«Елге болсын!» деп кетті

Кешегі аштықты да, сұрапыл соғысты да басынан өткерген жандардың өмірдің қадір-қасиеті туралы түсінігі мүлде бөлек. Олар қамшының сабындай қысқа ғұмырды бостан-босқа өткізбей, бүкіл күш-қайраты мен ақыл-парасатын елге пайдалы іс тындыруға жұмсады. Тіршілігінде еліне адал қызмет етудің ерен үлгісін көрсетіп, белсенді өмір салтын ұстанған сондай жандардың бірі Ұлы Отан соғысының ардагері, Созақ ауданының құрметті азаматы, ауданның төбе биі болған, ұзақ жыл жас ұрпақ тәрбиесінде табанды еңбек еткен Жәми Көшеков еді. Сол қиын-қыстау бала кезінен қуғын-сүргін мен жоқшылық тауқыметін көріп өскен Жәмекеңді тар жол, тайғақ кешуге толы өмір жолы шынықтырды  десек болады.      

Созақ елінде ғұмыр кешкен Бисарыдан тараған Битан ұлдары – Жанғазы, Ұзынқазы, Сейiтқазы, Сұлтанғазы, Әбүйiр, Өтеуiш, Көшектер әке дәулетінің арқасында Арқаны кең жайлап, мамыражай тіршілік кешіп жүргенде отызыншы жылғы «Аллаһу» көтерілісі бейбiт елдің төбесінен жай түсіргендей қылады. Қалың ел атамекендерiн тастап, тау асып, құм басып, жан-жаққа босып кетуге мәжбүр болды. Кесапат шалығы Битан әулетiне қатты тиiп, Созақтың мал базарына барған үлкен ұлы Жанғазыны белсендiлер «байдың тұқымы, айта беретiннiң нағыз өзi!» деп ұстатып жiбередi. Осыдан соң Битанның өзге ұлдары да жан-жаққа бас сауғалап қашады. 
Жәми Көшеков сол зобалаңның алдында ғана 1925 жылы дүниеге келген, әлі есі кіре қоймаған бейкүнә бала еді. Әкесі Көшек Созақ көтерілісінен кейінгі қуғын-сүргінде туыстарынан ажырап қалып, «Сызғандағы» қайын жұртын паналап, «Алмалы» ұжымшарына мүше болып кіреді. Оның ұлы Жәми де осы ауылдағы бастауыш мектепті бітіріп, осында балалық шағы өтті. Әуелі әкесі Көшек 1941 жылы, одан кейін 1943 жылы орта мектепті бітірген ұлы Жәми соғысқа аттанды. Әкесі Көшек майданда ерлікпен қаза тауып, Жәми 1279-шы және 309-шы атқыштар полкінің құрамында жауға қарсы соғысып, үш рет ауыр жарақат алады.  Горький облысындағы әскери госпитальда емделген соң әскери комиссия шешімімен ауылға оралды. Майданда көрсеткен  ерлігі  үшін көптеген жауынгерлік орден-медальдармен марапатталды. Анасы Тілеубикемен бірге «Алмалыда» колхозшы болып еңбек жолын жалғастырды. Осында Үмітжан Әбішқызына үйленіп, балалы-шағалы болды. Соғыстан кейінгі жылдары аудандық «Социалды шаруа» газетінде есепші, жауапты хатшы, Созақ аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы, аудандық партия комитетінде нұсқаушы, «Тасты» кеңшары партком хатшысы қызметтерін абыроймен атқарды. Шымкент педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітірген Жәми Көшеков ұзақ жыл Созақ аудандық халық ағарту саласында жемісті еңбек етті. «Тасты» кеңшарындағы Абай атындағы орта мектептің оқу ісінің меңгерушісі, Сызған ауылындағы Ғани Мұратбаев атындағы орта мектептің (1969-1979 жылдары) және Энгельс орта мектебінің  директоры (1979-1982 жылдары), аудандық білім бөлімінің әдіскері болып жемісті еңбек етті.  Жас ұрпаққа тәлім-тәрбие берудегі еңбегі ескеріліп, «Қазақстан Республикасы халық ағарту ісінің үздігі» атанды. Зейнетке шыққаннан кейін де Созақ аудандық мүгедектер қоғамының төрағасы, ауданның төбе биі болып, қоғамдық- әлеуметтік өмірге белсене араласты. Аудан активінде, тамыз мәслихатында, өзге де алқалы жиындарда Жәмекеңнің сөздерін талай естігенбіз. Өңірдің өркендеп-өсуі мен әртүрлі келелі мәселелерді талқылаған  басқосуларда көпті көрген, өмірлік тәжірибесі мол қарияның ойлары мен ұсыныстары жұртшылық көңілінен шығып, ортақ шешімге бастап отыратын. Ауданда тұратын мүмкіндігі шектеулі жандар мүгедектер қоғамын басқарған Жәмекеңе келіп, мұң-мұқтаждарын жеткізетін. Аудан басшыларының алдына мәселе қойған Жәми Көшеков олардың талаптарын орындауға күш салып, тұрғын үй мәселесін шешу мен денсаулығын оңалтуға, қыстық отындарын қамдап, өзге де қосымша жәрдем алуға қол жеткізетін.      
Созақ топырағында туып-өсіп, жоғары педагогтік мамандық алып, барлық саналы ғұмыры мен білім-қабілетін ауданның өсіп-өркендеуіне жұмсаған, халқымен қоян-қолтық араласа жүріп,  ерлік пен ерен еңбектің үлгісін көрсеткен Жәми Көшеков 2009 жылы ақпан айында өмірден озды. Кешегі майдангер, бейбіт еңбекте де ардақты ардагер болып, көпшілікке шапағаты тиген Жәми Көшековтің еңбегін туып-өскен елі ұмытпайды. Жуырда Созақ ауданы, Сызған ауылдық әкімдігінің бір топ тұрғындары – «Қазақстан Республикасы халық ағарту ісінің үздігі», ауыл мектебінде мұғалім, директор болып ұзақ жыл еңбек еткен М.Шоңбаев, ауыл ақсақалдары, еңбек ардагерлері Ә.Баймағанбетов, Ж.Жұмаділов, С.Жүсіпәлиева, А.Қалмұрзаев, Ш.Әбішов, Б.Жұбаев, «Батыр аналар» Н.Жұмаділова, А.Бөрғазиева, Т.Қалдыбекова, «Басбұлақ» бастауыш мектебінің меңгерушісі Э.Дүйсенова бастаған мұғалімдер  (барлығы 117 адам қол қойған) өздері тұратын Басбұлақ елді мекеніндегі шағын жинақы бастауыш мектепке Ұлы Отан соғысының ардагері, халық ағарту ісінің үздігі, Созақ ауданының құрметті азаматы, аудандық мүгедектер қоғамының төрағасы және төбе биі болып, абыройлы қызмет атқарған Жәми Көшековтің есімін беру туралы бастама көтерді. Ауыл тұрғындарының өтініш-талабын – Сызған ауылдық округі, Қозмолдақ елді мекені ардагерлер кеңесі мен бастауыш мектеп педагогикалық кеңесі жиындарының ортақ шешімге келген хаттамасын Созақ ауданының әкімдігіне табыс етті. Бірақ, ауыл тұрғындарының өтініш-талабына байланысты 2023 жылдың басында: «ҚР Президенті Әкімшілігінің 2017 жылғы 28 ақпандағы №17-388-5 тапсырмасына сәйкес тарихи атауларды жаңғырту мақсатында идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулар мен қайталанатын атауларды тарихи жер-су атауларына алмастыру, сондай-ақ, объектілерге, әкімшілік-аумақтық бірліктер мен олардың құрамдас бөліктеріне кісі есімдерін беруге мейлінше шектеу қойылғандықтан Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан ортақ тарихи сананы қалыптастыру мақсатында «Тарихи тұлғалар» мен «Тарихи жер-су атаулары» тізімдері әзірленіп, ҚР Президенті Әкімшілігімен келісіліп, ол жұмыс барысында басшылыққа алынып отыр. Осыған орай сіздер ұсынып отырған тұлғаның осы тізімде кездеспеуіне байланысты ономастика комиссиясының қарауына енгізуге мүмкіндік жоқ екенін хабарлаймыз» деген жауап алады. Ауыл тұрғындарының бұл жауапқа көңілдері толып отырған жоқ. «Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ, олардың атауларының транкрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидаттарымен бекітіледі» деген «Онамастика туралы заң» талабы неге ескерілмейді?» дейді олар. Ауыл тұрғындары көтеріп отырған Сызған ауылдық әкімдігіне қарасты елді мекен Басбұлақ атанса, ондағы бастауыш мектептің де  атауы «Басбұлақ» болып қайталанып келеді. Осыған орай ардақты азаматтың іскерлігіне көздері жетіп, кезінде сыйласқан, соңына өшпес із қалдырған Ұлы Отан соғысының ардагері, Созақ ауданының құрметті азаматы, төбе биі болған Жәми Көшековтің есімін «Басбұлақ» елді мекеніндегі бастауыш мектепке берілуін орынды әрі лайықты деп санайды. Жастайынан майданда, одан кейінгі бейбіт өмірде адал еңбегімен еліне танылған соғыс және еңбек ардагері Жәми Көшековтің өмір жолы кейінгі ұрпаққа өнеге болары анық. 

Өтеш ҚЫРҒЫЗБАЕВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.
СУРЕТТЕ: Жәми КӨШЕКОВ.

Пікір қалдырыңыз