Оңай олжа опық жегізеді

Бүгінгі таңда білек сыбанып еңбек еткеннен гөрі, ауадан ақша жасауға әуес боп бара жатқандаймыз. Бәріміздің де аз жұмыс істеп, көп ақша тапқымыз келеді. Байлықта, шалқып өмір сүрсек дейміз. Осындай масылдық пиғылдан кім көрінгенге алданып, жем боп жүргендер күн санап артып барады. Бұған бірден-бір себеп әлеуметтік желілерде жарияланып жатқан «Үйде отырып, ақша тапқыңыз келе ме?», «Instagram-нан ақша табу», «WhatsApp-тан оңай ақша табу жолдары» дейтін жарнамалар. Заңгерлердің айтуынша осындай ұсыныстардың басым бөлігі қаржы пирамидасына алып келетін көрінеді.

Соңғы жылдары алаяқтыққа еті үйренген әккілер мен олар құрған қаржы пирамидалары жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап барады. Бірін жапса, екіншісі ашылады. Оны құрғандардың ұсталып, сотталғаны жарияға жар болып жатса да, халық пирамидаларға сенуін тоқтатпайды. Осы ретте көзі ашық, оқығаны көп адамдардың да қаржылық ұйымның қарамағына қалай ілінеді деген сауал көлденеңдейді.

Біздіңше, біріншіден, халықтың көп бөлігінің экономикалық сауаты төмен. Екіншіден, ақпарат құралдарында қаржылық пирамидалар туралы айтылғанымен, олардың іс-әрекетіне талдау жасалмайды. Үшіншіден, осы уақытқа дейін «адамдардың еңбектеніп тапқан ақшасын алдап алатын» қаржылық ұйымдардың жұмысына ғылыми тұрғыда экономикалық және математикалық талдау жасалған жоқ. Төртіншіден, елімізде халықтың артық ақшасын сақтайтын жүйе қалыптаспай отыр.

Қаржы пирамидаларының кейбірі тұтынушылар кооперативінің атын жамылып, азаматтарды өте қолайлы шарттармен жылжымайтын мүліктер алуға шақырады. Биыл қалалық қылмыстық қудалау органдары осындай 5 қылмыстық істі тіркеді. Осыған орай прокурорлар жәбірленушілерді қабылдап, олардың өтініштерін тіркеп, заңнама талаптарын түсіндірді. Қалалық прокуратура адамдарды сақ болуға және алаяқтардың құрығына ілікпеуге шақырады. Ақша салмай тұрып ұйымның қызметін, лицензияларын мұқият тексерген абзал.

Осындай қылмыстардың алдын алу үшін ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі өздерінің ресми сайттарында қаржылық пирамиданың белгілері бар 58 ұйымның тізімін жариялаған. Қалалық прокуратура қаржылық пирамиданы құрған және басқарған адамдардың мүлкін тәркілеумен қатар, бес жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын ескертеді.

Т.Сейітханқызы

Пікір қалдырыңыз