Миллиардтардың есебін кім береді?

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Соңғы уақытта «қаржылық сауаттылықты арттыру» деген әңгіме жиі айтылатын болды. Мұның бәрі халықты алаяқтардан сақтандыру, қаржысын «желге ұшырмау» мақсатында айтылып жүрген әңгіме. Кейінгі кездері халықтың ғана емес, Үкіметтің де «қаржылық сауаттылығын арттыру керек-ау» деген ойға келетін болдық. Әсіресе, спорт саласына ақша бөлетін кезде «қаржылық сауаттылық» туралы ойланбаса болмай қалды.


Жақында Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Үкімет басшысына осы мәселе төңірегінде депутаттық сауал жолдады. Халық қалаулысының айтуынша, елімізде спорт саласына 775 млн. АҚШ доллары бөлінеді екен. Теңгеге шаққанда бұл 358 млрд. 507 млн. теңгеден асады. Нартай Сәрсенғалиев елімізде 180 спорт түріне ақша бөлінетінін тілге тиек етіпті. Ал, оның 50-і ғана Олимпиада бағдарламасына кіреді. Әңгіме онда емес, әңгіме осыншама қаржы алып отырған спорт саласының неге дамымай отырғандығында. Мұндай қаржымен, мұндай спортқа деген қамқорлықпен біздің еліміз әр Олимпиада сайын кемі үздік ондықтан түспеуі керек еді ғой. Әлде бұл қаржылар мақсатсыз жұмсалып жатыр ма?

Осы салаға талдау жасайтын халық­аралық «Спорт-радар» орталығының мәліметіне сенсек, біздің еліміз спорттағы жемқорлық бойынша әлем елдері арасында 4-орында екен. Алдымызда – Бразилия, Ресей, Чехия. Бізден кейінгі орындарды Қытай, Грекия, Аргентина, Филиппин, Тайланд, Польша секілді мемлекеттер өзара бөліскен. Орталықтың талдауына үңілсек, былтыр елімізде 43 «күдікті» матч өткен. Оның, әрине, басым көпшілігі футбол ойындарында орын алған. Халықаралық орталықтың мамандары «келісілген» ойындардың әсіресе төменгі дивизиондарда көп орын алатынын дәлелдеген.

Сөзіміз дәлелді болу үшін нақты мысалдар келтірейік. Биыл Бірінші лига аясында алматылық «Қайрат-Жастары» мен түркістандық «Қыран» футбол клубының арасындағы ойын көпшіліктің көңіліне күдік ұялатты. Мұндай «күдікті» матчтарды бірінші болып букмекерлік орталықтар байқайды. Дәл осы ойынның 30-минутында «Қыран» футбол клубы 1:0 есебімен алда тұрған. Осы кезде белгісіз бір аккаунт арқылы бірінші таймда «Қайрат-Жастары» жеңеді деген бәс тігіледі. Алғашқы таймның аяқталуына небәрі 15 минут қалды. Ал, «Қайрат-Жастары» жеңіліп жатыр. Логикаға сыймайтындай әрекет. Белгісіз аккаунт иесі болжағандай алматылық команда қалған 15 минут ішінде 3 гол салып, бірінші таймда жеңіске жетеді. Үзіліс кезінде тағы бір аккаунт түркістандық клуб жеңіске жетеді деген бәс тігеді. Айналдырған 15 минутта 3 гол жіберген команда жеңіске жетеді дегенге қалай сенуге болады? Десек те, бұл болжам да дұрыс шығып, «Қыран» екінші таймда алматылықтардың қақпасына 4 гол (!) салады.

Бірінші лигадағы күдікті ойындар жалғыз бұл емес. «Қайрат-Жастары» мен тағы бір түркістандық ұжым «Арыс» футбол клубының арасындағы матч та күдікке ілінген. Премьер-лигаға шығуға үмітті «Арыс» футбол клубы алматылық клубтың жастарынан 5:1 есебімен жеңіліп қалады. Бұл ойында айқын фаворит «Арыс» болатын. Осы матчтан кейін түркістандық команданың бас бапкері Әбдіхалық Бөрібаев қызметінен босатылды. «Қожахмет-инсайд» телеграм парақшасының жазуынша, клуб директоры Ерғазы Медетбеков пен бас бапкер Әбдіхалық Бөрібаев бір-біріне жақын туыс болып келеді. Соған қарамастан директор бапкерді жұмысынан босатыпты. Бөрібаевтан бөлек оның көмекшілері Құлдош Есжанов, Миралы Ломаев та қызметімен қош айтысқан.

«Қайрат-Жастарының» бюджеті туралы қолымызда мәлімет болмаған соң ештеңе дей алмай отырмыз, бірақ білетініміз «Арыс» пен «Қыран» – жергілікті бюджетті «еміп» отырған командалар. Әрине, бұл командалардың «келісілген ойын» өткізгені туралы ақпарат ресми түрде дәлелденген жоқ. Десек те, халық­аралық «Спорт-радар» орталығының бұл ойындарды «тізіміне» алып қойғанына күмәніміз жоқ.

«Келісілген ойындар» жалғыз футболда емес, баскетбол, волейбол, хоккей, теннис, гандбол, киберспорт секілді спорт түрлерінде жиі орын алады. Ал, біздің елімізде бұл спорт түрлеріне де қыруар қаржы бөлінеді. Спорт саласын жемқорлық жайлаған мемлекеттердің арасында 4-орын алуымыз да проблеманың қайсы тұста екенін аңғартады. 

Біздегі спорт саласына жауапты ведомство басшылары өз креслосының «жарамдылық мерзімін» ғана ойлайтындай көрінеді. Алысқа бармай-ақ, соңғы 3-4 Олимпиададағы нәтижелерге үңілейікші. Біздің спортшылар алған жүлделердің көпшілігін легионерлер әперді. Өзіміздің жергілікті спортшылар алған жүлделердің біразын ХОК допинг дауына байланысты қайтарып алды. Сол кездері спорт саласын басқарған, оған қаржы бөлген, соның «нанын» жеген адамдардың қазір бірі де жоқ. Сонда елдің рухын көтеру (спорттың ең негізгі миссиясы) үшін бөлінген миллиардтардың есебін кім береді?

Пікір қалдырыңыз