Есірткі ешкімді есіркемейді

Бүгінде қоғамда есірткі тасымалдауға қарсы күрес қарқынды жүргізіліп келеді. Өйткені соңғы уақытта қылмыстың бұл түрі өршіп тұр. Айталық, жыл басынан бүгінге дейін Түркістан облысында 125-тен астам адам есірткімен байланысты қылмысы үшін темір тордың арғы жағына аттанған. 

Сонымен қатар, құқық қорғаушылар интернеттегі мониторинг жұмыстарының нәтижесінде синтетикалық есірткі таратуы мүмкін 48 ақпараттық сайтты анықтап, бұғаттаған және заңсыз айналымнан 1 тоннаға жуық түрлі есірткі тәркіленіп алынды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің жанындағы Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған қызметті үйлестіру жөніндегі штаб мәжілісінің отырысында айтылды. 
Нашақорлық – қоғамды толғандыратын ең өзекті әлеуметтік мәселелердің бірі болса, есірткі заттарын сату – ең қауіпті қылмыстардың бірі. Қазір бұл зиянды затқа құмарлық танытушылар саны күн санап көбеюде. Адам денсаулығын құртып, сананы улайтын бұл затқа, әсіресе жастар мен жас балалардың әуес болуы үлкен алаңдаушылық туғызуда.
– Жастар арасындағы есірткіге әуестік көбінде білместіктен басталады. Жасөспірімдер қоршаған ортасының кері әсеріне иланғыш келеді. Өздері жас болғандықтан, қоршаған ортаның әр сипатты әрекетіне үлкен адамның ойына келмейтін жауап кайтарады. Өз іс-әрекетінің салдарын дұрыс болжамау, жеңілтектік, жан-дүние, мінез-құлық пен дүниетанымның толық калыптаспағандығы, еліктеушілік, алғаш рет спиртті ішімдіктер мен есірткінің дәмін көруді тудыратын себептерге жатады. Қазіргі таңда жастар арасында  «синтетикалық есірткі» кеңінен тараған. Бұл заттар қолжетімді әрі арзан. Оны интернет пен мессенджерлер арқылы сатып алады. Ата-аналардың балаларының бос уақытын бақылаусыз ұстауынан осындай қасіретке душар болдық, – дейді нарколог Айтолқын Байғонова. 
«Синтетикалық есірткі» дегеніміз не?  Бұл психологиялық және физикалық тәуелділікті тудыратын жасанды жолмен алынған психоактивті заттар. Бұрындары есірткіге тәуелді адам туралы айтқанда тамырына дәрі салатын адам көз алдымызға елестейтін. Ол солай суреттеліп те жүрді. Ал бертін келе құлап жатқан адам айналасында шашылып жатқан дәрілер бейнеленетін. Бүгінгі заманғы есірткі құмар адамның бейнесі тіптен өзгеріп кеткен. Көшеде сағыз шайнап бара жатқан адамды кім болсын есірткіге тәуелді деп ойламасы анық. «Синтетиканың» ерекшелігі сол сағыз сияқты шайнауға да, темекі секілді шегуге де, тіпті иіскеуге де болады. Бұрынғыдай денесін тесіп, дәрі екпейді. Сол себептен есірткі сатушылардың торына көбінесе кәмелет жасына толмағандар түсіп қалады.
Есірткіні тұтынушылардан бөлек оны таратушылардың арасында да жастар көп. Бұл да бір үлкен мәселе. Кейбірі тіпті білместікпен немесе жеңіл ақша табу мақсатымен істеуі мүмкін. Бірақ заңды білмеу жауапкершіліктен құтқармайды. Оның үстіне елімізде есірткі таратушыларға қатысты заң қатаңдатылды, яғни 10 жылдан 20 жылға дейін темір торға тоғытылады.
Есірткі қылмысымен күресті әр ел әрқалай жүргізеді. Жуырда Қазақстан үкіметі нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітті. «Есірткі бизнесімен күреске алдағы үш жылда 53 млрд. теңге бөлінеді. Кешенді жоспар аясында шекаралық өткізу бекеттерінің техникалық әлеуетін арттыру көзделіп отыр. Өңірлердегі нашақорлықты емдеу орталықтарының ескіргені де ескеріліп, оларды жаңғырту жұмыстарына 2,3 млрд. теңге бағытталмақ. Үш жылға қабылданған кешенді бағдарлама аясында облыстарда сараптамалық орталықтар ашу жоспарлануда. Өйткені есірткі құрамын талдайтын зертханалар Астана мен Алматы қалаларында ғана бар. Сондай-ақ есірткімен күрес бөлімдері әуе барлау дрондары мен жедел аппараттық кешендермен жабдықталады» деді ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірханов.
Өңірімізде есірткі тұтынушыларға қатысты мемлекеттік деңгейде шара қолданылуда. Мәселен,  «Облыстық психикалық денсаулық орталығы» Түркістан облысының халқына наркологиялық көмек көрсетеді. Атап айтқанда, Шымкент қаласы аумағында орналасқан негізгі мекеме ғимаратында науқастарға стационарлық емге арналған 130 төсек-орын қарастырылған. Оның ішінде 70-і ерікті емге арналса, 60-ы сот шешімімен мәжбүрлеп емдеуге арналған.
Психикалық белсенді заттарға тәуелді науқастарға арналған медициналық оңалту бөлімшесінде – 15, Сарыағаш қаласында – 20, Түркістанда 20 төсек-орын жасақталған. Аудандық медициналық ұйымдарда 20 психикалық денсаулық кабинеті жұмыс істейді. Облыс бойынша 37 психиатр қызмет көрсетеді. Нашақорлықтан айықтырудың жалпы курсы 12 айға дейін созылады екен. Стационардан соң емделуші өзінің емханасында қаралып, әрі қарай емін жалғастыра береді. Дәрігерлер психоактивті заттарды қабылдау адам ағзасына ғана емес, психикасы үшін де өте қауіпті екенін ескертеді. Түркістан облысының штаттан тыс бас наркологы Қабілет Әбеновтің айтуынша, мәжбүрлеп емдеуге қарағанда ерікті түрде келушілер қатары көп.
Облыста жыл сайын нашақорлыққа қарсы түрлі іс-шаралар өткізіледі. Соның бірі – Түркістан облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері облыстық әкімдік, Жастар орталығымен бірлесіп өткізген «Есірткісіз болашақ» іс-шарасы. Осының аясында нашақорлықтың алдын алуға қатысты түрлі акциялар ұйымдастырды. «Есірткіге жол жоқ!» ұранымен өткен іс-шарада өнерпаздар жат қылықтардан аулақ болуға шақырды. Сондай-ақ полиция қызметкерлері көпшілік орындарда, саябақтар мен көшелерде тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Одан бөлек облыста 2022-2023 жылдарға арналған бірлескен профилактикалық іс-шаралар жоспарына сәйкес, мектеп оқушылары мен студенттер арасында 22 мыңнан астам жастың қатысуымен нашақорлыққа және есірткіге қарсы 44 іс-шара өткізілген.
Пікір қалдырыңыз