Үздік үміткерлер іріктелді

Бауыржан ЕРМАН, «Оңтүстік Қазақстан».

Түркістан облысында соңғы жылдары руханият және мәдениет саласын дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. Мәселен, бүгінде саланы дамытуға серпін береді деген үмітпен 100 жаңа жұмыс орны ашылып, мамандарды қабылдап жатыр. Айта кетсек, осы уақытқа дейін аталмыш бастама аясында 33 өнерпаз іріктеліп, жалпы 54 маман жұмысқа қабылданған. Ал, 6 қыркүйек күні облыс орталығындағы «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінде жаңа мамандарды қабылдау бойынша іріктеудің екінші кезеңі өтті.

Қазақстанның үздік өнер иелерінен құралған кәсіби комиссия үміткерлердің арасынан үздіктерді анықтап, вокалдық, классикалық, дәстүрлі оркестр мен би ұжымын іріктеді. Нәтижесінде кастингке қатысқан қырықтан астам кандидаттың 21-і жоғары бағаға ие болды. 
Атап өту керек, осыдан біраз уақыт бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласына ерекше мәртебе беруді тапсырған. Осы орайда қазір «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заң жобасы дайындалып, қоғамдық талқылаудан өтуде. Негізгі мақсат – 5 жыл бұрын облыс орталығына айналған Түркістан қаласын тек қазақтың емес, түркі әлемінің мәдени, рухани елордасына айналдыру. Бұл тұрғыда мәдени жұмыстарды жүргізу, өңір мәдениетін дамыту, өнер майталмандарынан құралған шығармашылық ұжымдарды қалыптастыру үшін облыс әкімі Дархан Сатыбалды да арнайы тапсырма берген.
Осыған орай облыс әкімдігінің тікелей қолдауымен мәдениет және туризм басқармасының «Конгресс Холл» көпсалалы кешеніне түрлі бағыттағы өнер ұжымдарын ашу үшін 100 штат беріліп, материалдық-техникалық базаны нығайту, жаңа өнер ұжымдарына сахналық киімдер мен музыкалық аспаптар алуға қаражат та бөлінген. Осылайша мәдени нысанда хореографиялық би ұжымы, этнофольклорлық ансамбль, биг-бэнд ансамблі, классикалық, эстрадалық, дәстүрлі және заманауи бағыттағы вокал топтары пайда болмақ. Аталған бағыт бойынша еліміздегі өнер мамандықтары оқытылатын жоғары оқу орындарымен байланыс орнатылып, білікті мамандар шақыртылуда.
Айта кетейік, өнерпаздарға жаңа мүмкіндік сыйлаған бұл кастингтің алғашқы кезеңі 14 тамыз күні өткізіліп, оған әр өңірден 40-қа жуық өнер иесі мен жас мамандар қатысқан болатын.
Пікір қалдырыңыз