Түркістан туризмін дамытуға Түркия да атсалысады

Түркістан облысының туристік әлеуетін насихаттау және өңірге туристерді көптеп тарту мақсатында құрылған арнайы делегация Түркия еліндегі іссапарын Стамбул қаласында қорытындылады. Облыстық мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары Әділ Қонысбеков, «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы ЖШС-нің бас директоры Серік Сандыбаев, 
Халықаралық туризм және меймандостық университетінің әлеуметтік даму және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі вице-ректоры Жақсылық Акимов, сондай-ақ, қонақүйлер мен мейрамхана өкілдері «Turksab» түрік туристік агенттіктері қауымдастығы өкілдерімен кездесті. Кездесуде Түркістан облысының туристік әлеуеті таныстырылып, жарнамалық үнпарақтар таратылды. Қос тараптың өзара келісімі нәтижесінде 2024 жылы түркиялық туристік агенттіктерге Түркістан облысында ақпараттық турлар ұйымдастырылады.
Іссапар Стамбул коммерциялық университетінде жалғасты. Жоғары оқу орнының басшылығымен, доктор Исрафил Құралаймен келіссөздер жүргізіліп, екі ел университеттері арасында тығыз қарым-қатынас орнату және тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды. Жиын соңында түркістандық делегация қолөнер шеберлерінің туындыларын сыйға тартты. Мұнан соң арнайы делегацияны Қазақстан Республикасының Стамбул қаласындағы Бас консулы Нұриддин Аманқұл қабылдады. Ол Түркістан облысында туризм саласын дамытуға ерекше назар аударылып жатқаны көңілге қуаныш ұялататынын жеткізді. Атқарылып жатқан шараларға оң бағасын беріп, іскерлік байланыс арқылы Түркістан өңірінің туризмін насихаттау жұмысы одан әрі жалғаса беретініне сендірді.. 
Айта кетейік, облыстың туризм саласы өкілдерінен құрылған жұмыс тобы Road show форматындағы кездесулерді Қайсері және Конья қалаларында ұйымдастырды. Онда танымал университеттер мен туристік операторларға Түркістан өлкесінің тарихи-мәдени орындары, көрікті жерлері мен табиғаты жарнамаланды.

Д.ТОЙЛЫБАЙҚЫЗЫ.
Пікір қалдырыңыз