Мас жүргізушіден қауіп көп
Тоғжан Зеберханова, «Оңтүстік Қазақстан».
«Заңға өзгертулер енгізуді тапсырдым: алкогольді ішімдіктердің кез келген түрін ішкен күйінде көлік жүргізгені үшін, сондай-ақ мал ұрлығы үшін берілетін жазаны қатаңдату қажет» деген еді Президент.
Спирттік ішімдік ішсе, соның буымен шопырдан санамен бірге жауапкершілік те кетеді. Ондайда шоқалақ жолың да, тақтайдай тегісі де көмектеспейді. Жақында Түркістан облысының аумағында «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілген болатын. Тәртіп сақшылары өңірде құқық бұзушылықтардың алдын алуға және жолын кесуге, қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, көшелерде және қоғамдық орындарда қылмыстардың алдын алуға ерекше назар аударды. Яғни тәртіп сақшылары 1493 ауланы аралап, рейд барысында мас күйінде көлік басқарған 33 жүргізушіні анықтап, жауапқа тартты. Бұл 5 тәулік ішінде болған жағдай. Жыл басынан бері осындай фактімен жауапқа тартылып жатқандар қаншама.
Мысалы, осы жылдың қыркүйек айында Түркістан облысында мас күйде көлік тізгіндеп, жол-көлік оқиғасын жасаған азамат әкімшілік қамауға алынды. Ордабасы ауданының тұрғыны «Opel Vectra» маркалы көлігін мас халде басқарып, өз бағытында өтіп бара жатқан «DAF» жүк автокөлігіне соқтығысып, көлік иесіне материалдық шығын келтірген. Тәртіп сақшылары бұл жайтты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы, яғни «жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйде басқару» бойынша тіркеді. Бұл істі полиция қызметкерлері іс-құжаттарды жинақтап, заңды шешім қабылдау мақсатында Ордабасы аудандық сотына жолдаған. Соттың шешімі бойынша спирттік ішімдік ішіп, масаң халде көлік тізгіндеген азамат ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабына сәйкес 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Қолымызға тиген сот қаулыларының көбі мазмұны жағынан бір-біріне ұқсас болып келеді.
Жол сақшыларының айтуынша, былтыр облыс аумағында мас күйінде көлік жүргізген 1000-нан астам жүргізуші ұсталыпты.
Олардың көбісі әкімшілік жеңіл жазамен құтылған шығар. Жоғарыда айтып өткендей, енді Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске мас күйде көлік айдаған жүргізушілерге қатысты қолданылатын жазаны қатайту туралы өзгеріс енгізілмек. Заңдағы өзгеріске сәйкес, көлікті мас күйде жүргізген адам қауіпті қылмыскер деп танылып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылады. Сондай-ақ мұндай жүргізушілерді кем дегенде 5 тәулікке қамауға алу түріндегі әкімшілік жаза қарастырылған.