Әкем ескерусіз қалып барады
Бүгінде бір әулеттің атасы болсақ та, әкеміз еске түскенде өзімізді бала сезінеміз. «Жақсы әке балаға қырық жыл азық» демекші, әкемнің абырой-беделі әлі күнге дейін бізге қызмет етіп келеді. Оның үстіне «Беркіншенің баласы» деген бейресми «шеніміз» бізге кішкентайымыздан зор жауапкершілік жүктеп, қатар-құрбылар арасында ерте есейдік.
Заманында іскерлігімен елдің құрметіне бөленіп, бар күш-жігерін Теріскей өңірінің өсіп-өркендеуіне жұмсаған Беркінше Едіреевті білетіндердің бұл күнде қатары сиреп қалды. Тағы бір жиырма-отыз жылда «мен осындай кісінің баласы едім» десем, оған сенімсіздікпен қарайтындардың да табылатыны анық. Қайтесіз, өмір заңы.
Әкем 1922 жылы Созақ ауданына қарасты Созақ ауылында дүниеге келген. Арғы атамыз Қарабала Созақ көтерілісіне қатысып, алғашында аман қалғанымен, кейіннен «ешкімнен жаным артық емес» деп көтерілісшілер сапына қайта қосылыпты. Ол кісі Созаққа қайта келгенде қызыләскерлер ауылды жан-жақтан қоршап алып, зеңбірекпен оқ жаудырып жатқан екен. Ол кісі сол жерде оққа ұшыпты. Сүйегі ауыл сыртындағы Тастақсайда қалған көрінеді. Содан бұл кісінің балалары қудалауға ұшырап, елден жылыстауға мәжбүр болады. Атамыз Едірей, әжеміз Ұмсындық пен қарындасы Ақшабақ және балалары Беркінше мен Еркіншені алып, Қаратаудың Жамантас асуы арқылы Түркістанға, одан әрі Ташкентке өтпек болады. Жолай кетіп бара жатқанда атамыз Едірей қатты науқастанып, тау ішінде қайтыс болады. Әкесін таудың бір бұрышына жерлеп, қалған төртеуі әупіріммен Түркістанға жетеді. Түркістанға жеткен кезде әжеміз баласы Беркіншеден көз жазып қалады. Әрі-бері іздеп, табыла қоймағасын, әжем қалғандарын жетекке алып, Ташкенттегі нағашыларының үйіне тартады. Біраз күн естерін жиған соң әжем әкемді іздей бастапты. Әкем шешесінен ажырап қалған кезде 8 жаста екен. Кейін белгілі болғандай, Түркістанда жүргенде жетім балаларды жинап жүрген кісілер кездесіп қалып, әкемді балалар үйіне өткізіп жіберіпті. Кейін сол жерден Түлкібастағы балалар үйіне ауыстырылыпты. Соғысқа дейін Түлкібаста қандай жұмыс істегені бізге белгісіз. Шамасы, білім алған болуы керек.
1941 жылы соғыс басталғанда әкем алғашқылардың бірі болып 19 жасында соғысқа аттанады. Пулеметші ретінде Ленинград майданындағы қиян-кескі ұрыстарға қатысады. Бір ұрыста қатты жараланып, 1944 жылы елге оралады. Келісімен туыстарын іздестіріп, Созақ ауылында шешесімен, бауырларымен табысады. 1944 жылы Созаққа біржола қоныс аударып, 1946 жылы «Жуантөбе» кеңшарында есепші қызметіне кіріседі. Әкем соғыстан кейін ұжымшар, кеңшар жұмыстарына белсене араласып, қажырлы еңбек етті. 1950 жылы Созақ ауылынан МТС ашылғанда біраз жыл осы мекемеде бас есепшінің орынбасары, кейін бас есепші болып істейді. Сол жылы Энгельс атындағы кеңшар құрылып, алғашында бас есепшінің орынбасары, 1958 жылы жаңадан құрылған «Созақ» кеңшарының бас есепшісі қызметіне ауысады. Содан 1962 жылға дейін кеңшардың қалыптасуына, есеп жұмыстарын дұрыс жолға қоюға атсалысады. 1962 жылы Шу бойынан жаңадан «Шу» кеңшары ашылғанда аудан басшылығы тәжірибелі маман ретінде әкемді кеңшарға бас есепші етіп жібереді. Кеңшардың алғашқы бас есепшісі ретінде барлық есеп-қисап жұмыстарын төменнен бастап, қыруар жұмыстар атқаруына тура келеді. Ол кезде ауылдарда есепші маман табыла бермейтін. Әкем есеп-қисапқа бейімі барларды 9 айлық курсқа жіберіп, біраз мамандарды Созақтан апарып, соларды тәрбиелеп, есеп жұмыстарын жолға қояды. 1966 жылы аудан басшылығы әкемді «Құмкент» кеңшарына бас есепшінің орынбасары етіп ауыстырады. Содан 1969 жылға дейін сонда жұмыс істеп, сол жылы науқастанып, елге көшіп келеді. Соғыстан алған жарақатынан ақыры оңала алмай, 1969 жылы 22 қазанда небәрі 46 жасында туған жері Созақта қайтыс болады. Алла Тағаланың өлшеп берген өмірі солай болды ма, арамыздан ертерек кетіп қалды. Дегенмен, «орнында бар оңалар» дегендей, ізін жалғастырар артында ұрпақтары қалды.
Бір өкініштісі, оқ пен оттың ортасынан елге аман оралып, өле-өлгенше еліне қызмет жасаған соғыс ардагерлері бүгінде ұмыт қалып барады. Солардың қатарында менің де әкем бар. Соғыс ардагері ретінде ол кісінің есімін ешқандай кітаптардан кезіктіре алмадық. Шымкенттегі «Даңқ» мемориалына да аты-жөні жазылмады. Осыдан бірер жыл бұрын ауданымыздың құрылғанына 90 жыл толуына орай ауданның энциклопедиясы шығайын деп жатыр деген соң, ең болмаса есімі осы кітапқа енсе екен деп, ол кісінің еңбектерін комиссияға тапсырып едім, оған да ілінбей қалды. Әкем көп сөйлемейтін біртоға жан еді. Сондықтан ол кісіден көзі тірісінде өмірі, соғыстағы ерліктері жайлы сұрамаған екенмін. Қолымда ешқандай құжаттары қалмапты. Аудандық әскери комиссариаттан сұрастырғанымда олардың қолында тек 1941-1944 жылдары Ленинград майданының 1075-ші полигонында пулеметші болғаны жөнінде ғана мәлімет бар болып шықты. Соғыстан алған наградалары, басқа да құжаттары жөнінде ешқандай дерек жоқ. Тек әкем ғана емес, от пен оқтың ортасында жүріп, есімі осылай ескерусіз қалғандар республика бойынша мыңдап саналады. Өкініштісі, қазір солардың санын, кімдер екендігін әскери бөлім де, үкімет те білмейді. Елеусіз, өмірде болмаған, ұмытылған жандардың санатында қалды. Шындығында, олар жастығын соғысқа, кейінгі өмірлерін қоғамға арнап, одан ешнәрсе ала алмай кеткен ұрпақтар екені даусыз. Сондықтан олардың есімдері анықталып, тиісті деңгейде насихатталуы қажет. Әрі аты-жөндері ескерткіш тақталарға жазылып, есімдері ұрпақ жадында мәңгі сақталуы тиіс.
Бақтияр БЕРКІНШЕҰЛЫ.
Ыбырай елді мекені,
Созақ ауданы.