Түркістанда толайым табыстар бар

Қазіргі таңда еліміздің барлық аймақтарында «Алтын күз» мерекесіне дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Жер-Ананың адам баласына ұсынар мол ырыс-несібесін шашпай-төкпей жинап алып, берекелі күзді мерекелі мезеттермен ұластырып жатқан жайы бар. 
Шаруалардың асыға күтетін «Алтын күз» мерекесінің қарсаңында біз Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тұрғанбек ОСПАНОВҚА хабарласып, биылғы жетістіктер жайлы сұхбаттасқан едік.

Агроөнеркәсіп кешенінің айшықты адымы осындай!

– Тұрғанбек Үсенбекұлы, Мемлекет басшысы агро-өнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасау қажеттігін еске салып, алдымызға ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін тиімді пайдалану міндетін қойғаны мәлім. Бұл бағытта нақты қандай жұмыстар қолға алынды?
– Түркістан облысының агроөнеркәсіп кешені жалпы өңірлік өнімнің 30 пайызын құрайтын өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының драйвері болып табылады. 
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы елімізді негізгі азық-түлік өнімдерімен толық қамтамасыз ету жөнінде Үкіметтің алдына зор міндет қойды. Қазіргі таңда облыста ауыл шаруашылығы өндірісі тұрақты даму үстінде. Экономикалық өсім де жоғары. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 802,6 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі 101,8 пайызға артты. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 82,2 млрд. теңге, тамақ өндірісінің негізгі капиталына 11,3 млрд. теңге инвестиция тартылып, өткен жылмен салыстырғанда 179,6 пайызға ұлғайды.
Өсімдік шаруашылығында да өсім бар. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 870,2 мың гектарға егіліп, өткен жылмен салыстырғанда 9,4 мың гектарға артты. Егістікті әртараптандыруға сәйкес, масақты дақылдар 273 мың гектарға, майлы дақылдар 83,2 мың гектарға, мақта 111 мың гектарға, көкөніс, бақша дақылдары 112 мың гектарға, мал азығындық дақылдар 224 мың гектарға егілген. Жиын-терім жұмыстарын жүргізу үшін мемлекет тарапынан 34 мың тонна жанар-жағармай бөлініп, тауар өндірушілерге босатылды. Минералды тыңайтқыштардың құнын арзандатуға 6,5 млрд. теңге, тұқым шаруашылықтарын қолдауға 600 млн. теңге және пестицидтер сатып алуға 372 млн. теңге бөлініп, субсидиялау жұмыстары ойдағыдай жүргізіліп келеді.
– Балапанды күзде санайтын уақыт келді. Биылғы жиын-терім нәтижесіне  тоқтала кетсеңіз...
– Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде өсімдік шаруашылығының даму қарқыны тұрақты сақталып отыр. Атап айтқанда, 273 мың гектарға егілген дәнді дақылдарды ору науқаны толығымен аяқталды. Гектар түсімділігі 18 центнерді құрап, 492 мың тонна астық жиналды. Сонымен қатар, көкөніс, бақша өнімдерінен 3,1 млн. тонна, жүгеріден 190,3 мың тонна, майлы дақылдардан 83 мың тонна және 4,7 млн. тонна мал азығы дайындалды. Өңірімізде 111 мың гектарға егілген мақтаның да шығымы жаман емес, гектарына орта есеппен 27 центнерден айналып отыр. Жиын-терім жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.

Қарқынды бауда қарқын бар

Еңбек өнімділігін арттыру үшін жаңа тәсілдерге басымдық беріліп жатқанын да айта кетейік. Иә, өңірде қарқынды бау шаруашылығы дамып келеді. Бүгінде баудың көлемі 5 мың гектарды құрайды. Оның 453 гектары биыл іске қосылды. Бұрын гектарына 60-70 центнерден жеміс жиналатын болса, қарқынды баудан өнімділік 5 есеге дейін артып, 300-350 центнерге дейін өнім беріп отыр.
Облыста су үнемдеу технологияларын пайдаланатын алқап 30,2 мың гектарды құрайды. Оның ішінде 2023 жылы 5,1 мың гектар алқап іске қосылды. Мәселен, 21 мың гектарға тамшылатып суару технологиясы енгізіліп, 9,3 мың гектарға жаңбырлатқыш машиналар орналастырылған. Жылыжайлар көлемі 1 640 гектарды құрайды, бұл дегеніміз – республикалық көрсеткіштің 71 пайызы!
Осы тұста мына мәселені айрықша айта кетуге тиіспіз. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан жылыжайларда пайдаланылған электр энергиясы мен газ шығындарын ішінара субсидиялау қағидасы әзірленуде. Бюджеттік бағдарлама 2024 жылдан бастап қолданысқа енгізілмек. Демек жылыжай шаруашылығын дамытуға қолайлы Сарыағаш, Келес, Қазығұрт, Ордабасы, Сайрам аудандарынан 100 гектардан агроаймақ құрылып, 2027 жылға дейін 500 гектар жаңа жылыжай кешендері пайдалануға беріледі деуге болады.
– Су тапшылығының алдын алу мақсатында қандай шаралар жүзеге асырылады?
– Иә, агроөнеркәсіп кешенінің алдына қойған міндеттерін орындау суармалы жерлерді тиімді пайдалануға тікелей байланысты. Республикадағы суармалы жерлердің төрттен бір бөлігі немесе 552 мың гектары облысқа тиесілі. Түркістан өңірінде орташа есеппен жыл сайын 210 млн. текше метр ағын су тапшылығы білінеді. Осы мәселені түбегейлі шешу үшін облыста бірқатар су нысандарының құрылысы басталып, бүгінде екі ірі су нысаны толық пайдалануға берілді. Атап айтқанда,  сыйымдылығы 18 млн. текше метрді құрайтын «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасы салынып, нәтижесінде жылына қосымша 34 млн. текше метр ағын суды жеткізуге мүмкіндік ашылды. Екіншіден, Түркістан магистральды каналының 59 шақырымын бетондау арқылы жылына 60 млн. текше метр ағын су үнемдеуге қол жеткізілді. Каналдың су өткізу құрылымдарына австралиялық «Рубикон Воутердің» автоматтандыру жүйесі орнатылды. Бұдан бөлек, Түркістан өңірінде ағын су тапшылығын оңтайлы шешу үшін «Боралдай» (50 млн.м3, жоба құны 15 млрд. тг.), «Бәйдібек ата» су қоймасын салу (68 млн.м3, жоба құны 16,9 млрд. тг.) жобалары әзірленді. Жобалар Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында ҚР су саласын дамытудың 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарына енгізілді. Бұл жобалар арқылы суару маусымында «Бөген» су қоймасына қосымша 130,0 млн. текше метр ағын су жеткізіледі.
Сонымен қатар, маңыздылығы жоғары коммуналдық меншіктегі 16 су нысанына күрделі жөндеу, 5 су нысанына ағымдағы жөндеу және жалпы ұзындығы 688,6 шақырымды құрайтын 40 нысанға күрделі жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге облыстық бюджеттен 
4,5 млрд. теңге қаралды. Нәтижесінде 63 шақырым канал бетонмен қапталып, 11 140 гектар жердің сумен қамтамасыз етілуі жақсаратын болады.
– Қыстан қысылмас үшін малға жем-шөп жеткілікті әзірленді ме? Бұл да өзекті мәселе ғой...
– Әрине, өңірімізде ірі қара мал саны 3,4 пайызға (1 180,9 мың), уақ мал 2,3 пайызға 
(5 127,4 мың), жылқы 10,0 пайызға (456,6 мың), түйе 7,6 пайызға (41,5 мың), құс 11,2 пайызға (2 238,9 мың) артты. Нәтижесінде ет өндіру 5,2 пайызға артып, 172,2 мың тоннаны, сүт 3 пайызға  көбейіп, 623,4 мың тоннаны құраса, жұмыртқа өндіру 1,8 пайызға ұлғайды. Еліміз бойынша ірі қара мал санының 13 пайызы, уақ малдың 21 пайызы, жылқының 11 пайызы, түйенің 
15 пайызы Түркістан облысына тиесілі. Мал қыстату кезеңіне 4 273,3 мың тонна мал азығын жинау жоспарланып, бүгінгі таңға 3704,1 мың тонна жоңышқа, 161,1 мың тонна пішендеме, 206,8 мың тонна сүрлем дайындалды. Жалпы, мал азығы 4785,0 мың тоннаны құрап, тапсырма 112 пайызға орындалды.
 
Еліміз бойынша алдамыз!

Ет экспорты бойынша біздің облыс республикада көш басында тұр. Ірі қара мал етінің үлесі 85 пайызды, уақ мал 60 пайызды құрайды. Өңірде жалпы 9 183 ірі қара мал бордақылау алаңы бар. Оның 400 басқа дейінгісі 9 148 болса,  400 бастан 1000 басқа дейінгісі – 13, ал мың бастан жоғары 22 мал бордақылау алаңы жұмыс істейді.
– Өнім экспорттау, қайта өңдеу және ауыл тұрғындарының табысын арттыру саласында қандай жаңалықтар бар?
– Облыстан негізінен экспортқа көкөніс, бақша, жеміс-жидек, картоп, мақсары, өсімдік майы, ұн, ет, сүт өнімдері, балық және балық өнімдері және мақта талшығы шығарылады. Биылғы 9 айдың қорытындысымен 250,3 млн. доллардың өнімі экспортталды. Таратып айтар болсақ, 479,7 мың тонна (80,6 млн. доллар) өсімдік, 17,2 мың тонна (59,7 млн. доллар) мал өнімдері, 128,7 мың тонна (110,1 млн. доллар) қайта өңдеу өнімдері экспортқа жөнелтілді. 
Өңірімізде 11 ет, 22  сүт, 22 жеміс-көкөніс өнімдерін өңдейтін кәсіпорын жұмыс істейді. Ет өңдеу бойынша Ордабасы ауданында «Ордабасы құс» ЖШС (жылына 9,0 мың тн.), «Инфрастрой ЛТД» ЖШС (жылына 6,0 мың тн.),  Қазығұрт ауданында «Қарқын-2030» ЖШС (жылына 2,8 мың тн.). Сүт өңдеу бойынша Төлеби ауданында «Фуд Мастер» ЖШС (жылына 76,2 мың тн.), Ордабасы ауданында «Бөрте Милка» ЖШС (жылына 17,5 мың тн.),  Сайрам ауданында жылдық қуаттылығы 10,0 мың тоннаны құрайтын төрт кәсіпорын («Натур продукт» ЖШС, «Сайрам сүт» ЖШС, «Озай Зеки» ЖК, «Рассвет» ӨК) бар. Жеміс-көкөніс өңдеу бойынша Сайрам ауданында «DALA-FRUIT.KZ» ЖШС-ны (жылына 180,0 мың тн.), Ордабасы ауданында «Александровский сад» ЖШС-ны (жылына 1,2 мың тн.), Қазығұрт ауданында «Көрік» ЖШС-ны (тәулігіне 8,0 тн.) атап өтуге болады.
– Бүгінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыс көп. Сіз басшылық ететін сала да бұл бағдарламадан сырт қалмаған болар?
– Иә, бұл бағдарлама аясында да бізде біраз жұмыс  қолға алынды. Ауыл экономикасын және халықтың өмір сүру деңгейін көтеру, халықты тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз ету, ауыл әлеуетін тиімді пайдалану мақсатында жүзеге асатын жобалардың алты бағыты айқындалды. Әрқайсысына жеке-жеке тоқталар болсам, біріншісі – өсімдік шаруашылығын дамыту, екіншісі – мал шаруашылығын дамыту, үшіншісі – құс шаруашылығын дамыту, төртіншісі – балық шаруашылығын дамыту, бесіншісі – ауыл шаруашылығы кооперативтерді жабдықтау және алтыншысы – тұрғындардың өз кәсібін ашу бағытында жұмыс жүргізілуде. Бұл жобаларды қаржыландыру үшін республикалық бюджеттен 19,8 млрд. теңге бөлінді. Нәтижесінде 3 220 жобаға қолдау көрсетіліп, 3 413 жаңа жұмыс орны құрылатын болды. Яғни  жоспарланған шараларды іске асыру нәтижесінде жыл қорытындысымен ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін 1 трлн. 127 млрд. теңгеге жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бір сөзбен айтқанда, Түркістан облыстық агроөнеркәсіп кешенінің айшықты адымы осындай!
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Пікір қалдырыңыз