Саусақ іздері не үшін қажет?

Дәулет Тұрсынұлы,
«Оңтүстік Қазақстан».

Қазақстан Республикасының «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» Заңына орай келесі жылдан бастап ел азаматтары жеке басын куәландыратын құжат аларда саусақ іздерін тапсыруға міндеттеледі. Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, бұл бастама заңсыз құжаттандыруды болдырмауға, құжат иелерін алаяқтық және басқа да қылмыстық әрекеттерден қорғауға мүмкіндік береді.

Аталмыш заң 2016 жылы қабылданғанымен, ол бес жылдан кейін, яғни 2021 жылдың 1 қаңтарында күшіне енуі керек еді. Алайда, Ішкі істер министрлігі саусақ іздерін тіркеуге қатысты заңның жекелеген нормаларын пысықтау үшін оны қолданысқа енгізуді 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін қалдыру туралы Парламентке ұсыныс тастады. Қажетті қаржы бөлінбегендіктен, заңды іске асыру тағы да келесі жылға шегерілді.

Тіркеудің артықшылықтары көп

Заңға сәйкес, елдің барлық азаматтары әрі елде тұрақты тұратын шетелдіктер дактилоскопиялық тіркеуден өтеді. Олар жеке куәлік немесе төлқұжат, ал, шетелдіктер осы елде тұру үшін ықтиярхат алу немесе ауыстыру кезінде саусақ іздерін тапсырады. Сонымен қатар, жеке басты куәландыратын құжаттардың қолданыс мерзімі аяқталса, атын, тегін, әкесінің атын өзгерткісі келсе немесе құжатын жоғалтып, оны жаңалағысы келсе, міндетті түрде  саусақ таңбасы алынады. Саусақ ізін алудан тек 12 жасқа дейінгі балалар ғана босатылады. Ал, 12 мен 16 жас аралығындағы жасөспірімдердің тіркеуден өту, өтпеуі өз еріктерінде. Саусақ іздерін ресімдеуден бас тартқан азаматтарға ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексінің 443-1-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Оларға 2 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Ал, саусағын тіркетуден жалтарған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар елден шығарылады.   
Ішкі істер министрлігіндегі мамандардың айтуынша, саусақ ізін тіркетудің артықшылықтары көп. Айталық, саусақ таңбасы арқылы қылмыстық құқықбұзушылықтардың алдын алуға, оларды тергеп-тексеруге, қала берді, оны жасаған адамдарды анықтауға болады. Сондай-ақ, хабарсыз кеткен азаматтар мен танылмаған мәйіттердің кім екенін нақтылауға да жол ашылады.
Заңда тек саусақ ізін алу ғана емес, геномдық тіркеу туралы да анық айтылған. Біріншіден, геномдық тіркеу дегеніміз не? Оны көпшілік адам түсіне бермейді. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – ДНҚ сынағы. Онда адамның немесе танылмаған мәйіттің жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін деректер жинақталған. Мәселен, өрт кезінде адамның терісі отқа үйтіліп, жанып кетті делік. Міне, сондай жағдайларда адамның кім екендігі геномдық тексеру арқылы анықталады. 
Бақылауға алудың жолы ма?

Қазір Қазақстандағы әрбір адамның өзінің жеке нөмірі бар. 
12 санды теріп жіберсеңіз, сол нөмірдің иесі жайлы кеңінен ақпарат алуға болады. Былайша айтқанда, мемлекет әлгі 12 сан арқылы елдегі әр адамды тікелей бақылауына алды десек, артық айтқандығымыз емес. Сарапшы мамандардың пікірінше, саусақ іздерін алу да жаппай бақылауға алудың бір жолы іспетті. Мұндай жағдайда саусақ іздеріндегі дербес деректердің қорғалуы – өзекті мәселе. Бүгінде көптеген азамат смартфонына, банк қосымшаларына саусақ іздері арқылы кіреді. Өйткені, саусақтағы іздер қайталанбайды. Ал, бұл мәліметтер мемлекеттік базадан сыртқа тарап кетсе не болмақ? Алаяқтар оны арнайы басып шығарып, өздерінің қаскөйлік әрекеттеріне пайдаланып кетпей ме? 
Заңның өзектілігі де, ең алдымен осы қауіпсіздік мәселесінде жатыр. Ішкі істер органдарындағы тіркеуге жауапты мамандардың айтуынша, бүгінгідей цифрландыру кезеңінде саусақ іздерін алу электронды түрде жүргізіледі. Әрі ол кодталған түрде сақталады. Бұл дегеніміз, мәліметтер базасында саусақ ізінің тек сандық моделі мен бірегей идентификаторы болады деген сөз. Онда адамның аты-жөні, ЖСН нөмірі көрсетілмейді. Деректердің сақталуы мен оларды пайдалануға тек Ішкі істер министрлігі ғана жауапты болады.

Сіз не дейсіз?

Қанат ӨМІРЗАҚОВ, көлік жүргізуші:
– Қазір ұялы телефонды айтпағанда, ғаламтор желісінің өзі бақылауға алынған. Жердің түбіне түсіп кетсек те, ЖСН нөмірі арқылы тауып алады. Енді саусақ іздерін алмақшы. Меніңше, бұл да халықты бақылауда ұстаудың бір түрі. Әйтпесе, адамның жеке мәліметтері қолдарында тұр емес пе?! Полицейлер соның өзінде нағыз қылмыскерді таппай жатады...

Мұхамеджан САТЫБАЛДЫ, мұғалім:
– Меніңше, саусақ іздерін алуда тұрған ештеңе жоқ. Еуропа елдерінің көбісі бұл шаруаны баяғыда-ақ реттеп қойған. Өзің таза болсаң әрі шулы оқиғалардан аулақ жүрсең, бұдан үркудің қажеті жоқ. Қайта оған қауіпсіздігіңнің кепілі ретінде қарау керек.

Пікір қалдырыңыз