Бір апта қалды: бізді не күтіп тұр?

Қытайдың Ханчжоу қаласында өтетін Азия ойындарының да дүбірі құлақ түбінен естіліп қалды. Тура бір жетіден соң Азия ойындарының алауы жағылып, жалауы желбірейді. Газетіміздің осыған дейінгі нөмірлерінде Азия ойындарында қалай өнер көрсеттік деген сұраққа жауап іздеген болатынбыз. Бүгін соған қорытынды жасап, алдағы Азиададан не күтерімізді бір екшеп алғанды жөн санап отырмыз.

Жүзу

Біздің жүзушілер ә дегеннен Азиадада жүлде ала бастады. Хиросимадағы Азия ойындарында Алексей Ховрин 50 метрге еркін жүзу бойынша алтын жүлдеге ие болды. Сонымен қатар, ол Алексей Егоров, Сергей Ушкалов және Сергей Борисенкомен бірге командалық эстафетада күміс жүлдегер атанды. Алексей Егоров та құрама қоржынына 100 метрге еркін жүзу бойынша қола, Сергей Борисенко 100 метрге жүзу бойынша күміс пен қола жүлделерді салды. Комбинациялық эстафетада Сергей Ушкалов, Сергей Борисенко, Александр Савицкий мен Андрей Гаврилов мәреге үшінші болып жетті.

Төрт жылдан кейін Бангкокте Игорь Ситников 100 метрге еркін жүзу бойынша қола жүлдегер атанса, командалық эстафетада Сергей Борисенко, Павел Сидоров және Андрей Квасов төртеуі қола жүлдеге ие болды.

Пусандағы Азия ойындары біздің жүзушілер үшін сәтсіз болды. Бұл ойындарда бірде-бір жүлдеге ие бола алмадық. Одан кейін брасс әдісімен жүзушілердің дәуірі туды. Владислав Поляков Дохадағы ойындарда 50 метр қашықтықта Азиаданың рекордын жаңартып, алтын жүлдеге ие болса, 100 және 200 метрге жүзуде қола жүлдегер атанды.

Гуанчжоудағы Азия ойындарында Поляков 100 метр қашықтықты екінші болып бағындырса, комбинациялық эстафетада Станислав Осинский, Владислав Поляков, Федор Шкилев, Станислав Кузьмин, Евгений Рыжков, Рустам Худиев, Артур Дильман секілді спортшылармен бірігіп, ел қоржынына қола жүлде салды.

Инчхондағы Азия ойындарында Дмитрий Баландин жарқырай көрінді. Ол брасс әдісімен 50, 100, 200 метрге жүзу бойынша бәсекенің бәрінде мәре сызығын бірінші қиды. Онымен қоймай осы қашықтықтар бойынша Азия ойындарының рекордын түгел жаңартты. Ал, қыздар арасындағы бәсекеде Екатерина Ру-денко алдымен 50 метр бойынша, одан кейін 100 метрге шалқалай жүзу бойынша күміс жүлдеге ие болды.

Джакартада Баландин құрама қоржынына екі қола (50 және 100 метр) жүлде салды. Сонымен қатар Әділ Қасқабай, Әділбек Мусин, Александр Варакин төртеуі комбинациялық эстафета бәсекесінде қола жүлдегер атанды. Бұл ойындарда құрама қоржынына тағы бір қоланы баттерфляй әдісі бойынша сынға түскен Әділбек Мусин салды.

Синхронды жүзу

Бұл спорт түрі Азиаданың бағдарламасына алғаш 1994 жылғы Хиросимадағы ойындарда енгізілді. Біздің құрама сапында өнер көрсеткен Әлия Кәрімова мен Наиля Яфарова жұптасып өнер көрсету бойынша төртінші орынға ие болса, Әлия Кәрімова жекелей сында да осы нәтижеге қол жеткізді.

Бангкоктегі ойындарда Әлия Кәрімова тағы да екі рет төртінші орынды иеленді. Бұл жолы оның жұбы Галина Шатна болды. Әлия Пусандағы Азия ойындары кезінде де жүлдеге сәл жетпей жығылып, екі рет төртінші сатыға тұрақтады. Бұл ойындарда ол Арна Тоқтағанмен бірігіп өнер көрсеткен-ді.

Дохадағы Азия ойындары біздің қыздар үшін сәтті болды. Олар алғаш рет жүлдеге қол жеткізді. Айнұр Керей, Анна Кулькина, Арна Тоқтаған жұптасып өнер көрсетуде қола жүлдеге ие болды. Ал, топтасып өнер көрсетуде тек төртінші орын бұйырды.

Десек те, біздің қыздар 4 жылдан кейін топтасып өнер көрсету бойынша жүлдеге іліге алды. Құрамында Әйгерім Анарбаева, Әйгерім Исаева, Айнұр Керей, Татьяна Кухарская, Анна Кулькина, Айсұлу Наурызбаева, Александра және Екатерина Немич, Әмина Ермаханова мен Әйгерім Жексембина секілді арулар бар біздің құрама қола жүлдеге ие болды. Ал, жұптасып өнер көрсетуде Анна Кулькина, Әмина Ермаханова және Әйгерім Жексембина 5-орынға тұрақтады.

Инчхондағы Азия ойындарында апалы-сіңлілі Немичтер жұптасып жүзу бойынша қола жүлдегер атанды. Әйгерім Анарбаева, Ксения Качурина, Юлия Кемпель, Алина Маткова, Айсұлу Наурызбаева, Александра мен Екатерина Немич, Дания Талғатова, Кристина Тыныбаева, Әмина Ермаханова, Әйгерім Жексембина топтасып жүзу бойынша тағы да қола жүлдеге ие болды.

Джакартадағы ойындарда топтық комбинацияда біздің қыздар небәрі 4-орынға тұрақтаса, апалы-сіңлілі Немичтер тағы да қола жүлдеге ие болды. Вьетнамның Фукуок қаласындағы әлем чемпионаты Ханчжоудағы алтын және күміс жүлдеге кімдердің таласатынын көрсетіп бергендей. Жапония мен Қытай қыздарының үстемдігі бұл ойындарда да жалғасатын сияқты. Алайда, біздің бойжеткендердің қола жүлдеге қол жеткізуге мүмкіндіктері мол.

Семсерлесу

Тәуелсіз ел ретінде қатысқан ең алғашқы Азия ойындарында біздің семсерші жігіттер сенсация жасап, алтын жүлдеге ие болған. Дмитрий Димов, Андрей Мазанов, Юрий Цветов, Сергей Шабалин мен Алексей Писцов топтық жарыста чемпион атанған-тын. Ал, жекелей сында Сергей Шабалин қола, Алексей Писцов күміс жүлдеге ие болды. Писцов – қазіргі таңда ұлттық құраманың бас бапкері.

Бангкоктегі ойындарда топтық семсерлесу бойынша Дмитрий Димов, Александр Аксенов, Сергей Шабалин мен Алексей Писцов күміс жүлдегер атанды. Ал, Пусандағы ойындарда осы құрам 8 жыл бұрынғы алтын жүлдені қайтарып алды. Сергей Шабалин жекелей сында күміс жүлдеге ие болса, топтық сайыста Евгений Фролов, Сергей Слепцов, Сергей Смирнов пен Игорь Цель қола жүлдегер атанды.

Дохадағы додада Александр Аксенов, Сергей Шабалин, Алексей Шипилов пен Сергей Ходос қола жүлдеге қол жеткізді. Айта кетерлік жәйт, Сергей Ходос кейіннен Ресей азаматтығын алып, Токио Олимпиадасының күміс жүлдесіне ие болды. Дохада қыздарымыз да жарқырай көрінді. Ольга Антипова, Ирина Фичшенко, Наталья Казанцева мен Елена Казанцева топтық жарыста қола жүлдеге ие болды.

Бес жыл бұрынғы Азия ойындарында Дмитрий Алексанин жекелей сында Қазақстан спортшыларының арасында бірінші алтын жүлде алған атлет атанды. Сонымен қатар, Эльмир Әлімжанов, Руслан Құрбанов пен Вадим Шарлаимов төртеуі топтық сында қола жүлдеге қол жеткізді. Сондай-ақ, Айбике Хабибуллина мен Әйгерім Сарыбай да қола жүлдегер атанды.

Жақында Руслан Құрбанов әлем чемпионатында жүлде алған алғашқы қазақстандық спортшы атанды. Олимпиадалық іріктеу турнирінде біздің құрама көшбасшылардың қатарында келеді. Демек, Ханчжоудағы ойындарда да семсершілерден мол үміт күтуге болады.

Сонымен, Ханчжоудағы Азия ойындарында біздің құраманың 525 спортшысы спорттың 33 түрі бойынша жүлдеге таласады. Оның ішінде олимпиадалық емес спорт түрлері де бар. Спорт және туризм министрлігі Ханчжоуда алтын алған спортшыға 10 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы тағайындап отыр. Чемпионды баптаған жаттықтырушысы 5  мың АҚШ доллары көлемінде сыйақыға ие болмақ. Ал, күміс жүлдегер атанған спортшы 5 мың АҚШ долларына (бапкері – 3 мың АҚШ доллары), қола жүлдегер 3 мың АҚШ долларына (бапкері – 2 мың АҚШ доллары) ие болады.

Бокс федерациясы да өз спортшыларын қанаттандыру мақсатында министрлік беретін сыйақыдан бөлек қомақты қаржы тағайындап отыр. Осы Азиадада топ жарған боксшы 50 мың АҚШ доллары, күміс жүлдегер 30 мың АҚШ доллары, қола жүлдегер 10 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы иеленеді.

Азия ойындарының өте тартысты өтетініне сеніміміз кәміл. Өйткені, көптеген спорт түрі бойынша Олимпиада жолдамалары осы ойындарда үлестірілмек. Әсіресе, көркем гимнастика, теннис, су добы, көгалдағы хоккей бойынша бәсекелер қызу өтпек. Себебі, бұл спорт түрлері бойынша Олимпиадаға 1 ғана жолдама беріледі. Сонымен қатар, ерлер және әйелдер боксы бойынша финалға шыққан қос боксшы Парижге билет ала берсе болады.

Пікір қалдырыңыз