Сәкен спартакиаданың үздік боксшысы атанды

Ерболат АЙНАБЕКОВ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Кешегі жексенбіде Астана қаласында жазғы спартакиаданың бокс бәсекесі мәреге жетті. Ханчжоудағы Азия ойындарында біздің боксшылар сәтсіз өнер көрсетті. Содан кейін шығар, осы спартакиада біраз басы ашық сұрақтың жауабын берер деп үміттендік. Оның үстіне бұл жарысқа ұлттық құраманың барлық боксшысы қатысты. Бапкерлер тек Олимпиада жолдамасын алып қойған Қамшыбек Қоңқабаев пен капитан Асыланбек Шымбергеновке демалыс беріпті. Өзге салмақтағы боксшылардың барлығы Астанадағы додаға қатысты.

Жоғарыда атап өткеніміздей, бұл спартакиада басы ашық біраз сұрақтың жауабын берді. Әсіресе, олимпиадалық салмақта қай боксшының дәл қазір бабы келісіп тұрғанын дәлелдеп берді. 
Биыл 48 келі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанған Санжар Тәшкенбай 51 келі салмақ дәрежесіне ауысқан соң, мұнда айқын фаворит Теміртас Жүсіпов еді. Жүсіпов өзінің мықтылығын дәлелдеп шықты. Ол финалға дейін бірде-бір қарсыласына мүмкіндік қалдырған жоқ.
Нағыз айқас 51 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде болды. Мұнда финалға қос әлем чемпионы, түркістандық Сәкен Бибосынов пен тағы бір Түркістанның тумасы, қазіргі таңда Астана қаласының атынан өнер көрсететін Санжар Тәшкенбай финалға шықты. Ел күткен финал да осы еді. Себебі, келер жылы Париж қаласында өтетін Олимпиада ойындарына 51 келіде кімді апарса дұрыс болады деп елеңдеп отырғандардың қатары қалың еді. Сәкен Бибосынов осы сұраққа нүкте қойды. Финалда Санжар Тәшкенбайға мүмкіндік қалдырған жоқ, төрешілердің бәрі (5:0) Бибосынов айқын жеңіске жетті деген шешім шығарды. Сәкен осы салмақтың ғана емес, жалпы спартакиаданың үздік боксшысы атанды. Өз салмағында қарсыластарынан бір бас жоғары өнер көрсеткен Сәкен Бибосыновтың үздік атануы – заңдылық.
Олимпиадалық салмақ болмаған соң 54 келідегі мықтылар өзге салмақтарға ауысып кеткен-ді. Нәтижесінде бұл салмақта қызылордалық Нұрсұлтан Алтынбек топ жарды. Ол финалда алматылық Кенже Мұратұлын жеңді. Осы салмақтан 57 келіге ауысқан Махмұд Сабырхан финалға дейін ешкімге дес бермеді. Ал, ақтық сында Оразбек Асылқұловқа келгенде сәл тосылып қалғандай көрінді. Былтыр ел чемпионатында да қос боксшы қолғап түйістірген. Сол кезде де Оразбек Асылқұлов Махмұд Сабырханды жеңіп қойды дегендер табылған. Бұл жолы да шымкенттік әлем чемпионының жеңісіне күмәнданғандар болды. 
Жамбыл облысының боксшысы Бейбарыс Жексен 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде спартакиада жеңімпазы атанса, күміс жүлде Абай облысының боксшысы Руслан Күзеубайға бұйырды. 
Махмұд Сабырхан 57 келіге көтерілген соң, Серік Теміржановқа жаңа салмақ іздеуге тура келді. Дәл осы 63,5 келі салмақ дәрежесінде ел намысын халықаралық аренада лайықты қорғайтын боксшы табылмай тұрған. Серік Теміржанов осы салмаққа ауысып, халықаралық аренаға оралуды мақсат еткен еді. Алайда, керекулік боксшының бұл мақсатына жетуіне түркістандық Мұхаммедсабыр Базарбайұлы кедергі болды. Ол ақтық сында Серік Теміржановты айқын басымдықпен ұтты. Осылайша Түркістан облысының қоржынына алтын жүлде салды. 
Нағыз айқастың бірі 80 келі салмақ дәрежесінде өтті. Мұнда да финалға қос әлем чемпионы Нұрбек Оралбай мен Бекзат Нұрдәулетов шыққан. Нұрбек Оралбай жартылай финалда тағы бір талантты боксшы Ерасыл Жақпековті жеңсе, Бекзат әлем чемпионатының жүлдегері, Азия чемпионы Тұрсынбай Құлахметті тізе бүктірді. Ал, ақтық сында Нұрбек Бекзаттан басымырақ болды.
Олимпиадалық салмақ саналатын 92 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде талас тартысты өрбіді. Ақтық сында түркістандық Сағындық Тоғамбай Айбек Оралбайға жол беріп қойды. Осылайша Париж Олимпиадасының іріктеуіне Айбек аттанатын болды.
Жалпы, бұл спартакиада ойындары өте жоғары деңгейде өтті. Жарыстың ақтық сынына 6 бірдей әлем чемпионының шығуы турнирдің деңгейін аңғартса керек. Оның төртеуі осы спартакиадада жеңімпаз атанса, екі әлем чемпионы күміс жүлдені қанағат тұтты. Мұның өзі ішкі жарыстың  жоғары деңгейде өткенін аңғартып тұр. Бұдан қазақ боксы ұтылмайды.
Жарыс қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте 3 алтын, 2 күміс жүлде иеленген Астана қаласының командасы топ жарса, 3 алтын жүлде алған Жамбыл облысы екінші орын алды. Ал, Түркістан облысының командасы 2 алтын, 2 күміс, 1 қола жүлдемен үздік үштікті қорытындылады. Спартакиадаға Солтүстік Қазақстан облысынан өзге өңірлердің барлығы команда қосты. Тек Ақтөбе облысының боксшылары жүлдеге іліне алмады. Өзге өңірлердің боксшылары кемі 1 жүлде иеленді. Турнирдің үздік боксшысы Сәкен Бибосынов атанғанын жоғарыда айттық. Ал, турнирдің «жаңа есім» номинациясын астаналық боксшы Темірлан Мұқатаев иеленді.  
Пікір қалдырыңыз