Құмар ойынға қарсы күрес күшейтіледі
«Лудоманияға қарсы күресте тәрбие ісі мен түсіндіру жұмыстарына ерекше мән берілуге тиіс».
Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен таяуда Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті. Жиында халық арасындағы құмар ойынға тәуелділік мәселелері талқыланды. Президент құмар ойынға тәуелді азаматтардың қатысы бар қылмыстар көбейгеніне құқық қорғау органдарының назарын аударды. Алдын алу жұмыстарын жүргізіп, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылдау жөнінде тапсырма берді.
ҚР ПІБ жанындағы Парламентаризм институты осы мәселе бойынша Парламент Мәжілісімен өзара іс-қимыл жоспары шеңберінде ойын бизнесі мәселелері бойынша жуырда ғана заң жобасын әзірледі.
Заң жобасының мақсаты – құмар ойындарға және бәс тігуге қатысу кезінде азаматтарды ойынға тәуелділіктен (лудоманиядан) қорғау, азаматтар мен олардың отбасылары үшін ойынға тәуелділіктің теріс әлеуметтік, экономикалық, құқықтық салдарын алдын алу, ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі саласындағы заңнаманы жетілдіру. Бұл жоба ҚР Қылмыстық кодексіне, сондай-ақ, «Ойын бизнесі туралы», «Төлемдер және төлем жүйелері туралы», «Жарнама туралы», «Мәдениет туралы», «Дене шынықтыру және спорт туралы», «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.
«AMANAT» партиясының биылғы сайлауалды бағдарламасына қарағанда, 2022 жылдың бірінші тоқсанында құмар ойындарды ұйымдастыру және бәс тігу бойынша қызметтер көлемі 138,8 миллиард теңгені құраған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда құндық мәнде бірден 8,4 есе көп және 2021 жылдың толық көрсеткіштерінен екі еседей артық. Бүгінгі таңда қазақстандық ойыншы қарызының орташа мөлшері 10 миллион теңге шегінде ауытқиды. Қазақстандағы
10 жұптың 7-еуі дәл осы себептермен ажырасуда. Қылмыстар мен суицид жағдайлары көбейіп кеткен. 350 мыңға жуық қазақстандық қазірдің өзінде құмар ойыншылар болғанына қарамастан, заңнамада осы қызметтерді жарнамалауға тікелей тыйым жоқ болатын.
Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесі отырысында осы жаман әдетке, әсіресе, жастар әуес екеніне назар аударып, мемлекеттік органдарға азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмар ойындарға қатысты шектеулерді күшейтуді тапсырды. Президент елімізде лудоманияның белең алуына қарсы бағытталған әлеуметтік дағдыларды қалыптастыруда қоғамның, дін қызметкерлерінің және бұқаралық ақпарат құралдарының атқаратын рөлі ерекше екенін атап өтті.
Шырынбек ОҢҒАРОВ,
ҚР ПІБ жанындағы Парламентаризм институтының сот жүйесі мен құқық қорғау органдары орталығының қызметкері.