«Ташкент қазақтан кетіп барады» деп шырылдап өткен Әділ Сұлтанбекұлын лайықты бағалап жүрміз бе?

Өз заманында әділдігімен аты шыққан, турашылдығымен талайларға көмегі тиген Әділ Сұлтанбекұлы жайлы бүгінгі буын біле бермейді. Жақсының өзі өлсе де сөзі, өнегелі ісі ешқашан ұмытылмауы тиіс. Сондықтан заманында аты аңыз болған адамның есімін жаңғыртып, әділдігі мен адалдығын кейінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында біраз ізденіп көрген едік. 

Балалық шағы Арыс өзенінің бойында өткен Әділ Сұлтанбекұлы жастайынан алғыр болып өседі. Өзімен тете інісі Омар да орысшаға жетік болған. Әкесі Сұлтанбек күнкөріс қамымен ояздың арбасын айдайды. Әкелері Сұлтанбек өзі қарапайым жұмысшы болса да, балаларының білім алып, қызметке араласқанын құп көрген, тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Білімнің алғашқы негізін өз ауылындағы мектептен алған бала Әділді он төрт жасқа толғанда әкесі Қазан қаласындағы төрт жылдық Ғалия медресесіне өзі жетектеп алып барады. Алғыр бала медреседе үздік оқып, інілерінің де осында білім алуына ықпал етеді. Өз інісі Омар мен туысқан інісі Бекжан екеуін осы медресеге оқуға түсіреді. Оқуды бітірген соң Түркістан ояздығына тілмаш болып қызметке орналасады. 1917 жылы Түркістан ояздығының аты өзгеріп «Туркестанский уездной комитет» болады да, оның бірінші орынбасары болып Әділ Сұлтанбек- ұлы тағайындалады. Осылайша жиырманың о жақ-бұ жағындағы балаң жігіт алғырлығымен, білімдарлығымен көзге түсіп, ауыл-елдің бетке ұстар азаматына айналады. 

Кейбір деректерде Әділ Сұлтанбекұлы сол кездері Түркістан атты әскерінде саяси басқарма бастығының орынбасары болып қызмет атқарған Нәзір Төреқұловпен тығыз байланыста болғаны айтылады. Өзі сияқты алғыр да білімпаз достарының ықпалы болған шығар, 1918 жылы Әділ Сұлтанбекұлы Сырдария губерниясына НКВД-ның бастығы болып бекітіледі. Сол жылы оның тағы бір қанаттас досы, қазақтың аяулы азаматы Абдулла Жармұхаммедов Каттақорған қаласына НКВД-ның бастығы болып тағайындалады. 1921 жылы Нәзір Төреқұлов Түркістан орталық атқару комитетінің төрағасы болып сайланады да, Әділ Сұлтанбекұлы араға бірер жыл салып Өзбек АССР Жоғарғы сотының орыс тілі бөлімінің бастығы болады. Жауапты қызметті атқара жүріп сол жылдары мемлекетаралық шекараны белгілеуге қатысып, Ташкент қаласы шекараның арғы бетінде қалып бара жатқанына шырылдап, Мәскеуге қайта-қайта хат жазады. Бірақ, оның бұл әрекетінен еш нәтиже шықпайды, қайта шамадан тыс ұлтшылдығымен көзге түсіп, «қара тізімге» ілігеді. Көп өтпей-ақ бұл «еңбегі ескеріліп», Жоғарғы соттан қызметтен шеттетіледі. Алайда, іскер маманды мүлдем жұмыссыз қалдыруға болмайтынын ескеріп, Хорезм облысының соты ретінде төмендетіп жібереді. Қайда жүрсе де өзінің ұлтына қызмет етуден тайсалмайтын, қайта оны өзіне өмірлік мұрат тұтқан ол 1930-1931 жылдардағы қуғын-сүргін кезінде қуғынға душар болған Қарағандының қазақтарына көмектеседі. Бас сауғалап кетіп бара жатқан көш Тәжікстанның құзырлы органдарының қолына түсіп қалса керек, отыздан астам түйесі мен бар байлығын тәркілеп, өздерін қамап тастағанын естігенде шыдап отыра алмай, арттарынан іздеп барады. Қанша дегенмен заң саласының білгір маманы емес пе, ол жердегі құзырлы органдардың қолында қамауда отырған қандастарына араша түсіп, ауданның тиісті басшыларына жолығып, ұзақ келіссөзден кейін бәрін босатып алады. Көнекөз қариялардың айтуынша, босап шыққан керуеншілер жиналып кім босаттырғанын, қалай босағандарын біліп, оған құрмет көрсеткен деседі. Керуенбасы қасына екі-үш адамын алып, бір түйені жүгімен жетектеп Әділ сотқа барады. Рахметін айтып, «сен болмасаң сотталып, қамалып кете берер едік, мына түйені жүгіменен саған сыйға беруге ұйғардық, сені бізге Құдай жеткізген шығар» деген екен. Сонда Әділ Сұлтанбек-ұлы: «Біріншіден, біз өкіметтің адамымыз, яғни қызметіміз үшін өкімет ақы төлейді. Екіншіден, өз қандастарымыздың басына іс түскенде түк болмағандай қол қусырып қарап отыра беруге арым жібермеді. Ол үшін ешқандай құрмет те, сый да дәметпеймін. Қайта өз қандастарыма қызмет еткенім үшін қуаныштымын» деген екен. Өзіне арнайылап ала келген сый-сияпатын ауылдағы қиналып отырған қандастарға үлестіріп беруге кеңес береді. 

Қызмет істей жүріп «Ташкентті қазаққа қайтарамын» деп жоғарыға хат жазуды тоқтатпайды. Сол кездегі қазақтан шыққан оқымысты, белсенді азаматтар Нәзір Төреқұлов, Абдулла Жармұхаммедов (Қазақ энциклопедиясында Ярмұхаммедов деп жазылған) Сұлтанбек Қожанов, Нұртас Оңдасынов, Иса Ақынбеков сияқты басқа да азаматтармен тығыз байланыста болғанын ескерсек, олардың барлығы да қазақ мүддесі үшін тізе қосып, әрекет еткенін аңғаруға болады. Әділ Сұлтанбекұлы Хорезмнен кейін Жызақ облысына соттың төрағалығына ауыстырылады. Жызақ облыстық сотының төрағасы болып жүрген кезде де әділдігімен аты шығып, ел арасында зор құрметке бөленген екен. 

Ауылдастары оның ат шаптыруға, ұлттық ойындарды насихаттауға да ерекше қызығушылық танытқанын айтады. Ат ұстап, көкпар шауып, «Әділдің сары аты» деген атын көкпарға қосып отырады екен. Ташкентті қазаққа қайтарамын деп тынымсыз жаза берген соң Жызақ облыстық сот төрағалығынан шеттетіліп, «Мақтаарал дайындау» мекемесіне басшы болады. 1937 жылы ол жұмысынан да айырып, «халық жауы» ретінде қудалап, қамауға алады. НКВД-ның үштігі ұзақ ұстауға қорқып, «сауатты, орысша-қазақша таза жаза да, сөйлей де біледі, өзі заңгер, заңды жақсы меңгерген. Босап кетер болса, басымызға бәле болады» деп бірден атуға үкім шығарып, отбасы, туысқандарымен қоштасуға да мұрша бермей, үкім ертесіне-ақ орындалады. 1962 жылы Мақтаарал, Киров, Жетісай аудандары он жылға Өзбекстанға жалға берілуіне байланысты 1964 жылы Өзбек КСР-інің Бас прокуратурасы оны ақтады. Осылайша елім-жерім деген қайраткер ұлдың үміті ақталады. Бірақ, өкінішке қарай, ол күндерді көру бақыты оған бұйырмапты. Есімі ескерусіз қалып бара жатқан қайсар ұлдың рухына тағзым ете отырып, оның есімін жаңғыртып қоюды жөн көрдік. Осындай ерлердің есімдерін елге дәріптеп, жаңғыртып, ауылға, мектепке, көшеге аттарын берсек, онымыз келешек ұрпаққа көрсеткен өнегеміз болар еді. 

Камалбек ОРТАЕВ,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі.


Пікір қалдырыңыз