Жылан ордасына айналған үй

– 1973  жылы осы ауылға келін болып түстім, – деп бастады әңгімесін Зайкүл апай. – Мен келгенде қайнатам жарықтық әлі тірі еді. Колхозда трактор айдайтын жолдасым азанда ерте кетіп, түнде бір-ақ оралады. Бір үйде атам екеуміз ғанамыз. Үйде алып бара жатқан жұмыс та жоқ. Таңертең  ерте тұрам да, есік алдын айнадай етіп сыпырып  қоямын. Одан кейін атама шай беремін. Болды. Басқа жұмыс жоқ. Бір күні баудың аяқ шетінде өсіп тұрған бес-алты түп жүзімнің бұтақтарына оралып тұрған түсі шұбарлау біркелкі жыландарды көріп қалдым. Өздерімен өздері ирелеңдеп жатқан олардың адамға онша зияны да жоқ сияқты болып көрінді. Көргенімді атама айтып едім: «Қарағым, ол жерге онша жолай берме. Сені білмей-ақ қойсын деп жүруші едім. Бәрібір көріп қойыпсың ғой. Ол жыландар атам заманнан бері менімен бірге жасасып келеді. Өздерінің ордасы сол жерде болса керек. Мен оларға тиіскен емеспін. Олардың  да  маған зиянын тигізген жері жоқ. Мүмкін болса, шырағым, жыландарға тиме» деді.
Сол жылы күзде атам қайтыс болды. О, тоба, атаммен бейне бір қоштасқандай шұбар жыландар екі күндей бау ішінде өріп жүрді... Кейінірек әлгі жүзімдер қартайды ма білмеймін, жыландар көпке дейін көрінбей кетті. Қураған жүзім бұтақтарын отқа жақтық ... Жыландар сол күйі із-түзсіз кетті. 
Арада жылдар өтіп жатты. Содан бір күні балалардың төсектерін жинайын  деп көрпені көтеріп қалсам, ішінен сусып екі жылан түсті... Қатты қорыққаннан шыңғырып, далаға жүгіріп шықтым... Көрші апайды ертіп келсем, әлгі жыландар жоқ. Кетіп қалыпты. Өкінішке қарай, бұл көрініс одан әрі тым жиілеп кетті. Жыландар түнге қарай көрпе ішіне кіріп, балалармен бірге «ұйықтауды» жалғастыра берді. Кейде ырсиған еденнің ашық жерлерінен бастарын жалаңдатып тұрады.
– Жыланның басына айран құймадыңыз ба? Ағарған құйса кетеді деуші еді ғой, – деп Зайкүл апайдың сөзін бөлдім. 
– Құюын құйдық қой. Уақыт өте келе жылан атаулы тіпті көбейіп кетті емес пе?! Қайсы біріне айран құя берейік..Осылайша  жыландар көбейген үстіне көбейе берді. Кәдімгі өздерінің жеке меншік «офистері» сияқты. Қалаған уақытта еденнен шығып, ыдыс-аяқтың  ішіне кіріп кетеді. Түнде қойнымыздан табылады. Содан  қойшы, абайсызда біреуін өлтіріп қойсақ, бір бәлеге ұрынармыз деп келесі жылы үлкен үйді жыландарға басы бүтін қалдырып, өзіміз  басқа үйге көшіп кеттік. Солай қарағым, біздің басымыздан осындай жағдайлар өткен, – деп Зайкүл апай әңгімесін аяқтады. 
Ал, мен бұл әңгімеге сенер-сенбесімді білмей отырып қалыппын. Сенбейін десем, болған оқиға. Сенейін десем, біртүрлі көңілім иланбайтын сияқты...

О.ӨКСІКБАЙҰЛЫ.
Пікір қалдырыңыз