Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның әншісі Данияр БАРЫС: «Өзімді композитормын деген емеспін»

Түркістан облысында өткен жылдың қорытындысы бойынша «Жылдың үздік әншісі» номинациясын Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның әншісі Данияр Исмайлов иеленді. Жас өнерпаз қазір сахнаға «Данияр Барыс» деген лақап атпен шығып жүр. Таяуда жыл әншісімен жолығып, онымен аз-кем әңгімелесудің сәті түскен еді.
– Данияр, марапатыңыз құтты болсын! Әңгімемізді бүгінде үлкен сахналардан көрініп жүрген әншінің бала күнінен бастасақ...
– Рахмет! Бұған дейінгі марапаттарымды сахнаға шығып, өнерімді көрсетіп, додаға түсіп барып алған едім. «Жылдың үздік әншісі» номинациясын иеленуім мен үшін күтпеген жаңалық болды. Әрі оны енді ғана көрініп келе жатқан жас өнерпазға үлкен жауапкершілік жүктейтінін кәдімгідей сезіндім.
Анам мені дүниеге әкелгеннен кейін-ақ қатты науқастанып, содан мен шақалақ кезімнен нағашы әжемнің бауырында өстім. Қатарға қосқан осы қос анаға өмір бойы қарыздармын. Бойымнан бір қабілет байқаған шығар, әйтеуір үлкендер бала күнімнен бетімнен қаққан жоқ. Алғаш томағамды сыпырған нағашым Бақытжан Бекбергенов еді. Маған кең тынысты қажет ететін халық әндері мен терең философиялық мән-мағынаға толы жыр-термелерді шебер орындауды сол кісі үйретті.
Үйде екі бауырмыз. Ағам да кішкентайынан әншілік өнерге әуестеніп өсті. Өнерді тұншықтырып ұстау өте қиын. Ол бүгінде ауылда той-томалақтарда өнер көрсетіп жүр. Әкем көзі тірісінде үйге келген қонақтарға ауылдың алты ауызын шырқап беретін. Осы бір тамаша көрініс әліге дейін көз алдымда. Қысқасы, бойымдағы өнер екі жақтан да дарыған десем болады.
– Бала күніңізде дәстүрлі әндер мен жыр-термелерді көп орындағанмен, бүгінде бағыңыз эстрада жанрында жанып тұрған сияқты...
– Иә, солай. Мектепті бітіргеннен соң Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің өнер факультетіне оқуға түстім. Онда эстрадалық бағытта білім алдым. Өнер жолында вокалдан дәріс беріп, даусымды қойған ұстазым Әлден Жақсыбековке құрметім ерекше. Әлі де шеберлігімді шыңдау мақсатында түрлі ән байқауларында, телевизиялық жобаларда бағымды сынап жүрмін.
Мәселен, 2007 жылы «Ынта – 2007» ән байқауында бас жүлдені жеңіп алған болатынмын. Одан кейін
халықаралық деңгейде ұйымдастырылған «Шабыт» фестивалінде, 2009 жылы «Арай» фестивалінде
ІІ орын иегері атандым. 2010 жылы республика көлемінде ұйымдастырылған «Әлия-85» патриоттық әндер байқауында да ІІ орынды иелендім. 2011 жылы «Жас қанат» ән байқауында бағымды сынасам, 2015 жылы еліміздегі бірегей телевизиялық «Қазақстан даусы» жобасында ІІ орыннан көріндім. Бұл мен үшін басқа додаларға ұқсамайтын ерекше аламан болды. Дегенмен, маған «даусыңда қоңыр үн, қоңыр дауыс, қоңыр әуен бар» деп ұлтымыздың рухани байлығына айналған халық әндерін орындап беруімді өтінетіндер көп.
– Бұдан да биік тұғырлардан көріне беріңіз! Айтпақшы, біз сіздің бойыңызда композиторлық қабілет те бар деп естідік...
– Өзіміздің өңірдің тумасы Серік Сейітманның «Алға, Қазақстан», Шадияр Есенәлінің «Ойлағам», Қуаныш Жаманқұловтың «Ғашық болу» деген өлеңдеріне ән жаздым. Бас-аяғы алты әннің авторымын. Нәзік иірімдер келе қалғанда оны өлтіріп алмайын деп түртіп қоятыным бар. Бірақ, өзімді композитормын деп санамаймын. Композитор болу үшін талантпен бірге үлкен білім керек. Мен тек сол өнер жолында адал еңбек етіп жүрген қарапайым өнерпазбын.
Қазіргі таңда репертуарымда 20 шақты ән бар.
– Әңгімеңізге рахмет! Қазақ әндерін түрлендіріп, жаңғырта беруіңізге тілектеспіз!
Сұхбаттасқан Дилара БИМЕНОВА,
«Оңтүстік Қазақстан».