Пәтер ұрлығы тыйылмай тұр

Тоғжан Зеберханова, «Оңтүстік Қазақстан».

Қазіргі таңда елімізде ең көп таралған қылмыс түрлерінің бірі – пәтер ұрлығы. Сөзіміздің дәлеліндей, биылдың өзінде пәтерге немесе басқа да өндірістік, қызметтік үй-жайларға ұрлыққа түскен 235 факті тіркелген. Шымкент қаласының прокуратурасы аталған қылмыстардың алдын алу мақсатында басқа да құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып тиісті профилактикалық шаралар жүргізуде. 


Алайда, ұрылар пәтерге қалай кіруді абден меңгерген деуге болады. Яғни олар есіктерді ашу үшін заманауи техниканы, ұялы және радиобайланыс құралдарын, құлыптарды бұзуға арналған арнайы құралдар мен құрылғыларды қолданады. Сондай-ақ, олар пәтерге кіру үшін есіктердің құлпын бұзады, терезе немесе балкон арқылы кіреді, құлыптардың кілттерін таңдау сияқты әртүрлі әдістерді жан-жақты меңгерген.

Мәселен, биылғы 25 қазан күні сағат 20.00-дер шамасында М. есімді азамат Шымкент қаласы, Герман көшесі, №3 мекенжайдағы үй иелерінің және айналасында кедергі келтіретін бөгде адамдардың жоқтығына толық көз жеткізіп алғаннан соң пластик терезені бұзып ашып, үйге кірген. Сөйтіп, үй иелерінің «LG» маркалы плазмалық теледидары мен «Ariston» маркалы су жылытқышын және алтын бұйымдарын жымқырып, оқиға орнынан бой тасалаған.

 Осындай жағдайларға жан-жақты талдау жасаған арнайы мамандар мен қала прокуратурасының қызметкерлері тұрғындарға қауіпсіз темір есік, құлып және дабыл жүйелерін орнату қажеттігін ескертеді. Сондай-ақ, күзет агенттіктерін жалдап, үйдің аумағына бейнебақылау камераларын орнатқан да артықтық етпейді. Терезелер мен балкондарға темір тор орнатып, есіктерге кем дегенде екі жүйелі құлып қойдыру керек. Көпқабатты үйлердің дәліздерін толық жарықтандырсаңыз, бұл да қылмыстың алдын алуға жасалған қадам болмақ.

Сөзімізді түйіндесек, пәтер ұрлығы соңғы бес жылдың бедерінде айтарлықтай азайғанымен, әмбебап ұрылар әлі де өз әрекеттерін тоқтатқан жоқ. Ұрлықты кәсіп еткендер түн қатып, түс қашып жүріп, өз ойларын ара-тұра болса да жүзеге асырып жатыр. Сондықтан жоғарыдағыдай қауіпсіздік шаралары мұндай «шақырылмаған қонақтар-дан» қорғануға және олардың арам  пиғылдарын іске асыра алмауына көмегін тигізеді. Сонымен қатар, пәтерден ұзақ уақытқа шығып кеткен жағдайда, туыстарыңызды, достарыңызды немесе көршілеріңізді кешкі уақыттарда үйдің жарық шамдарын қосып тұруға және пошта жәшігіне келген хаттарды алып тұруға өтініш жасау қажет. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері пәтердің кілттерін кілемшенің астына, электр қобдишасы панеліне немесе пошта жәшіктеріне қалдырмауды ескертеді.

Пікір қалдырыңыз