Мемлекет қуаты – заңдылық пен тәртіпте

Еліміздегі жоғары қадағалау қызметін жүзеге асыратын прокуратураның тарихы 1922 жылдың 13 шілдесінен бастау алады. Қазақ АССР Орталық Атқару Комитеті 3-ші сессиясының 2-ші шақырылымының шешімінен кейін Әділет халық комиссариатының жанынан мемлекеттік прокуратура органы құрылды. Әділет халық комиссары республика прокурорының міндетін қоса атқарды. Осы сессияда «Прокурорлық қадағалау туралы ереже» бекітіліп, прокуратура дамуының екінші кезеңінде, яғни 1933 жылы оның өкілеттігі кеңейе түсті. Әділет халық комиссары жанынан прокуратура басқармасы құрылып, тұңғыш рет прокурордың міндеттері Әділет халық комиссарынан бөлінді.

1936 жылы 5 желтоқсанда КСРО өзінің жаңа Конституциясын қабылдап, Қазақстан КСРО-ның құрамындағы тең құқықты мемлекет атанды. Алғашқы Конституцияны қабылдаған сәттен бастап прокуратураны дамытудың үшінші кезеңі басталды. Әділет халық комиссариатынан бөлініп шығып, дербес құрылым ретінде жұмыс істей бастады. Қазақ КСР-ның тұңғыш прокуроры С.Есқараев болды.
Сол жылдың 11 қарашасында Әділет халық комиссариаты мен прокуратураны бөлу туралы бұйрық шығып, республика прокуратурасы тікелей КСРО прокурорына бағынатын болды. Сол кезеңдерде прокуратураға мемлекеттік мекемелердің, қоғамдық және жекеменшік ұйымдардың  іс-әрекетінің заңдылығына, сонымен қатар жеке адамдардың, тергеу органдары, анықтау және тағы басқа да құзырлы органдардың қызметін қадағалауды жүзеге асыру міндеті жүктелді. Алайда, прокуратураның қалыптасқан күрделі жағдайларға байланысты өзінің құқық қорғау міндеттерін толық көлемде жүзеге асыра алмаған кезеңдері де болды. Нығмет Нұрмақов, Нұртаза Ералин, Сәдуақас Мәмбеев, Жанайдар Сәдуақасов, Боран Айтмағамбетов, Қанай Боранбаев, Мырзағұл Атаниязов және Сүлеймен Есқараев сынды республика прокурорлары саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Тек 1937 жылдың өзінде ғана прокуратура органдарынан 40-тан астам қызметкер негізсіз жұмыстан шығарылып, солардың бірқатары ұлтшыл топтарға қол ұшын берді деген желеумен қамауға алынды. Сол аласапыран шақтың өзінде прокуратура органдарында өз жұмысына адал жандар заңдылықтың мүлтіксіз орындалуы үшін жан аямай еңбек етті. Ұлы Отан соғысы жылдарында прокурорлық-тергеу кадрлары Отан қорғау ісінде ерліктің өшпес үлгісін көрсетті. 1942 жылдың тамыз айында 885 прокуратура қызметкерінің 411-і Қарулы Күштер қатарына шақырылып, майданға аттанды. Көптеген прокурорлар мен тергеушілер Отан үшін өз өмірлерін құрбан етті. Соғыс аяқталған соң прокуратура қызметкерлері халық шаруашылығын қалпына келтіру үшін белсенді жұмыс істеп, мемлекеттік және қоғамдық меншікті мүлтіксіз қорғап, мемлекеттік еңбек тәртібін бұзғандармен аяусыз күресті. Елдің дамуымен қатар прокуратураның да рөлі мен орны өзгеріп отырды, яғни оның қызметі жаңа мазмұнмен толығып, прокурорлық қадағалаудың міндеттері өзгертілді. Алайда, прокуратураның алдында тұрған міндеттер өзгертілгенімен, заңдылық пен құқық қорғауды қамтамасыз ету, азаматтардың әлеуметтік-экономикалық, саяси және жеке құқықтары мен бостандықтарын қорғау прокуратураның негізгі міндеті болып қала берді.
Содан бергі кезеңдерде прокуратураның рөлі нығая түсті. Міндет – әрбір азамат прокуратураның өзінің мүддесін қорғаушы екендігіне қалтқысыз сенетін дәрежеге жеткізу болды. Алайда, Қазақстан тәуелсіздігін алғанға дейін прокуратура да басқа құқық қорғау органдары сияқты әміршілдік-әкімшілік жүйенің мүддесін бірінші кезекке қойғанын жасыра алмаймыз. Соған қарамастан прокуратура қай кезде де заң бұзушылықты анықтап, оған дер кезінде тосқауыл қоя білді. 1991 жылғы тамыз оқиғасында прокуратура органдары абдырамастан, қалыптасқан жағдайға байланысты тез арада бағыт-бағдарын айқындап, ескіше жұмыс істеуден бас тартып, прокурорлық қадағалаудың тиімді тәсілдерін енгізуге күш салды.
Елімізде болып жатқан тың үрдістер мен заң саласындағы жаңалықтар адамды қоғамның жоғарғы құндылығы ретінде бірінші кезекке шығарып, азаматтардың сотпен қорғалу құқығын кеңейте түсті. Жеке адамның құқығын қорғау прокуратураның негізгі қызметіне айналды. Прокурорлық қадағалаудың одан әрі дамуы және прокуратура органдары жүйесін реформалау кезеңі еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін басталды. 1991 жылдың желтоқсанында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Қазақ КСР прокуратурасы органдарының бірыңғай жүйесін құру, оның дербестігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету туралы» Қаулысына сәйкес, Қазақ КСР-ның Бас прокурорына бағынатын бірыңғай прокуратура органдарының жүйесі құрылды. 1992 жылғы 
17 қаңтарда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Қаулысымен «Қазақстан Республикасының Прокуратурасы туралы» Заң күшіне еніп, соған сәйкес прокуратура Жоғарғы Кеңеске есеп беретін, заңдардың орындалуына жоғарғы қадағалауды жүзеге асыратын орган болып танылды. Осы заң прокуратураның құқық қорғау қызметін жақсартуға оң әсер етті. Алайда, құқықтық демократияның өріс алуы құқық жүйелерін қалыптастыруда жаңа ізденістерді талап ете бастады. Осыған байланысты 1994 жылы 12 ақпанда ҚР Президенті Қаулысымен Қазақстан Республикасындағы құқықтық реформаның мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Бұл құжатта прокуратура органдарын реформалаудың негізгі қағидалары белгіленді. Ондағы негізгі қағидалар 1995 жылы 30 тамызда қабылданған Конституциямызда және ҚР Президентінің 1995 жылғы «Қазақстан Республикасының Прокуратурасы туралы» заңдық күші бар Жарлығында жан-жақты көрініс тапты. Конституцияның 83-бабындағы прокуратура туралы негізгі ереже прокуратураның бірыңғай орталықтандырылған дербес жүйе екендігін әйгілеп берді. Сөйтіп, прокуратура мемлекеттік билік органдары арасында өзінің конституциялық орнын еншіледі.
Президентке есеп беретін және республика аумағында заңдардың, Президент Жарлықтарының, өзге де нормативтік-құқықтық актілердің дәлме-дәл әрі біркелкі қолданылуына жоғарғы қадағалауды жүзеге асыратын республика прокуратурасы Ата Заңның, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының берік сақталуы тәрізді міндеттерді жүзеге асырудың құқықтық тетігі. Прокуратура кез келген заң бұзушылықты анықтау мен жою жөнінде шаралар қолданып, Конституцияға қайшы келетін заңдар мен басқа да құқықтық актілерге наразылық білдіреді. Қорыта айтсақ, республика прокуратурасы өз өкілеттігін Ата Заңымыз бен өзге де заңдарымызға сәйкес жүзеге асырады. Қазіргі кезде ол басқа мемлекеттік органдар қызметін алмастырмайды, түрлі шаруашылық субъектілерінің қызметіне негізсіз араласпайды. Сонымен қатар, Ата Заңның 83-бабына сәйкес, мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды тұлғалары жол берген заң бұзушылықтарды анықтауды күшейтіп, орын алған кемшіліктерді заңдық тұрғыда жоюға ықпал етеді. Оның ішінде атқару және сот биліктерінің заңсыз актілеріне наразылық келтіріп, қолданыстағы заңдар мен ел Президентінің Жарлықтарының орындалуын қадағалайды.

Асқар САПАРҒАЛИЕВ, 
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі 
комитеті Түркістан облысы бойынша департаментінің бастығы, аға әділет кеңесшісі.

Пікір қалдырыңыз