сол бір зұлмат жылдары өмір сүрген, куәгер болған көнекөз қарттардың естелік әңгімелерінен, оқиға болған тарихи орындар мен деректерден құралған болатын. Бұл телетуындым облыстық телерадио комитетінде әлі де сақтаулы тұрған болар...
Мұхамеджан Рүстемов ағамды Шымкенттің қақ ортасындағы көпшілік жиі келетін мәдени-демалыс саябағындағы Созақ көтерілісіне қатысқандарды жазалауда қаза тапқан қызыл әскерлерге орнатылған ескерткіш қасына ертіп келіп, сөйлеген сөзі мен тірі  бейнесін түсіріп алдым. Мұқаң бұл ескерткішті алып тастау, мәңгілік от алауын өшіру туралы баспасөзде мәселе көтеріп, қала әкімшілігіне бірнеше дүркін ұсыныс жасағаны туралы да айтты. Егемендікке қол жеткізіп, демократияға жол ашылған, өткен тарихи оқиғаларға әділеттілік тұрғыдан баға беріліп жатқан тұста көпшілік орнында ескі жүйемен орнатылған ескерткіш-моланың міз бақпай тұруы кеудесінде намысы бар кез келген қазақтың ашу-ызасын келтірер еді. «Бұларды даттап, қаралаудан аулақпыз. Кезінде заманның талабы мен ағымына сәйкес олар да Кеңес өкіметінің саясатын жүзеге асырды. Жіберілген қателігін, асыра сілтеушілікті дер кезінде түсіндіріп, дұрыс жолға салатындар жоқ болды. Сондықтан оларды батырлар деп дәріптемей, «Сталин мен Голощекиннің Қазақстанда жүзеге асырған қанды саясатының құрбандары» деген дұрыс» деген еді Мұқаң.
Шымкенттің орталық саябағындағы қызыл жауынгерлерге орнатылған ескерткішті алып тастау туралы  мен де кезінде «Егемен Қазақстан», «Алматы ақшамы» және облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газеттерінде бірнеше дүркін мақала жариялап, мәселе көтердім. Тек соңғы қырық жылдың бедерінде «Оңтүстік Қазақстан» газетінде Созақ көтерілісі туралы онға тарта көлемді мақалам жарық көрген екен. 2010 жылы 15 желтоқсанда «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жарық көрген «Көтерілісті еске сақтайық» атты мақаламды: «Тарихтағы шындық оқиғаға қиянат жасалмасын десек, Шымкенттің орталық саябағындағы Созақ көтерілісінде оққа ұшқан, сол кездегі саясат құрбандары болған қызыл әскер жауынгерлері ескерткішінің орнына көтерілістің бас қаһармандарының бірі Салықбай мергеннің немесе халық батырларының қолына қару алып, елі мен жерін қорғауға тас-түйін бекініп тұрған жиынтық бейнесін орнату керек. Бұл қазіргі кезде өмір сүріп отырған халқымыз үшін де, келер ұрпақ үшін де тарихи әділеттіліктің салтанат құруының жарқын көрінісі болар еді» деп түйіндеген екенмін.   
Өткен тарихқа құрметпен қарау үшін бізден бұрын өмір сүрген, ақиқаттың ақ жолынан айнымаған ұлтжанды азаматтардың, оның ішінде тағдыр тауқыметі қажытқан, сол қасиетті Созақ топырағынан шыққан, сырт адамдардан гөрі шындыққа бір табан жақын абзал азаматтардың атқарған істеріне көз жұма қарап, жеке басты дәріптеуден аулақ болуымыз керек.
                                                             
 Өтеш ҚЫРҒЫЗБАЕВ,
Қазақстанның құрметті журналисі,
Созақ ауданының құрметті азаматы.

Пікір қалдырыңыз