«Бизнестегі ахуал бақылауда болады»

Мемлекет басшысы кәсіпкерлер мен инвесторлардың алаңсыз жұмыс істеуіне барынша жағдай жасап келеді. Дей тұрғанмен, өз ісін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлерге қасақана жасалынатын кедергілер де аз емес. Кейде олардың жұмысына құқық қорғау органдары заңсыз араласып жатады. Осы орайда облыстағы кәсіпкерлік субъектілерінің құқығын қорғау мәселелері төңірегінде Түркістан облысы прокурорының орынбасары Жомарт НҰРҒАЛИМЕН сұхбаттасқан едік.

– Жомарт Нұрғалиұлы, сұхбатымызды көпшілікті толғандыратын бизнесті қорғау мәселесінен бастағым келіп отыр. Жеке кәсіппен табыс тапқысы келетіндерге қысым азайды ма?

– Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында бизнесті, кәсіпкерлерді заңсыз тексерулерден қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Жыл басынан бері тек кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бағытында жалпы 43 ұсыну, 44 наразылық және 8 қаулы түріндегі прокурорлық қадағалау актілерін енгіздік. Нәтижесінде 8000-нан аса кәсіпкердің құқықтарын қорғап, заң бұзушылықтарға жол берген 52 лауазымды тұлғаны тәртіптік, 10 тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тарттық. Сонымен қатар, кәсіпкерлік субъектілерге қатысты қозғалған 293 әкімшілік істің күшін жойдық. 7 заңсыз тексеру фактісін анықтап, 888 заңсыз тексерудің алдын алдық. Бұдан өзге, салық органдарының қызметіне қатысты жүргізілген талдаулардың нәтижесінде заңсыз шығарылған 1133 салық бұйрықтары, 7 заңсыз тексеру фактісі, 282 заңсыз толтырылған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер, 5 кәсіпкердің банктік шоттарының негізсіз бұғатталғанын анықтадық.

Мәселен, Шардара ауданындағы 4000-нан астам шаруа қожалығына көктемгі дала жұмыстары үшін берілетін жеңілдетілген жанар-жағармайдың жергілікті әкімдік тарапынан жеткіліксіз мөлшерде бөлінгенін анықтадық. Әкімдік шаруаларға қажетті жағармайды дұрыс есептемей, жоспарға енгізіп жіберген. Қолданылған шаралар нәтижесінде қосымша 600 тонна жағармай бөлінді.

– Прокуратура органдары жанынан кәсіпкерлердің құқықтарын қорғайтын мобильді топтардың қызмет ететінін естіп қалдық. Бұл топтар немен айналысады? Оларға кәсіпкерлер негізінен қандай мәселелермен жүгінеді?

– Облыстағы әрбір аудан, қала прокуратураларының жанында осындай мобильді топтар жұмыс істейді. Олардың құрамында «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері де бар. Топ негізінен мемлекеттік органдарда жұмыс істейтін лауазымды тұлғалардың кәсіпкерлікке заңсыз араласу істеріне, негізсіз тексеру ұйымдастыруларына және басқа да заңсыздықтарға қарсы жедел әрекет етеді.

Мәселен, заңсыз тексеру жөнінде сигнал түскен жағдайға прокурор бірінші кезекте Бас прокуратураның «Тексеру субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі» ақпараттық жүйесі арқылы бұл тексерудің уәкілетті органда тіркелу жағдайын қарап, қажеттілік туындаса, оқиға орнына барады. Жыл басынан бері мобильді топтарға 99 сигнал түскен болса, оның 16-сы расталды.

Бір ғана мысал келтірсем, былтыр осындай сигналдардың арқасында ішкі мемлекеттік аудит департаменті мамандарының Шардара және Бәйдібек аудандарындағы 18 жекеменшік балабақшаға тексеру қаулысын шығармастан, тексеріспен қамтылатын құжаттарды талап еткендерін анықтадық. Заңсыздықтарға жол берген 2 лауазымды тұлға жеке кәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жүргізу тәртібін бұзғаны үшін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 175-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Соңғы кездері кәсіпкерлерден түсетін шағымдар мен өтініштер көбейді. Олардың дені – шағын және орта бизнес өкілдері. Көпшілігі мемлекеттік сатып алу мен жер заңнамаларының бұзылуына шағымданады, салық және полиция органдарының іс-әрекеттеріне көңілдері толмайды. Жаңадан қабылданған «Прокуратура туралы» ҚР Конституциялық заңына сәйкес прокуратура органдары жеке кәсіпкердің қызметіне араласу фактілері бойынша оның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қалпына келтіру үшін жолданымдарын қарауға міндетті және бұл бағытта тексеріс шараларын ұйымдастыруға бастама жасай алады.

– Инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бойынша прокуратура тарапынан қандай жұмыстар жүргізілуде?

– Президент тапсырмасына орай прокуратура органдарының алдына әрбір маңызды инвестициялық жобаларға тұрақты қолдау көрсету міндеті қойылды. Биылғы мамыр айында Бас прокуратурада өткен ведомствоаралық кеңесте прокурорлардың жобаларды сүйемелдеу тәсілдері таныстырылды.

Әлемде жобаларды сүйемелдеудің жинақталған тәжірибесін ескере отырып, прокуратура қызметкерлеріне жалпыұлттық пулға енгізілген арнайы жобалар, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ-ның Task Force бөлімшесі жетекшілік ететін жобаларды сүйемелдеуді жүзеге асыру міндеті бекітілді. Инвесторлардың құқықтарын қорғау және инвестициялық жобаларды ілгерілету үшін прокуратура өкілдері барлық консультативтік-кеңесші органдардың құрамына енгізілді. Прокуратураның бизнесті қорғау жөніндегі мобильді топтарының үлгісі бойынша 24/7 режимінде прокурормен тікелей байланыс жасауды және құқықтық консультация алуды ұйымдастырдық. Сондай-ақ, облыстық прокуратура жанынан фронт-офис құрылып, оның құрамына әкімдік, ұлттық қауіпсіздік органдары, қаржы мониторингі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттіктері, «Атамекен» ӨКП және «Kazakh Invest» ҰК» АҚ өкілдіктері кіргізілді.

Жалпы, біз жүйелі мәселелерді шешуге баса назар аударып, уақтылы құқықтық кеңес беруді, прокурорға кедергісіз жүгінуді, инвестордың әрбір проблемасын сол жерге барып зерделеуді және жобаларды жаппай сүйемелдеуді қолға алдық.

– Бизнес субъектілерінде немесе инвесторларда орын алып жатқан проблемалық мәселелерді қандай тәсілдер арқылы анықтайсыздар?

– Бізге жететін ақпараттың ең басты және негізгі көзі, ол  – кәсіпкерлердің өздері айтатын шағымдары. Бұл тұрғыда біз әрбір кәсіпкерден келіп түскен арыз-шағымдар мен сигналдарды жіті зерделеп, оның орын алу мүмкіндігіне баса назар аударамыз. Қажеттілігіне қарай талдау немесе тексеру жүргізуге бастамашылық жасаймыз.

Кәсіпкерлер шенеуніктер тарапынан қандай да бір заңсыздықтарға тап болып жатса, оны құзырлы органдарға хабарлай бермейді. Себебі, оның салдары алдағы уақытта қызметіне зиянын тигізеді деген ой қалыптасқан. Сондықтан аудан, қала прокурорларына бизнестегі ахуалды бақылауда ұстап, проблемаларды анықтау үшін ай сайын кәсіпкерлік субъектілермен кездесуді тапсырдық. Маусым айында облыс прокуроры М.Тлеубердиевтің бастамасымен ірі кәсіпкерлермен кездесу өтті. Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Н.Көшеров, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры А.Ибадуллаев, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың басшылары, сондай-ақ, «Кентау трансформатор зауыты» АҚ, «Саутс-Ойл» ЖШС, «ECOCULTURE-EURASIA» ЖШС, «АҚ-ЖОЛ» ЖШС секілді ірі кәсіпкерлік субъектілер мен инвесторлар қатысты. Кездесуде өңіріміздегі бизнестің ахуалы талқыланып, «ECOCULTURE-EURASIA» және «Саутс-Ойл» ЖШС басшыларының инвестициялық жобалары қаралды. Жиынның қорытындысы бойынша облыстық прокуратура мен кәсіпкерлер палатасы арасында өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға және бірлескен іс-шаралар жоспарына қол қойылды.

Осындай кездесулердің бірінде жеке кәсіпкерлердің құрылыс шығынын өтеу үшін алатын қаржылай қолдауға қол жеткізе алмай жүргендерін анықтадық. Оған себеп, Мәдениет және спорт министрілігінің осы бағытты реттейтін қағидасында нормативтік әкімшілік кедергілер орын алған. Бұл нормативтік құқықтық актіге енгізілуі қажет ұсыныстарымыз Бас прокуратура тарапынан қолдау тауып, ол әрі  қарай министрлікке жолданды. Қазіргі таңда бұйрыққа өзгерістер мен толықтырулар енгізілу үстінде.

– Өңір кәсіпкерлеріне қандай кеңес берер едіңіз?

– Біз прокуратура органдарына бекітілген міндеттердің сөзсіз орындалатынына халықты сендіргіміз келеді. Алдағы уақытта да бизнестегі ахуалды бақылауда ұстаймыз. Бізде кез келген азамат немесе кәсіпкер өз проблемалары бойынша байланыса алатын Сall- орталық жұмыс істейді. Оған төмендегі телефон арқылы хабарласуға болады: (8-778-403-34-37). Кәсіпкерлер мен инвесторлардың назарын мобильдік топтың қызметіне аудара отырып, мемлекеттік органдар мен ұйымдар тарапынан заңсыз тексерулер мен әкімшілік кедергілер болған жағдайда прокуратура органдарының сенім телефондарына хабарласуларын қаперлеріне саламыз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ,

«Оңтүстік Қазақстан.

Пікір қалдырыңыз