Өскелең ұрпақты ел ісіне баулу – өте маңызды мәселе

Сайлаушылар өзінің мұң-мұқтажын білетін және мүддесін
қорғай алатын азаматтарға дауыс берді. Бұл туралы Парламент палаталарының
бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
«Еліміздің жастары әрдайым менің айрықша назарымда
екені баршаға мәлім. Мен билікке ойы озық, білімді жастар келуі керек деп үнемі
айтамын. Өскелең ұрпақты ел ісіне баулу – өте маңызды мәселе», - деді Мемлекет
басшысы.
Өскелең ұрпақ тәрбиесі ұлт болашағы үшін аса
қажетті жұмыс. Бекерден ата-бабаларымыз «Ел болам десең, бесігіңді түзе»
деп айтпаған. Сондықтан да өскелең ұрпақты жан-жақты, білімді, өзіндік
көзқарасы қалыптасқан, сыни тұрғыдан ойлай алатын, өздігінен шешім қабылдай
білетін, рухани құндылықтарды бойына сіңірген, өресі жоғары тұлға етіп
тәрбиелеу – мемлекетіміздің басты міндеті, ата-ананың парызы, білім беру саласы
қызметкерлерінің борышы. Бүгін қандай ұрпақ тәрбиелесек, ертеңіміз сондай
деңгейде болары анық.
ХХІ ғасыр – білімділер ғасыры. «Білекті бірді жығар,
білімді мыңды жығар» демекші, білімді ұрпақ болашақтың тұтқасына ие болары
анық. Заңғар жазушы М.Әуезов: «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін
нәрсе – білім», – деген еді. Еліміздің жарқын болашағының кепілі – білімді
ұрпағымыз көп болсын.
Жанар ТЕМІРБЕКОВА,
Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ ректоры.