«Шәмшінің жаяу жүруі біз үшін ұят!»

Шығармашылық, өнер адамдары шынайы өмірде өгейлікті көп көреді, көпшілігі еткен еңбегінің жемісін тата алмайды. Олардың туындылары талайларды тамсантып, жүректеріне шуақ құйғанымен, өздері тасада қала береді. Осындай аяулы жандардың бірі – ұлы композитор Шәмші Қалдаяқов еді. Көпшілік Шәкеңнің мемлекеттік марапаттарды уақытынан тым кеш алғанын жақсы біледі. 
Әйткенмен, талантты композиторға  қамқорлық көрсетіп, қолтығынан демеп отырған жандар да аз болмаған. Бірде мен Шәмші ағамен бір кездескенімде «сіздің еңбектеріңізді бағалап, көмек көрсеткен адамдар болды ма?»  деп сұрағаным бар еді. Сонда Шәкең: «Иә, бар. Ол Қызылқұм аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қалдарбек Есімбеков» – деген ойланбастан. 
Оқиға былай болады. Бірде туған жеріне келген Шәкең бірінші хатшының қабылдауына кіреді. Аз-кем әңгімеден соң Қалдарбек ағасы композитордың хал-жағдайын сұрайды. 
– Қалеке, өзіңіз де білесіз, мені республикамыздың әр түкпірінен өнерімді бағалаушылар шақырып жатады. Кейде сапарға дер кезінде бара алмай да қаламын, – дейді Шәкең.
– Неге? – деп сұрайды хатшы.
– Өйткені, көлігім жоқ. Достарыма, таныстарыма өтініш айта-айта жеккөрінішті де болған сыңайлымын. 
– Бәлі, бүкіл Қазақстан төбесіне көтерген Шәмшінің жаяу жүруі туған жері үшін ұят. Тиісті қаржыны мен табайын. Көлік алатын жерді сіз табыңыз, – дейді Қалдарбек Есімбеков.
Бірінші хатшының бұлай деуі орынды болатын. Өйткені, сол заманда автокөлікті аудандық не облыстық атқару комитетінің шешімімен ғана сатып алуға болатын. Онда да автокөлікті бірінші кезекте еңбек озаттарына беруші еді. Ал, өздігінен автокөлік сатып алғандардың қаржыны қайдан, қандай жолмен тапқаны тексерілуші еді. Қалекең осы жағын да ойлаған болуы керек. 
Қолына қомақты қаржы түскен Шәмші  аға Жамбыл облысынан «Жигули» жеңіл автокөлігін сатып алады. Шәуілдірге осы көлігімен келіп, бірінші хатшыға «Жигулиін» көрсетеді. Қалекең құтты болсын айтып қана қоймай, көрімдік те беріпті.
Шіркін, кешегінің кісілері-ай! Жүректері жомарт, көңілдері кең оларды бүгін күндіз шаммен іздеп таба аларсыз ба?!
Қадыр Мырза Әли айтпақшы, таланттарды тірісінде бағалағанға не жетсін! Иә, бүгінде таланттарға құрмет азайып бара жатқаны өкінтеді...

Кеңесбек СЕЙДІМБЕКОВ, 
халықаралық веломарафоншы.
Суретте: жаны жомарт Қалдарбек Есімбеков, 
міне, осы кісі еді.
Пікір қалдырыңыз