Тарихтан сыр шертеді

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының» ұйымдастыруымен «Ұлы Жібек жолы және Отырар алқабының қалалық мәдениеті» тақырыбында көрме ашылды.

Көрменің ашылу салтанатында «Есік» музей-қорығының директоры Гүлмира Мұхтарова сөз сөйлеп, ерекше тарихи көрме ұсынған әріптестеріне алғысын білдіріп, еліміздің тарихи-мәдени мұраларын дәріптеуде бұл көрменің маңызы ерекше екенін атап өтті.
Қонақтар делегациясын бастап келген «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының директоры Жангелді Махашов екі музей арасындағы әріптестік байланыстардың нығайып келе жатқанына тоқталды. Отырар өңірінің тарихи-мәдени мұраларының кеңінен насихатталуына мән беріп, музейтану, археология саласындағы нәтижелі жұмыстар жүйелі жалғасатынын айтқан Жангелді Меңлібайұлы бұл жұмыстың маңызына тоқталды. «Көне Отырарды зерттеу, ғылыми саралау сонау ортағасырлық саяхатшылар мен тарихшылардан бері жалғасып келеді. Бүгінде Отырар әлемдік ескерткіш болып ЮНЕСКО тарапынан мойындалды. Қазір Отырар өңірін ғылыми-зерттеу жұмыстары Ә.Марғұлан атындағы Археология институты мен «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы жүргізіп жатқан қазба жұмыстарымен жалғасып келеді» деді ол. 
Сондай-ақ көрменің ашылу салтанатында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих факультетінің деканы, профессор Досбол Байқонақов сөз сөйлеп, университет ғалымдары еліміздегі музей мамандарымен бірлескен ғылыми жобаларды іске асырып отырғанын атап өтті.
Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Қаракемер ауылдық мәдениет үйінің өнерпаздары ән-жырдан шашу шашып, көрменің көрігін қыздырды. 
Көрменің салтанатты ашылуында директор Гүлмира Райылқызы «Есік» музей-қорығымен белсенді әріптестік орнатқан «Отырар» музей-қорығының қызметкерлері мен мектеп мұғалімдерін арнайы марапаттады. 
 «Отырар» музейінің экскурсия жетекшісі Ерлан Әскерини көрмеге келушілерге құнды көне жәдігер – Отырар қазанын таныстырды. Көрме «Ұлы Жібек жолы және Отырар Х-ХІ ғғ», «Отырар Қарахан дәуірінде», «ХІV- ХV ғғ. Темір дәуіріндегі Отырар», «ХVІ-ХVІІІ ғғ. Отырар Қазақ хандығы тұсында», «Отырардағы жазба мәдениетінің пайда болуы» тақырыптарын қамтығанын да айта кетейік. 
Көрмеде «Отырар» музей-қорығы қоры жинағындағы археологиялық жәдігерлер – керамикалық бұйымдар, нумизматикалық материалдар, шыныдан жасалған заттар, сирек кездесетін жәдігерлер, ескерткіштерге қатысты аэрофотолар мен карталар ұсынылды.
«Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының» «Ұлы Жібек жолы және Отырар алқабының қалалық мәдениеті» тақырыбындағы көрмесі «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында биыл жыл соңына дейін ашық болады.

«Оңтүстік»-ақпарат.
Пікір қалдырыңыз