Менің нағашым – халықтың ұлы

«Бүркітін мақтағанның ұясын сұра, жігітін мақтағанның нағашысын сұра» деген қазақтың мақалы тегін айтылмаса керек. Қолыма қалам алып, нағашым жайлы жазуыма санамды толқытқан бала кездегі сағынышқа толы естеліктер түрткі болды. Реті келгенде айта кетейін, менің нағашым – есімін күллі ел білетін қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқов болады.

 Анамның айтуынан білуім бойынша нағашы атам Қалдаяқ пен әжем Сақыпжамалдың ата қоныстары Ақтөбе облысы жағындағы Қарғалы және Ор өзендерінің бойы болыпты. Кейде Жайыққа дейін шығандап шығып кетеді екен. Олардың кіндігінен 2 ұл, 3 қыз тарапты. Ең үлкені Тұмаркүл, одан кейін Шәмші, менің анам Раушан, Қадыр және Райхан. Тұмаркүл әпкемнен кейін Әлішер және Ақнияз атты егіз ұл дүниеге келген екен. Олар 1 жасқа толғанда шетінеп кетіпті. Атам дүниеге қамшы ұстарым келсе, атын Жәмшид қоямын деп армандапты. Сол арманы орындалып, дүниеге көптен күткен балпанақтай ұл келгенде, атам мен әжемнің қуаныштарында шек болмапты. Нағашы атам үлкен ұлының атын ырымдап Жәмшид деп қойыпты. Қазақтың «би бол, би болмасаң, би түсетін үй бол» деген ұлағатты сөзі бар емес пе, нағашы атамның үміті ақталып, Шәмші ағам бүкіл Қазақстанды әсем әндерімен тербеткен халықтың ұлына айналды. Бүгінде Тұмаркүл әпкем, анам және Шәмші нағашым ортамызда жоқ. Есесіне анамның екінші анасынан 6 бауыры бар – 4 ұл, 2 қыз.

Шәмші нағашымның өнерге деген қабілеті атаның қанымен, ананың сүтімен дарыса керек. Әжем Сақыпжамал тамылжыта ән салатын, той-жиынның көркі болыпты, ал атам шаруашылықта қажетті құрал-сайман жасайтын шебер болғанын анамның естеліктерінен білемін. Шәмші ағамыз кішкентай кезінде ән айтылып, бесік тербетілмесе ұйықтамайды екен. Әжем Естайдың «Қорланын» айтып отырып тербетіп, ұйықтатып үйретіпті. Сондықтан болар, «Қорлан» әні нағашымның өмір бойы сүйіп айтатын әніне айналды. Шәмші нағашыма арналған іс-шараларға барғанда журналистер сұхбат беруімді сұрайды. Бірақ мен үшін нағашым туралы естелік айту өте қиын, жүрегім елжіреп, көзіме жас келеді. Өткен күндердің елесі көз алдымда көлбеңдеп тұра қалады. Сондықтан сұхбат беруден қашқақтап жүремін. 

 Біз отбасыда 10 жанбыз – 1 ұл, 9 қыз. Шәмші нағашым үйге жиі келетін. Қарындасының хал-жағдайын біліп, бізді еркелетіп, нағашылық мейіріміне бөлеп жүретін. Мектеп бітірген соң Шымкент қаласындағы жоғары оқу орындарында оқыдық. Сол кезде нағашымның қолдауын көп көрдік. Бізді көзінің қарашығындай қорғап жүретін еді. Барлығымыз жоғары оқу орнын бітіріп, өмірден өз орнымызды таптық. 

Ақтөбе қаласынан шамамен 40 шақырым жерде орналасқан нағашыларымыздың ата­қонысы – Ш.Қалдаяқов ауылына бұл күндері жиі барып тұрамыз. Сол ауылдағы мектептің ауласында Шәмші нағашыма ескерткіш орнатылған. Мектеп жанында мешіт бар. Осыдан 4-5 жыл бұрын мешіт айналасына нағашым Қайырғалидың бастамасымен Зәуре әпке екеуміз тал ектік. Бүгінде олар көгеріп, жасыл желекке айналды. Сол ауыл бүгінде Шәмші Қалдаяқов ауылы болып аталады. Бір ауылдың өзі нағашымның есімін жаңғыртып тұр. 

Шәмші ағам Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, халықпен қауышқанды жақсы көретін. Конфуцийдің «Қарапайымдылық – адамның ең асыл қасиеттерінің бірі» деген сөзі тура менің нағашыма арналып айтылғандай. Қасиеттердің абзалы қарапайымдылық десек, сол қасиетінен өле-өлгенше танбады. «Мен ауылдан шыққан композитормын, бірақ әлемді мойындатамын» дейді екен. Ауыл-аймақтарға барып, халықтың жағдайымен етене танысып, сол ауылға арнап жақсы бір ән шығарып кететін. Халыққа кеңінен тараған «Сыр сұлуы», «Арыс жағасында», «Ырысты өлке – Шардара», «Мойынқұмда», «Теріскей», «Отырардағы той» әндері – соның айғағы. Әндерінің барлығы жүрекпен жазылған, жүректен жүрекке жететін туындылар. Нағашымның қолына мандолинасын алып баяу ғана орындайтын әндерінің бәрі әлі күнге дейін жүрегімде сақтаулы.

1992 жылдан бері Шәмші Қалдаяқов атындағы ән байқаулары өтіп, нағамның рухын асқақтатып жатыр. Түркістан облыстық филармониясы, Шымкент және Алматы қалаларында бір-бір көше, Шәуілдірдегі аудандық музыка мектебі, Отырар ауданындағы ол өскен ауыл ұлы композитордың есімімен аталады. Шымкенттегі филармония алдында кешеге дейін кеуде мүсіні тұрды... Оның әндері халық әндері секілді ескірмейтін халықтық әуенге айналды. Жыл сайын 15 тамызда Шәмші ағамыздың туған күніне орай еске алу шаралары ұйымдастырылады. Биыл бұл үрдіс Ш.Қалдаяқов атындағы филармонияның 60 жылдығымен тұспа-тұс келді. Әдеттегідей сол күні филармония алдында Сүгір атындағы қазақ ұлт-аспаптар оркестрі Шәмші әндерін әуелетіп тұрды. Оркестрдің бас дирижері, ҚР мәдениет саласының үздігі Шыңғыс Исаев әріптестерімен бірге кеш шырайын аша түсті. Осы концертте өнер көрсеткен Сүгір атындағы қазақ ұлт-аспаптар оркестріне, Гүлмира Қалыбековаға, Руслан Ақынбековке, Ақмарал Биназароваға, Мағжан Әлтенбаевқа, Гүлнұр Нұратаеваға, Оразәлі Жаңабайға, Әсима Тілектеске, Нұрислам Қылышқа және Әсел Қожановаға, басқа да филармония әншілеріне, концерттік бағдарламаны жүргізген Гүлбала Әбуова мен Ықылас Балиқұловқа, филармония директоры, ҚР мәдениет саласының үздігі Нұрсәт Бейсеқожаевқа, директордың орынбасары Аида Өтегеноваға «Оңтүстік Қазақстан» газеті арқылы ризашылығымды білдіргім келеді. Әсима ән салғанда, Мәдина Ералиева апамыздың өзі келіп ән салып тұрғандай күй кештік. Қайнар Алагөзовтің сөзіне жазылған Құрал Молжановтың «Шәмшіге арнау» әнін шырқағанда халықтың өз композиторына деген сағынышын сезіндік. Концерттен кейін Шәмші ағамыздың аллеясына барып, ескерткішіне гүл шоғын қойдық. Оның әрбір әні елге, жерге, анаға, жарға деген махаббатынан туған. Әндерін тыңдаған сайын ерекше қайталанбас сұлу сезімге, әдемі әсерге бөленемін, әрі кеудемде нағашыма деген зор мақтаныш сезімі пайда болады. Қазақ халқы барда оның есімі ешқашан өшпейді. Жыл сайын өткізілетін осындай ән кештері арқылы оның асыл арманы ұрпақтан-ұрпаққа жете береді деп сенемін. 


Гауһар АБИТОВА,

М.Әуезов атындағы Оңтүстік  Қазақстан университетінің аға оқытушысы, 

филология ғылымдарының кандидаты.

Пікір қалдырыңыз