Нашақорлық жас талғамайды

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Оңтүстік Қазақстан».
Дәрігерлердің пікірінше, есірткіге салынған адамның өмірі 35 жылға жетпейді екен. Ал, сол есірткіні балалар мен жасөспірімдер пайдаланса, олардың өмірі қалай болмақ? Өкінішке қарай, кейінгі кезде мектеп оқушылары арасында синтетикалық есірткі қолданатындар, өздері пайдаланбаса да, осындай жолмен табыс тапқысы келетіндер көбейген. Себебі, жетіліп келе жатқан жеткіншектердің ағзасы есірткіге тез бейімделеді. Алғашқыда көңіл-күйі көтеріліп, өзін тәуелсіз сезінгенімен, соңында есірткіге қалай тәуелді болып қалғанын өзі де байқамай қалады. Оқушылар арасында «вейп» тартатындардың барынан ата-ана да, мұғалім де хабардар.
Былтыр келестік тұрғындар облыс әкімімен кездескенде ауылдарда тыйым салынған, құрамында есірткі бар дәрі-дәрмек сату кең етек алғанын айтып, тез арада шара қолдануын сұранған еді. Бұл жәйтті дереу анықтауға кіріскен тәртіп сақшылары күдіктінің үйіне кіріп шыққан тұрғыннан 10 дана «Трамадол» дәрісін тәркілеп, саудагерді дәл сол дәрілерді сатып жатқан жерінен қолға түсірген болатын. 61 жастағы кейуана кінәсін мойындап, 35 қорап дәріні полицейлерге тапсырған. Мамандардың айтуынша, жастар бұл дәріні бастапқыда күніне 1-2 таблеткадан қолданса, біршама уақыттан кейін бір күнде 10 таблеткаға дейін ішеді екен. Әдепкіде жанға рақат сыйласа, кейіннен бас ауруын жазу үшін қолданып, тәуелділікке айналады. Медицина мамандарының айтуынша, оның ағзаға тигізетін зияны героиннен кем емес көрінеді. Өкінішке қарай, кейбір дәріхана қызметкерлері көкөрім балалардың ағзасын улап, есірткіге тәуелді ететін дәріні сатуын тоқтатпай отыр.
Біз бұл жөнінде облыстық полиция департаментіне сұрау салғанбыз. Олардың бізге жолдаған мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері «Трамадол» дәрісін саудалауға қатысты 33 қылмыс тіркеліпті. Оның 12-сі Сарыағаш ауданында анықталса, Келесте – 9, Шардарада – 3, Мақтаарал және Арыс аудандарында 2 фактіден тіркелген. Ал, Жетісай, Ордабасы, Түркістан, Түлкібас және Төлеби аудандарында 1 деректен тіркелген. Нақты деректер бұдан бірнеше есе, тіпті, 5-6 есе көп болуы мүмкін. Тәркіленген дәрілік заттардың 1149 дана пластилин, 1362 дана таблетка және 20 капсула екендігі анықталған. Өкініштісі, сатып алушылардың арасында мектеп оқушылары да аз емес. Бұған қалай көз жұмып қарауға болады? Балаларды есті алатын есірткіден қалай қорғаймыз?
Қазір Үкіметте оқушылар арасында есірткіге скрининг енгізу мәселесі талқыланып жатыр. ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірхановтың айтуынша, оқушыларды есірткіге тестілеу келесі жылдың бірінші жартыжылдығында басталуы
мүмкін.
– Қазір заң пысықталып жатыр, келесі жылы дайын болады. Бұл мәселе әр адамға қатысты болғандықтан, заңнамалық тұрғыдан пысықтау өте маңызды. Оған қоса, мектеп оқушыларына қатысты болған соң, мәселе өте күрделі. Осыдан он шақты жыл бұрын мектеп оқушыларын тестілеу мәселесі көтеріліп, көптеген ата-ана бұған қарсы болған-тын. Қазір бұған барлық ата-ана келісіп отыр. Көптеген адам дәріханаларға тексеріс жүргізілгенін қалайды, – деді министрлік өкілі.
Оның айтуынша, оқушыларды есірткіге тестілеу мәжбүрлі түрде жүргізілмейді.
– Барлығы жоспарлы түрде жүргізіледі. Денсаулығын тексеру үшін алдымен медициналық комиссиядан өткіземіз. Медициналық тексеріске дейін психолог арнайы тест алады. Онда адамның есірткі қолданатынын және қолданбайтынын анықтауға көмектесетін арнайы сұрақтар қойылады, – деді ол.
Дегенмен, оқушыларды тестілеуге қатысты қоғамда екіұдай пікір қалыптасып отыр. Олардың дені тест жүргізуді есірткіні жаңадан қолдана бастағандарды анықтаудың бірден-бір амалы деп санаса, енді бір легі тексеру қорытындысының құпиялылығына күмәнмен
қарайды.
Облыстық наркологиялық орталықтың дәрігері Ермек Үсенбаевтың айтуынша, жастарды неғұрлым жаман әдеттерден арашалауға тырыссақ, олар да соғұрлым есірткіден бойын аулақ ұстауға тырысар еді.
– Мен бұл пікірді қолдаймын. Расында да, елімізде есірткі пайдаланатын оқушылардың қатары күн өткен сайын көбейіп барады. Денсаулық сақтау министрлігінің есебінше, есірткіге тәуелді 100-ге жуық оқушы бар екен. Бұл тек ресми тіркелгендері ғана.
Көп жағдайда жастар қасындағы жолдасына немесе бұрыннан есірткі қолданатын адамға еріп, есірткіні бір рет пайдаланып көргісі келеді. Одан кейін «екі рет көргенде не тұр» деп екінші рет көргісі келеді. Одан бас тартып кете алатынына сенеді. Алайда, уақыт өте келе есірткінің құлына айналғанын өзі де сезбей қалады. Оны өздігінен тастап кетуге ерік-жігері жетпейді. Сөйтіп, шыңырауға құлай береді. Маман көмегіне жүгінуден ат-тонын ала қашады. Әсіресе, мектеп жасындағы оқушылар есірткіден емделмек түгілі пайдаланатынын мойындауға да қорқады. Сондықтан оларды ертерек емдеп, есірткіден арашалап алуға тырысуымыз керек. Осындай күрестің өзі басқа оқушыларға сабақ болар еді, – дейді дәрігер.
Ал, Түркістан облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл Гүлжан Вероцкаяның пікірінше, оқушыларды есірткіге қарсы тестілеуден бұрын олардың өмірге деген құштарлығын оятуға тырысу керек.
– Оқушыларды міндеттеп тестілеуден өткізуге ешкімнің құқығы жоқ. Бәрі ерікті түрде жүзеге асуы керек. Әрбір жас есірткінің ертең өмірін тұншықтыратынын, болашағына балта шабатынын өзі түсінуі тиіс. Мектептерде осы бағытта түсіндіру жұмыстары жүргізілгені жөн. Онсыз қоғамның есірткімен күресі нәтижесіз аяқталады. Барлық адам есірткінің зиян екенін түсініп, өз еркімен күрескенде ғана, адамның оған деген ішкі қарсылығы оянады. Маман ретінде айтарым, өз еркінен тыс есірткіге қарсы тестілеуден өткізу оқушыларға психологиялық тұрғыдан ауыр тиеді, – дейді Гүлжан Ералықызы.
Жалпы, тестілеудің мақсаты ағзада есірткінің бар-жоғын анықтау екендігін айттық. Ал, есірткі пайдаланған оқушыны не күтіп түр? Олардың ары қарайғы тағдыры не болмақ? Ондай балаларға мұғалімдер тарапынан көзқарас қандай болады? Біздіңше, бұл ең алдымен ата-ананың міндеті болуы керек. Бұл солардың бала өміріне қамқор көзбен қарап, қадағалау нәтижесінде шешілетін дүние.