Жас толқынға үйретері көп

Елімізде заңның салтанат құруына айтарлықтай үлес қосқан азаматтардың бірі – жерлесіміз Ақжол  Бейсеев. Ол Төлеби ауданы, Қаратөбе ауылдық округінің Қостөбе ауылында туған. 1977 жылы ҚазМУ-дің заң факультетін бітіріп, алғашқы еңбек  жолын Шымкент қалалық прокуратурасында тергеуші болып бастайды. Тәжірибелі мамандардан үйрене жүріп, прокуратура саласының қыр-сырын тез меңгеріп алған жас маманды 1981 жылы Түркістан қалалық прокуратурасына аға тергеуші етіп жібереді.
– 1981 жылдың мамыр айында Түркістан қаласындағы медициналық училищенің студенті, азаматша Н-ді Қызылорда облысы, Шиелі ауданының тұрғыны С. бір топ жолдастарымен бірге күш қолданып алып қашады. Қалалық прокурор осы істі тексеруді маған тапсырды, – деп қылмысты істі ашу барысында болған оқиғаны еске алды Ақжол Бейсеев. – Екі тараптың ата-аналары да лауазымды кісілер екен. Жігіт жағы қыз жағының ата-анасынан кешірім сұрап, бітімгершілікке келуге әрекет жасайды. Бірақ, қыздың ата-анасы келіспейді. Қыз жағы келіспеген соң, Қазақ КСР Қылмыстық Кодексі 106-бөлімінің «Қыз алып қашу» бабымен қылмыстық іс қозғадым. Бұл іс Түркістан қалалық партия комитетінің бақылауында болды. Істі созбай, жауапкершілікпен жүргізуге тырыстым. Куәгерлерден жауап алып, сот-медициналық сараптамасының қорытындысы бойынша қыз алып қашқан азаматты және қасында болған жолдастарын қамауға алдым. Осы аралықта жігіт жағының адамдары араға түсіп, маған «ГАЗ-24» бермекші болып істі қысқарту жөнінде ұсыныс жасады. Лас іске баруға арым, қызметтік міндетім, адамгершілік қасиетім жібермеді. Істі әділ шешуді ойластырдым. Істі тез аяқтап, төрт азаматтың қылмыстық ісі бойынша жауапқа тарту жөнінде анықтаманы Түркістан қалалық сотына жолдадым. Бұл іс қалалық сотта қаралып, кінәлілер жазаға тартылды. Бұл маған үлкен сабақ болады. Әр істі тексеруде абай болуға, келеңсіз істен бойыңды аулақ ұстап, таза жүруге, қолымды былғамауға, әділ шешім қабылдауға үйретті.
Кейін А.Бейсеев Бөген ауданы прокурорының орынбасарлығына жоғарылатылады. Сайрам ауданы прокурорының көмекшісі, Бөген аудандық прокурорының көмекшісі, Шымкент қаласы прокурорының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарады.
Бірде облыс прокурорының орынбасары А.Бейсеевті кабинетіне шақырып, облыстық партия комитетінде құрылған комиссия құрамында шұғыл Шардара ауданынан түскен арызды тексеруге баратынын айтады. Онда ауданда және оның ішінде тұтынушылар одағында орын алған былық-шылықтардың бетін ашу мәселесі қозғалған. Тексерушілер құрамына облыстық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, облыстық партия комитетінің мемлекеттік-құқықтық бөлімінің бас инспекторы және қалалық прокуратурадан екі адам, соның біреуі А.Бейсеев бекітіліпті. Арызда бұл іске аудандық партия комитетінің де қатысы бар делінген. Бұл тексеру облыстық партия комитетінің жіті назарында болады. Мекеме басшысы сөзінің соңын «бұл – аса маңызды тапсырма. Істің анық-қанығын анықтап, қорытынды шығару тексерушілердің біліктілігіне байланысты» деп аяқтады.
А.Бейсеевке аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы мен аудандық тұтынушылар одағын тексеру міндеттелді. Куәлерден жауап алу барысында ішкі істер басшысының үстінен жазылған арыз дәлелденбей, жала екені анықталды. Бұл іс қысқартылды. Ал, тұтынушылар одағының төрағасы мемлекеттік мүлікті ысырап етіп, өз пайдасына жаратқан деген шағым-арыз дәлелденіп, ол қамауға алынды. Ол ауданның бірінші басшысының жақын туысы екен. Бірінші басшыны материалдық жағынан қамтамасыз етіп отырған. Тексеру қорытындысы бойынша облыс прокурорына анықтама дайындалды. Облыс прокуроры облыстық партия комитетінің бірінші хатшысына тексерудің қорытындысын баяндады. Аудандық тұтынушылар одағының төрағасының қылмысы дәлелденіп, ол 4 жылға сотталды.
Осындай жауапты тапсырманы мүлтіксіз орындаудың нәтижесі болар, А.Бейсеев көп ұзамай Қазығұрт ауданының прокуроры болып тағайындалады.
Абай «Істің қалай болмағы аяқталғанынан емес, қалай басталғанынан білінеді» дейді А.Бейсеев жұмысты аудан әкімдігімен, құқық қорғау орындарымен қоян- қолтық жүргізуге көңіл бөледі. Сол кездегі Қазығұрт ауданының әкімі Әбдібақыт Мақұлбаевпен келісіп, прокуратураның жер үйін екі қабатты заман талабына сай ғимаратқа көшіреді. Қарауындағы қызметкерлердің тиянақты жұмыс істеуі үшін әрқайсысына жеке- жеке кабинет бергізіп, әр кабинетке ішкі қызметтік телефон орнатылады. Ғимарат ауласын көгалдандырады. Аудандық «Қазығұрт айнасы», «Қазығұрт тынысы» газеттері редакцияларымен байланысты нығайтып, осы басылымдар арқылы аудан жұртшылығымен байланысты жақсартуға көңіл бөледі. Прокуратураның күнделікті тыныс-тіршілігі мен атқарған жұмыстары газет беттерінде жиі жарияланып отырады. Онда қылмыскерлердің қалай құрықталып, қандай жазаға тартылғандығы ашық жазылады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тақырыбындағы мақалаларда ауданда қылмысты болдырмау, оның алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар жайы айтылады. Нәтижесінде ауданда қылмыс көлемі бұрынғы жылдарға қарағанда азаяды.
2001 жылы А.Бейсеев Түлкібас ауданына прокурор болып келді. А.Бейсеев құқық қорғау орындарымен, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аудандық бөлімшесімен қызметтік мәселелерді кеңесіп шешіп отырады. Әсіресе, аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Шәріпбек Оразбаев прокуратурамен тығыз байланыс орнатқаны есінде қалыпты. Қызметтегі кейбір шешілмей жатқан мәселелер бойынша прокуратураға өзі келіп, проблеманы бірлесіп шешкен.
Кейінгі жылдары ол Төлеби, Сарыағаш аудандарында аудан прокурорының орынбасары қызметтерін атқарады. Құқық қорғау саласында жемісті қызмет атқарғаны үшін әділет кеңесшісі, Қазақстан Республикасы прокуратурасының құрметті қызметкері атанады. Сайрам, Төлеби аудандарының құрметті азаматы.
Ақжол Бейсеев зейнеткерлікке шыққанмен де, дамыл тапқан жоқ. Өзіне жақын заң саласының шаруаларына атсалысып, жас толқынмен өзінің мол тәжірибесін бөлісіп жүр. Бүгінде ол Сайрам ауданы әкімі аппаратының заң бөлімінің басшысы.
Ол қандай қызметте жүрмесін, туған ауылымен байланыс жасап, игілікті іс-шараларынан тыс қалған емес. Қолдан келген көмегін аямайды. Түлеп ұшқан ұясындағы кездесуге қатысып, мектеп оқушыларын өз еліне адал қызмет етуге, отаншыл азамат болуға шақырады.

Көшкінбай ЕЛІКБАЕВ.



Пікір қалдырыңыз