Оның жолы – жастарға үлгі

Әдетте судьялар іс қарарда көбіне ішкі түйсігіне арқа сүйеп жатады. Осы тұрғыдан келгенде олардың ішкі жан-дүниелері, ой-танымдары қай дәрежеде? Әлде заңның әрбір бабын жаттап, әрбір бабы үшін тістесіп, жан-дүниелері қатып қалған жандар ма? Саналы ғұмырын сот жүйесінің дамуына арнаған Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Сайдыбаттал Тоқбергеновпен әңгімелескенімізде көңілдегі көп сұрақтарға жауап алдық.  

Президент Жарлығымен тағайындалатын судьялардың мәртебесі, ел алдындағы жауапкершілігі мен міндеті қашан да өте жоғары. Осыған байланысты шығар, көпшілік орындарда сирек көрініп, өздерін оқшаулау ұстап жүреді. Көпшілігінің бұлай істемеске амалдары жоқ. Себебі сотқа ісі түсетін адамдар болады. Солардың бәріне жылыұшырай қарап, кішкене еркіндеу әңгімелессең, ертең оның «оны жақсы білемін» деп шаруа айтып келмесіне, онысы заңға қайшы болса, әлгінің сөз таратып жібермесіне кім кепіл?

Сайдыбаттал Лаулинұлы өзінің өмір тәжірибесінде мұндайды талай көрген. Бірақ ол судья екенмін деп, адамдардан өзін аулақ ұстамай, өзінің қоғамдағы орнын, жауапкершілігін сыпайы түрде жеткізе біледі. Себебі  ол жастайынан ата-анасының «Адал бол, ешкімге қиянат жасама» деген ұлағатын көңілге тоқып өсті. 

Ол әрбір қызметін ұқыпты атқарып, өз ісін жете білуге күш салады. Өмір жолына үңілсек, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің заң факультетін бітіргеннен кейін ол алғашқы еңбек жолын Әскери сотта сот мәжілісінің хатшысы болып баста-ды. 2002 жылы Шымкент гарнизоны әскери прокурорының көмекшісі міндетін атқарушы, 2003-2006 жылдары Шымкент гарнизоны Әскери сотының судьясы, 2006-2015 жылдары Абай аудандық сотының судьясы, 2015-2021 жылдары Абай аудандық сотының төрағасы, 2021-2023 жылдары Еңбекші аудандық сотының төрағасы қызметтерін абыроймен атқарды. Бүгінде ол жаңадан құрылған Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы қызметінде. Ол сот шешімінің сапалық деңгейін көтеруді үнемі бірінші орынға қояды. Соның арқасында бұзылған шешім болған жоқ, іс қарау мерзімдері де қатаң сақталды. Оның атына ешқандай шағым түспеуінің бір себебі осы. 

Судьяның алдына кейбір адамдар үміттері таусылып, жүйкелері жұқарып келеді. Оларды тыңдай білу, өтініштеріне құлақ асу, дұрыс жауап беру сабырлылықты талап етеді. Осындай сәттерде ол ұлы Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла...» деген сөзін ұдайы жадында ұстайды. 


С.БӘЙМЕНОВ,

Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық

сотының бас маманы.

Пікір қалдырыңыз