Егіздер келе жатыр, үшемдер келе жатыр!

Қоңыр күздің ең тәтті, ең қуанышты мерекелерінің бірі – 1 қыркүйек – Білім күні. Бұл күні мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндер үшін алғашқы қоңырау соғылып, жаңа өмір басталады. Балалық шақтың осы бір тәтті кезеңі ата-ана үшін де ерекше. Баласының мектепке алғаш қадам басуы ерекше есте қалады. Биыл өңірімізде 51 мыңнан астам бүлдіршін мектеп табалдырығын аттайды. Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, олардың арасында 20 егіз бүлдіршін бар. Оның ішінде үшемдер де бар. Осы орайда өңіріміздегі бірінші сыныпқа баратын егіздердің ата-аналарымен сөйлесіп, қуаныштарымен бөлістік. 

Бірінші сыныпқа баратын сондай егіздердің бірі – қазығұрттық Анеля мен Жанеля. Олар Қазығұрт ауданы Қосағаш ауылындағы «Қосағаш» жалпы орта мектебіне барады. Егіз қыздардың әкесі Оңалбек Шәуленов жүк тасымалдаушы болса, анасы Айтолқын Егембердиева балабақшада жұмыс істейді. 
– Анеля мен Жанеля бір қыз, екі ұлдан кейін дүниеге келді. Үлкенім Аида 8-сыныпта, Берік 7-сыныпта, Бағжан 3- сыныпта оқиды. Анеля мен Жанеляның былтыр балабақшада «Үздік түлек» атанғаны бар. Одан кейінгі қызымыз Көзайым балабақшаға барады, – дейді егіздердің анасы Айтолқын 
Егембердиева.
Биыл үш бірдей перзенті мектеп табалдырығын аттайтын отбасылардың бірі – Арыс қаласында тұратын Орынбасаровтар отбасы. Бұл отбасыдан Бекжан, Балжан, Нұржан есімді үшем Арыс қаласындағы И.Журба атындағы жалпы орта мектебінің табалдырығын аттамақ. Үшемдер 2016 жылдың желтоқсан айында дүниеге келген. Үшемдердің әкесі Арман Орынбасаров пен Әсемгүл Төлеуова 7 бала өсіріп отыр. 
 Тағы бір қазығұрттық отбасының қос ұлы мектепке бірге барып, ата-анасын қуантпақ. Ол – Айсұлтан мен Бексұлтан Нұриддиндер. Нұрфаяз Болиев пен Аида Нақыпованың көз қуаныштары Тұрар Рысқұлов атындағы орта мектептің бірінші сыныбына қабылданып отыр. 
Биыл бірінші сыныпқа баратын егіздер бойынша Қазығұрт ауданы озып тұр. Қазығұрттық Мұқағали Әбішев пен Зағира Байғабысованың тұңғыштары Әмина мен Әлима алғаш рет мектепке барғалы отыр. Егіздерден бөлек Мұқағали мен Зағираның Абылайхан, Жасмин есімді ұл-қыздары бар. 
Қазығұрт ауданы, Сабыр Рахымов ауылында тұратын Ақылбек Нарымбетов пен Гүлнар Асанованың ең кенжелері биыл 1-сыныпқа бармақ. Арман мен Асыл 2017 жылы отбасындағы 4 қыздан кейін өмірге келген екен. Ақылбек пен Гүлнардың отандасқандарына 20 жыл болыпты. Егіздердің әкесі әскери қызмет атқарып жүріп, зейнетке шыққан. Ал. анасы «Майбұлақ» орта мектебінде мұғалім болып жұмыс істейді.

Е.Қожахметұлы.






Пікір қалдырыңыз