Жеке және заңды тұлғалар прокуратура органдарына қалай жүгіне алады?

Жеке және заңды тұлғалардың жолданымдарын жан-жақты қарау және азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру – прокуратура органдары жұмысының басым бағыттарының бірі. «Прокуратура туралы» ҚР Конституциялық заңының қабылдануына байланысты прокурорлардың арыз-шағымдарды қарау негіздерінің нақты тізбесі айқындалды.

Конституциялық заңның 24-бабы, 1-тармағына сәйкес, прокуратура органдары жолданымдарды, хабарларды, ұсыныстарды, үн қосуларды және сұрау салуларды; 

адамның физиологиялық ерекшеліктеріне, психикалық ауытқуларына және өзге де мән-жайларға байланысты өз құқықтарын, кәмелетке толмаған адамдарды, сондай-ақ, шектелмеген адамдар тобын қорғауды өз бетінше жүзеге асыра алмаса, оның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды және құқықтарын қалпына келтіруді;

адамның және қоғамның немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды және қалпына келтіруді;

мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, мекемелер, олардың лауазымды адамдары, меншік нысанына қарамастан өзге де ұйымдар тарапынан жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне араласу фактілері бойынша олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды және бұзылған құқықтарын қалпына келтіруді;

Қазақстан Республикасының Конституциялық құрылысына және ұлттық қауіпсіздігіне төнген қатерді болғызбауды;

адамның өмірі мен денсаулығына зиян келтіруге әкеп соғатын заңдылықты бұзу фактілері бойынша;

Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмалары бойынша;

Қазақстан Республикасы Бас прокурорының тапсырмалары бойынша қарайды.

Жоғарыда көрсетілген санаттардан басқа, егер адамның және қоғамның немесе мемлекеттің заңды мүдделерін қорғау құзыретіне кіретін, уәкілетті орган тиісті түрде қамтамасыз етпесе не уәкілетті орган болмаған кезде прокуратура органдары жолданымдарды қарай алады.

Сондай-ақ, Азаматтық процессуалдық кодекске сәйкес прокурорлар мемлекет пен қоғамның, өз құқықтарын өз бетінше қорғауға қабілетсіз адамдардың мүдделері қозғалған жағдайларда, сондай-ақ, заңда белгіленген немесе прокурордың қатысу қажеттілігін сот мойындаған жағдайларда ғана сот шешімдеріне қарсы шағымдарды қарауға өкілетті.

Өз кезегінде жеке-құқықтық даулар бойынша дауласушы тараптар сот актілеріне дербес шағымдануға тиіс. Егер жолданымдар көрсетілген талаптарға сәйкес келмесе, онда азаматтар мен заңды тұлғалар өз құқықтарын қорғау үшін тікелей уәкілетті органдарға немесе сотқа жүгінуі керек.

Бұл талаптарды қарау тәртібі қылмыстық-процессуалдық, азаматтық-процессуалдық кодекспен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамамен, сондай-ақ, жедел-іздестіру және қарсы барлау қызметі салаларында белгіленген жолданымдарға қолданылмайды.

Жоғарыда көрсетілген талаптарды білу жолданым берушілерге прокуратура органдарына жүгінуге мүмкіндік береді, яғни бұл мәселелерді шешуді жеделдетеді деген сөз.


Асқар САПАРҒАЛИЕВ,

ҚР  Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу 

жөніндегі комитеті Түркістан облысы бойынша департаментінің бастығы.

Пікір қалдырыңыз