«Бәріміздің де мақсатымыз — елдің хал-ахуалын жақсарту»

Айбек Молдасапаров:
Қазығұрт аудандық мәслихатының депутаты Айбек Молдасапаров – жас та болса ел сеніміне ие болған белсенді азаматтардың бірі. Ол Қазығұрт аудандық қоғамдық кеңесінің мүшесі болды. Депутат болып сайланбай тұрып-ақ ауданның экономикалық, әлеуметтік саяси мәселелеріне араласты. Оның қабілет-қарымын көрген жұрт оған үлкен сенім артты. Сегізінші шақырылған аудандық мәслихаттың өкілеттілігі 2023 жылдың сәуір айынан басталғаны белгілі. Содан бергі уақытта депутаттың атқарып жатқан жұмысы көптің көз алдында. «Ондай жауапты мандатты еншілеген соң уәде үдесінен шыға білуің керек, халықтың сенімі маңызды рөл атқарады» дейді Айбек депутат.
– Айбек Мықтыбайұлы, әңгімені алдымен сіздің өмірбаяныңыздан бастасақ, қандай салаларда еңбек еттіңіз, қандай жетістіктеріңіз болды?
– 1990 жылы Қазығұрт ауданының Жігерген ауылдық округіне қарасты Дихан ауылында дүниеге келдім. Осы ауылда орта мектепті бітірген соң, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне түсіп, су ресурстары және суды пайдалану мамандығы бойынша диплом алып шықтым. Бұдан соң орыс тілі мен әдебиеті мамандығына оқуға түстім. «Диқан» жалпы білім беретін мектебінде осы мамандығым бойынша еңбек жолымды бастадым. Бүгінде білім саласындағы еңбек өтілім – 9 жыл. 2023-2024 жылдары мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқардым. 2024 жылдың қазан айынан бастап Ж.Есіркепов атындағы жалпы білім беретін мектеп директоры қызметіндемін. Бұл мектептің тарихы тереңде жатыр. Кеңес өкіметі кезінде асарлатып соғылған мектеп, тәуелсіздік жылдары тоғызжылдық негізгі мектепке айналды. 2016 жылы мемлекеттің қолдауымен 150 балаға арналған жаңа ғимарат салынып, қазір мұнда барлық білім беру стандарттарына сай жұмыс жүргізіліп жатыр. Бүгінде оқушылардың пәндік олимпиадаларынан, атаулы олимпиадалардан, сонымен қатар түрлі спорттық жарыстардан жүлдемен қайтып жүрміз.
2023 жылдан бастап Түркістан облыстық жастарды қолдау кеңесінің мүшесі атанып, облыс көлемінде жастарға қатысты мәселелерді, мемлекет тарапынан қолға алынып жатқан бағдарламалардың жүзеге асуын, жастар проблемаларын ортаға салып келемін.
Өгем-Сайрам мемлекеттік ұлттық табиғатты қорғау мекемесінің алқалы кеңес мүшесімін. Себебі, мен сайланған округке Өгем шатқалдары жатады. Табиғатты қорғау бойынша да жүйелі жұмыстар жүргізіп, сирек кездесетін, жоғалу қаупі бар флора мен фаунаны қорғауда кеңес отырысына жиі қатысып, ұсыныстар жасап келемін.
Білім саласында 2015 жылдан бастап қызмет істеймін. 2017 жылы аудандық «Үздік жас тәлімгер», 2019 жылы «Үздік мұғалім» номинацияларын иеленсем, 2023 жылы Түркістан облысы бойынша өткен жастар байқауында «Үздік мұғалім» марапатына ие болдым.
Тоғыз жыл бір мектепте мұғалім, оқу ісі жөніндегі орынбасар қызметтерін атқарған жылдар ішінде 100-ге жуық шәкірт тәрбиелеп, үлкен өмірге қанат қақтырдық. Соңғы 5 жылда түлектердің 100 пайызы мемлекеттік грант иегері атанды. Бүгінде шәкірттеріміз «Серпін» бағдарламасы арқылы Павлодар, Семей, Көкшетау, Арқалық, Петропавл, Өскемен қалаларында білім алып, алды сол өңірдегі басқармаларда еңбек етуде.
Директорлық қызметке тағайындалғалы ата-ана, мектеп және оқушы үштік одағының жұмысына ден қойдым. Әр айдың 20 жұлдызында мектепте ашық есік күні өтеді, ата-аналар балаларының сабаққа қатысуын, тамақтануын, бос уақытын қалай өткізетінін өз көздерімен көреді. Әр тоқсанда оқушылардан, ата-аналардан онлайн анонимді сауалнама алынады, сауалнама қорытындысы директор жанындағы кеңесте қаралып, ұсыныстар мен пікірлерді, шағымдарды реттеу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіледі.
– Қоғам тынысы өзгеріп барады, сіздің ойыңызша, бала тәрбиесінде бүгінде не жетіспейді?
– Бала тәрбиесінде смартфондар, гаджеттер, планшеттер кері әсерін тигізеді. Бұл құрылғыларды дұрыс пайдалана алатын оқушылар да бар. Әйтсе де, әлеуметтік желілер фильтрленбейтіндіктен, оқушылар көптеген қажетсіз ақпараттармен де жадтарын толтыруда.
Бүгінгі тәрбиеде әдет-ғұрыптар, салт-дәстүрлерді ұстану жетіспейді. Бүгінгі қоғам салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты тек мереке күндері ғана пайдаланумен шектелуде. Ертегі айтып, жастайынан ұлттық құндылықтарды бойына сіңіретін Шоқанды тәрбиелеген Айғанымдай, Абайдай дана тәрбиелеген Зередей әжелеріміздің жоқтығы байқалады, Абайды дәретсіз емізбеген Ұлжандай аналарымыз бүгінде жоқтың қасы. Бала кезінен қазақ ертегілерін, эпостық жырларды, Алаш арыстарының еңбектерін оқып өскен ұрпақ қана Қазақстанды дамытып, көркейтетіні сөзсіз.
– Қай партиядан сайландыңыз?
– Сайлауға үш кандидат болып түсіп, менің бағым жанды. Ешқандай партиядан түскен жоқпын. Сайланып, 1-2 сессия өткеннен кейін марқұм Болат Жамашов ағамыз «Ақ жол» партиясының бағдарламасын, мүмкіндігін түсіндіріп, бір фракцияда жұмыс істеуге шақырды. Нәтижесінде республика бойынша «Ақ жол» партиясының фракциясы тек Қазығұрт ауданында бірінші рет құрылды. Құрамында 5 депутат бар. Болат ағамыз жол апатынан қайтыс болғаннан кейін партияның фракция жетекшісі қызметі маған жүктелді.
Қазіргі таңда сайлауалды бағдарламаларымның 50-60 пайызын орындадым, депутаттық мерзім аяқталғанша қалғандарын да толық орындаймын.
– Қазіргі таңдағы депутаттық құрам жайында айтсаңыз. Белсенді депутаттар көп пе?
– Сегізінші шақырылымдағы депутаттық құрам мүлдем жаңа. Мәслихатта тәжірибелі депутаттармен қатар, қоғамның әртүрлі салаларынан келген азаматтар да бар. Белсенділігі жоғары депутаттар өз округтерінде халықпен тұрақты кездесіп, өзекті мәселелерді шешуге атсалысып жүр. Өздерінің сайлауалды бағдарламаларының орындалуын тұрақты назарда ұстап, тиісті атқарушы органдарға өз ұсыныстары мен депутаттық сауалдарын жолдап, олардың орындалуын қадағалауда ұстайды. Негізінде ұсынылған мәселелер мен депутаттар тарапынан жолданған сауалдар кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Ел болған соң әрине, проблема аз емес. Қолдан келгенше соларды шешу жолындамыз.
– Алдағы жоспарыңызбен бөлісе отырсаңыз.
– Әрбір депутат сайлауалды бағдарламасына сәйкес жұмыс атқарады. Біз тұрғындардың ұсыныстарын негізге алып, олардың шешімін табуға тырысамыз. Кейбір жобалар жүзеге асуда. Мысалы, Жігерген ауылдық округінде Жастар, Татулық және Ұясу көшелерін орташа жөндеуден өткізу үшін 60 млн. теңге қаралып отыр. Мәдениет үйі 2024 жылы пайдалануға берілді. Ауыл таза ауыз сумен 100 пайыз қамтылған, десек те, жаз айларында су тапшылығы орын алып тұрады. Бұл мәселені шешу жолында тиісті жұмыстар атқарылып, өткен жылы 20 миллион теңгеге жуық қаражат қаралса, осы жылы 7 млн. теңгеден астам қаражат қаралып отыр. Электр желілерін жаңарту мәселесі де күн тәртібінен түспей, өз деңгейінде жұмыстар атқарылуда. Сондай-ақ, интернет байланысын жақсарту сияқты маңызды мәселелер көтерілуде.
– Тұрғындардың проблемаларын шешуде жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыс істейсіздер. Әкімдік пен мәслихат арасындағы қарым-қатынас қандай дәрежеде? Келіспей қалатын сәттер болып тұра ма?
– Мәслихат пен жергілікті атқарушы органдар бірлесіп жұмыс істейді. Әрине, өмір болған соң келіспеушіліктер кездеспей тұрмайды, бірақ екеуміздің де мақсатымыз – халықтың әл-ауқатын жақсарту. Сондықтан біз әкімдікке нақты ұсыныстар енгізіп, олардың орындалуын қадағалаймыз.
– Өткізілген сессиялардың күн тәртібінде қаралған маңызды мәселелерге тоқталып өтсеңіз?
– Соңғы сессияларда бюджетті тиімді пайдалану, әлеуметтік көмек, инфрақұрылымдық жобалар, денсаулық сақтау, білім беру салалары бойынша маңызды шешімдер талқыланды.
Алғашқы депутаттық сауалым Жаңабазар ауылдық округіне қарасты аурухана құрылысына байланысты болған. Болат Жамашов ағамыз бастаған бірнеше депутат көтерген мәселе Парламент мінберінде айтылып, министрлікте қаралып, бүгінде аурухана толық жөндеуден өтіп, пайдалануға берілген. Білім және әлеуметтік мәселелерді де жиі көтеріп отырамын. Жақында ғана білім саласы кәсіподағының қызметкерлерге берілетін қыстық қатты отынға бөлінетін бір реттік қаражат мәселесі көтерілді. Бүгінде тиісті құжаттары әзірленіп, соған қатысты жұмыстар атқарылуда. Жол, жарық, су тәрізді мәселелер күн тәртібінен түскен емес.
– Депутаттардың халықпен кездесуі барысында бұқара тарапынан қандай түйткілді мәселелер қозғалды?
– Біз сайлаушылармен тұрақты түрде кездесеміз. Халықтың ұсыныстарын тыңдау үшін қоғамдық қабылдаулар, жиындар ұйымдастырамыз. Тұрғындар жол сапасы, ауыз су мәселесі, жастарды жұмыспен қамту, коммуналдық қызметтер жұмысына қатысты проблемаларды жиі көтереді.
Қазіргі таңда әлеуметтік теңсіздік, білім беру мен денсаулық сақтау сапасы, жұмыссыздық секілді проблемалар өзекті мәселелердің қатарында. 2024 жылы баспана кезегінде тұрған екі бірдей сайлаушымыз баспаналы болса, 2023 жылы техникалық оңалту құралдарымен және әлеуметтік қызметтермен қамтылған мүгедектігі бар адамдар саны 51-ге жетті. Былтыр мұндай көмекке мұқтаж 47 адамға көмек көрсетілді. Ауылға еңбек етуге келген жастарға берілетін бір реттік көтерме қаражатты алған тұрғындар саны да артты. 2023-2024 жылдары баспана алуға бір реттік қаражат алған тұрғындар саны төртеу, көтерме қаражат алған мамандар саны тоғыз адамды құрады. Бұл проблемаларды шешу үшін мемлекеттік бағдарламалармен қатар, қоғамдық күштерді де жұмылдырып отырмыз.
Жалпы, Жігерген ауылдық округінде былтыр 5 шағын жоба іске қосылды. Олар монша, дәріхана, демалыс орны, бильярд залы сияқты әлеуметтік маңызы бар нысандар. Болашақта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында несие алу және басқа да қолдау шаралары жүзеге асуы керек.
Әрине, қысқа мерзімде бәрін тындырып тастадым деу ертерек. Жалпы, менің ұстанымым – көтерілген әрбір мәселеге байыппен қарап, көп тілегінің оңтайлы шешілуіне ықпал ету.
– Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға көп-көп рахмет! Еңбегіңізге жеміс тілеймін!
Сұхбаттасқан
Баян ДАРҒОЖИНА,
«Оңтүстік Қазақстан».