Депутат демеушілік танытты
Отырар ауданындағы «Темір» жалпы білім беретін орта мектебі аумағынан күрес залы ашылды. Оған аудандық мәслихат депутаты Ардақ Әмзе демеушілік етті. Сөйтіп ұзақ жылдардан бері бос тұрған бұрынғы оқу ғимараты жөндеуден өтіп, күрес залы ретінде пайдалануға берілді.
Күрес залының ашылуына аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов пен аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Ұзақұлы, аудандық мәслихат депутаттары Асан Аралбай, Бекзат Түкеев, Нұржан Орынбасар қатысып, ауыл спортын дамытуға атсалысып, қолдау көрсеткен депутат Ардақ Әмзеге ризашылықтарын жеткізді.
Аталған күрес залында 40 бала спортпен шұғылданады. Отырарлық жеткіншектердің осы уақытқа дейін қол жеткізген жетістіктері де аз емес. Мәселен, жасөспірімдер арасында Нұрасыл Мәдіхан, Әсет Серік, Жанерке Айтбек облыс біріншілігінде топ жарса, Ернар Әбибулла спорт шеберлігіне үміткер нормативін орындаған.
Салтанатты іс-шара барысында ел ағалары жоғары жетістіктерге қол жеткізген жас спортшыларға сәттілік тілеп, естелік ретінде спорттық киімдер сыйға тартты. Мұнан соң Шәуілдір ауылы мен Көкмардан ауылын жалғайтын «Селкілдек көпір» маңында ашық спорт алаңы ашылып, ел игілігіне берілді. Мұнда балалардан бөлек ересектер де жаттығу жасай алады.