Халықаралық турнир өтті

Жетісайда еркін күрестен жас- өспірімдер арасында халықаралық турнир өтті. Аудандық ішкі істер басқармасының бастығы қызметін атқарған полиция полковнигі, Жетісай және Мақтаарал аудандарының құрметті азаматы Әбдіғаппар Серікбаевты еске алуға арналған жарысты Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Жетісай аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің, аудандық №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі мен «Жастар» спорт клубы бірлесе ұйымдастырды.

Спорттық іс-шараның ашылу салтанатына Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов пен спорт ардагерлері, Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары, аудандық №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Ғабит Жанаев қатысты.

2007-2008, 2009-2011, 2012-2014, 2015-2016 жылдары туған жасөспірім балуандар боз кілемде 20, 23, 26, 29, 30+, 32, 33, 35, 36, 38, 39, 42+, 48, 52, 57, 60 және 80+ келі салмақта өзара мықтыларды анықтады. Байрақты бәсекеде Қырғызстан, Өзбекстан, Түркістан, Алматы және Шымкент қалалары мен Төлеби, Сарыағаш, Қазығұрт, Түлкібас, Шардара, Сайрам, Келес, Мақтаарал және Жетісай аудандарынан келген 400-ге жуық жас балуан күш сынасты.

Жарыс қорытындысымен жалпыкомандалық есепте өзбекстандық балуандар жүлделі ІІІ орынды иеленсе, ІІ орын Жетісай аудандық №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі командасының қанжығасына байланды. Ал жүлделі І орын Жетісай аудандық №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің балуандарына бұйырды. 

Турнир соңында жеңімпаздар мен белсенді қатысқандар, жастарды спортқа баулып жүрген жаттықтырушылар арнайы дипломдармен, ұйымдастырушылар тағайындаған медальдармен марапатталды.

Пікір қалдырыңыз