Болатын ел руханиятын түгендейді
Арыс қаласына қарасты Ақдала ауыл округінің орталығынан заманауи үлгідегі ауыл клубы мен кітапхана кешені пайдалануға берілді. Жаңа мәдени ошақтың ашылуына Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова мен қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тәңірберген Әсіл, зиялы қауым өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Екі қабаттан тұратын рухани орда заманауи үлгіде салынған. Бірінші қабатында 240 адамға лайықталған көрермен залы орналасқан. Сондай- ақ, түрлі үйірме сыныптары, қызметкерлер кабинеттері мен гардероб, жуынатын бөлмелер бар. Екінші қабатында оқу залы, компьютерлік бөлме, демалыс залдары мен қызметкерлер кабинеттері барлық керекті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Тіпті, мүгедек жандар үшін жедел саты жұмыс істейді.
Орталықтандырылған жылу қазандықтары қойылған жаңа нысанның ауласы да талапқа сай абаттандырылған. Клубқа келушілерге арналған демалыс аймағы, бастырмалар мен күл-қоқыс шығаратын орындар да қарастырылған. Өнерге қанат қаққан ауыл жастарының талабын шыңдап, түрлі мерекеде халыққа рухани азық сыйлау мақсатында жаңадан бой көтерген мәдениет ошағының аумағы 1217,63 шаршы метрді құрайды.
Мәдениет үйінің құрылысы жергілікті тұрғындардың сұранысымен өткен жылы басталып, биыл ел игілігіне беріліп отыр. Мәдени нысан ақдалалықтардың үздік өнер туындыларымен сусындауына, талантты жастардың талабын шыңдауға мүмкіндік бермек.
Салтанатты жиын соңында қалалық Мәдениет үйінің өнерпаздары ауыл тұрғындарына арнап концерт қойды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.