Жеке сот орындаушыларға шағым көп

Облыстық әділет департаменті өткен жылы халықтың құқықтық мәдениет деңгейін көтеру мақсатында 2000-нан астам іс-шара ұйымдастырып, мемлекеттік қызметтің 11 түрі бойынша өңір тұрғындарына 2939 қызмет көрсеткен. Департамент басшысы Мұхит Тұрғараев осы және өзге де атқарылған жұмыстар туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында баяндап берді.

 – Қазіргі таңда Түркістан облысы бойынша 197 нотариус, 172 адвокат, 201 заң кеңесшісі жұмыс істейді. Нотариаттық іс-әрекеттердің заңдылығына және нотариаттық іс жүргізу ережелерінің сақталуына қатысты 8 мәрте тексеру жүргізіліп, нәтижесінде әртүрлі негіздер бойынша 1 нотариустың, 3 адвокаттың лицензиясы тоқтатылды. Бүгінде облыстағы барлық аудан, қалалар адвокаттық қызметпен қамтылған. Түркістан облысының жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының тәртіптік комиссиясы былтыр 134 жеке сот орындаушының жұмысына жоспарлы тексеру жүргізіп, 102 жеке сот орындаушының тәртіптік жауапкершілігін қарады. Комиссияның қорытындысы бойынша 1 сот орындаушы лицензиясынан айырылса, 30 жеке сот орындаушының тәртіптік жауапкершілігі қаралу үстінде, – деді Мұхит Бекетұлы.

Жалпы, облыстық әділет департаменті 2023 жылы Президент атап көрсеткен бірқатар басым бағыттарға қол жеткізуді көздейді. Оның ішінде Әділет министрлігінің 2023-2027 жылдарға арналған даму жоспарының орындалуы бойынша нысаналы индикаторлардағы межелі көрсеткіштер бар.

Айта кетейік, әділет органдарына қатысты мәселелер бойынша және адвокаттардың, нотариустардың, жеке сот орындаушылардың іс-әрекеттеріне қатысты барлық құқықтық мәселелер бойынша азаматтар Әділет министрлігінің Құқықтық ақпараттық қызметіне 119 нөмірі бойынша жүгіне алады. 

Б.Мейірханұлы.

Пікір қалдырыңыз